∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы

Қолжазбаның атауы
Зарқұм қиссасы / زارقۇم قىسساسى
Қолжазбаның жанры
Діни дастан.
Қысқаша мазмұны
Қиссада яһуди патшасы Зарқұм мен Мұхаммед пайғамбар бастаған мұсылмандар арасындағы діни соғыс баяндалады. Майдандағы негізгі оқиғалардың бірі – Пайғамбардың күйеу баласы Ғали мен яһуди батыры Жанобілдің жекпе-жегі. Кейін Жанобіл ислам дінін қабылдап, өз әкесіне қарсы соғысады. Мұсылмандар саны аз болса да, Аллаға деген сенімінің арқасында жеңіске жеткені шығармада айқын көрсетіледі.
Қолжазбаның атауы
Жосалы батыр мен Қармақшы ата
Қолжазбаның жанры
Қаһармандық дастан.
Қысқаша мазмұны
Бір бала әкесі мен шешесі өлгеннен кейін жалғыз өзі жетім қалады. Сыр бойын жағалап, аш жүрген кішкене баланы үш жасқа дейін Дихан ата мейізбен асырап өсіреді. Осылай жүріп ол аңшыларға жолығып, олардың кәсібін үйренеді. Бір күні Қармақшы атаға жолығып, осы кісінің қолында тұрақтайды. Жосалы он екі жасында аңшылықта жүріп, арыстан мен құлан атып алып, барлық кедейлерді жинап алып әбден тамаққа тойғызады. Риза болған олар Жосалыға батыр деген атақ беріп, «өзіңе ат сатып ал» деп ақша жинап береді. Олардың жинаған пұлын алып, Жосалы базарға келеді. Осы жерден өзіне ат сатып алып, еліне оралады. Кейін Қармақшының таңдап берген қалыңдығы – Күлзираға үйленеді.
Қолжазбаның атауы
Жетім Мәриям / جەتىم ماريام
Қолжазбаның жанры
Ғашықтық дастан.
Қысқаша мазмұны
Дастанның оқиғалар желісі малға сатылып, сүймеген адамға әйелдікке барған Мәриямның трагедиясын баяндауға құрылған. Мәриям әке-шешесінен жастай жетім қалып, әкесінің інісі Нұрқанның қолында өседі. Нұрқан мол қалыңмал алып, Сүлеймен деген кісінің жарымжан, ақыл-есі кем баласына Мәриямды ұзатып жібереді. Ол жақта сан қорлық көрген Мәриям еліне қайтып келеді. Ғалым деген жігіт Мәриямға ғашық болып қалады. Бірақ екі жастың бас қослуына көп кедергілер жасалады. Мәриям сүйген жарынан тірідей айрылып, қайғы-қасіретке ұшырап, жүрегі жараланған Мәриям өмірден өтеді.
Қолжазбаның атауы
Жетім Жалғас тарихы / جەتىم جالغاس تارىخى
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан.
Қысқаша мазмұны
Бұрын Жалғас деген жетім өтіпті. Оның әкесі Отарбай өмір бойы Бұқарбай байдың жылқысын бағады. Байдың сараңдығына ызаланған Отарбай көз жұмарда артында қалып бара жатқан жеті жасар Жалғасқа байдан кек алуды тапсырады. Байдың тоқалынан туған Айжан атты бойжеткен Жалғасқа ғашық болады. Жалғас байдың жылқысын бағып жүргенде, Айжан оған көңілін білдіріп, «Екеуіміз бірге қашайық», – деп ұсыныс айтады. Тоқтай бай Айжанды Сақпан атты ұлына атастырады. Уәделі күні Сақпан Айжанды алып кетіп бара жатқанда, жылқы бағып жүрген Жалғас алдынан шығады. Екеуі төбелесіп, Жалғас жеңіп шығады да, Айжанды тауға алып кетеді. Екі бай ақылдасып, оларды ұстауға он бес жігіт жібереді. Жалғас пен қасындағы екі жігіт мылтық атып, қуғыншыларды қашырып жібереді. Болыс уезден қырық солдат алдырады. Олар Жалғастарды ұстап алады. Алайда басшысы Игорь Жалғасқа жаны ашып, оны қамауға алмайды. Оны уезден сұрап алып, үйінде ұстайды. Игорьдің бастамасымен кедейлер топтаса бастайды. Олар байлардан кек алмақ болады. Кейін большевиктер келіп, байларды қырып, жарлыларға теңдік алып береді.
Қолжазбаның атауы
Жетім Көдек.
Қолжазбаның жанры
Хикалық дастан.
Қысқаша мазмұны
Ағайынды Бақыт пен Сағыттың әкесі өлгеннен кейін көрген бейнеттері суреттеледі. Дастан Бақыттың патша тағына отырып, мұраттарына жетуімен аяқталады.
Қолжазбаның атауы
Жетім бала Жебір уәзірі.
Қолжазбаның жанры
Хикалық дастан.
Қысқаша мазмұны
Халқына зорлық қылып, дүре соғып малын алатын хан мен оның уәзірі Мұрсаппас пен зорлық, жәбір көрген жетім ұл арасындағы оқиға баяндалады. Әкесі өлген соң жалғыз сиырын базарға сатуға келгенде Мұрсаппас оны алдап үйіне әкеп, бар ақшасын тартып алып, дүре соғады. Жетім бала кемпірдің ақылымен алты уәзір мен хан қызын өлтіріп, «қыз» бейнесінде Мұрсаппасқа келіп оны торға түсіреді. Әбден сабап алған соң, «дәрігермін» деп тағы келіп өлімші етіп сабап, ақыры өлтіреді. Кейін ханды да қолға түсіреді. Өзінің ақылдылық, көрегендік пен қулығының арқасында оның қызы мен тағына ие болады.
Қолжазбаның атауы
Жеті Ашық.
Қолжазбаның жанры
Хикалық дастан.
Қысқаша мазмұны
Төрт өнерлі жігіт ағаштан қыздың мүсінін жасайды. Оған киім тігеді, әшекейлейді. Құдайдан жан бітіруін тілегенде, мүсін тіріліп, сұлу қызға айналады. Қызға төрт жігіт, жолда кездескен екі адам мен хан таласып, дауды шешу үшін төрт жүз жастағы қарияға жүгінеді. Қария мен сопының сөзінен кейін қыз өтірік айтқандарға теріс бата беріп, қайтадан ағаш қалпына түседі.
Қолжазбаның атауы
Жетім Құбыл / جەتىم قۇبىل
Қолжазбаның жанры
Хикалық дастан.
Қысқаша мазмұны
Жетім қалған Құбыл Армұз шаһарының патшасы Қалетшеден қорлық көреді. Сыдық пен Ғасыр уәзірлердің көмегімен зынданнан қашып құтылады. Қалетше жау келе жатқанын естіп, тауға қашады. Жау Армұз қаласын ұрыссыз басып алады. Тауда қаңғып жүрген Қалетше келе жатқан Құбылды танып, одан кешірім сұрайды. Құбыл Иран батырымен айқасып, жеңіске жетеді әрі дінді қабылдайды. Кейін Қалетше патшаның қызы Күләнтайға үйленіп, мұратына жетеді.