Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Қасым әпенде деген кісінің хикаясы
Қолжазбаның жанры
Аңыз әңгіме
Қысқаша мазмұны
Ертеде Қасым деген өте бай адам болыпты. Жастайынан баққаны ит болып, өмірі әйел алмай , сол итті асырайды. Иттің атын «Алып кел» деп қояды. Итін жақсы көріп, өзі ішіп отырған асын тең бөліп береді екен. Бір күні иті өліп қалып, көп жасын төгеді. Итті жуып, ақ матаға орап, мешітке келеді. «Дүниеден бір жолдасым сапар етті» деп, молдаларға көп ақша беріп, жаназасын шығартады. Итті мазарға қойып жатқанда, иттің құйрығы матадан тесіп, сыртқа шығып кетеді. Мұны көріп шошынған молдалар «Бұл не пәле?І» деп, шариғат қазысына тапсырады. Қазы Қасымды дарға асуға бұйрық береді. Қасым иттің жақсы қасиеттерін айтып, қазыны да сатып алады. Қазы итке жаназа шығарады.
Қолжазбаның атауы
Ілиястың простопқа айтқаны
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
1916 жылдың күзінде Спасс зауытының атақты саудагер байы Сейітқамалұлы Әбубәкірдің үйінде болған үлкен бас қосуда Соколов деген приставқа Ілияс деген ақын жігіттің айтқан ысқақ өлеңі баяндалады. Ол жиында Спасстың болысы – Тәтидің Оспаны, елдің қасқа мен жайсаңдары жиналған. Қазақша судай білетін Соколовты Ілияс жігіт өлеңмен қағытып, шындықты бетіне басады.
Қолжазбаның атауы
Ілияс айтқан екі өлең
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
1912 жылдары мыс қорытатын заводта засипчик болып істеген баяндаушының көргендері айтылады. Лапылдап жанып жатқан оттың қасында жүріп еңбек атқарған жігіттердің жалақысы төленбей, ақылары желініп жүргенде Түсіпбек дейтін ағайдың замандасы Ілиястың бір күні осы жағдайға байланысты жеркепеде әңгіме-дүкен құрып отырған жігіттерге айтқан өлеңі келтіріледі.
Қолжазбаның атауы
Ысқыру үшін тіс керек
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Қолжазбада Қақы қарияның бала күнінде тілазар, тентек болғаны туралы айтылады. Жұмсаған адамға ол әйтеуір бір жауап тауып айтады екен. Бір күні әкесі Қақыны ат суғарып келуге жұмсайды. Баласы ат суғара алмайтынын айтады. Неге екенін сұраған әкесіне «күрек тісім түсіп қалған» деп жауап береді. Әкесі ат суғаруға тістің не керегі бар екенін айтып, ұрсады. Сонда Қақы бұл сөзге де жауап тауып кеткен екен.
Қолжазбаның атауы
Ырзаекең ( Ырыздықбай Тілеуберлин) ақсақалдың әңгімесі
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Мәтін үш әңгімеден тұрады. Бірінші әңгімеде әрі би, әрі батыр, әрі емші Тышқанбай туралы әңгіме болады. Тышқанбай Абайдан бір мүшелдей үлкен және оның төріне шықса, оң тізесінен орын алып, Абаймен қатар отырып, тең сөйлесетін сыйлас қадірлі адамы екен. Екінші әңгімеде Тышқанбайдың 59 жасында қайтыс болғаны айтылады. Оған Абайдың себепті жағдаймен бара алмағаны, Абайдың бірде жолы түсіп келгенде көңіл айқаны әңгіме болады. Үшінші әңгімеде Тышқанбай батырдың көзі тірісінде батылы жетіп, тісі батпайтын ұрылар Тілеуберлінің апайы Шоланның айғырын алып кеткені, Тілеуберлі қасына жолсерікке ауылдастарын алып жоқ іздеуге аттағаны сөз болады. Жоқшылар Құйылыста тұрған айғырды танып, биліктің Тәкежанда болып, ол билік айтпақ түгілі олардың сәлемін де алмағаны баяндалып, одан күдерін үзген Тілеуберлілер Абайға жүгінбек болғаны әңгіме болады.
Қолжазбаның атауы
«Шіңи-шіңи» дегенің…
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Бір байдың тоқалы сақау әрі аңқау, бәйбішесі қатал, қу болған көрінеді. Бәйбіше тоқалды тамақтан қағып, күн көрсетпейді екен. Мұны білетін бай тоқалын аяп, бір күні ет турап отырып, оған «сіңір» деп еттің майлы жерінен кесіп береді. Етті турап бола бергенде, тағы да тоқалына сіңір деп май беріпті. Аңқау тоқалы «шіңи-шіңи дегенің шиқа-шиқа май ғой» деп, байдың қулығын ашып қойыпты.
Қолжазбаның атауы
Шоңның үйінде
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Төлебай сал халық арасында белгілі сөз тапқыш, шешен адам болған көрінеді. Бір жылы ағайындарына көшем деп, өзі үйренген жерін қимай көшпей қалыпты. Бірде Шоңның үйіне барса, оның қасында отырған билер мұны мысқылдап, неге көшпегенін сұрайды. Сонда Төлебай «Басшысы жаман ел бүлінеді, ұлығынан әділдік тайса, елі иттей ұлып, күшіктей үретінін» айтып, сөз түйінін билерге тіреген екен.
Қолжазбаның атауы
Шоңның сәлемдемесі
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Шоң мен Шорман араларында түйе де, бие де жүретін тату достар болған екен. Бірде Шорманның орнына баласы Мұстафаны болыстыққа қоймақшы болып, ақыл-насихатын тыңдап қайтсын деп Шоңның ауылына екі-үш жігітімен қосып жібереді. Шоң Мұстафаны ыстық ықыласымен қарсы алып, төрт күн қонақ қылып, бір інген жетелетіп, қолына хат бергізіп жібереді. Хатты ашып оқыған Шорман баласының әлі де болса шала екенін біліп налыған екен.