Мәмбетұлы Атаубай (1932-1973) – ақын, жыршы, термеші, сазгер. Қарақалпақ АССР-і, Қоңырат қаласында туып-өскен. Жас кезінен өлең-жырға, ән мен өнерге құмар болып, өміріне серік еткен. Ол Қоңырат қаласындағы қазақ орта мектебінде белгілі ақын Төлеген Айбергеновпен бірге оқыған. 1952 жылы Нөкістегі қарақалпақ педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне түсіп, оны үздік бітіреді. Институттан соң Қоңыраттағы М.Горький атындағы орта мектепте мұғалім болып, кәсіподақ ұйымдарында қызмет істеген. Мәмбетұлының “Жаралғалы бұл дүние”, “Қалам алып хат жаздым”, “Досыңнан жазатайым сөз естісең” т.б. термелері және сөзін де, әнін де өзі шығарған “Шынар-ай!”, “Көкшетау”, “Іңкәр-ау!”, “Дейді екендер, дейді екен!” деген шығармаларын және бірнеше көлемді жыр үлгілерін қалдырған.