∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы

Қолжазбаның атауы
Алпамыш батырдың қиссасы
Қолжазбаның жанры
Эпос
Қысқаша мазмұны
Байбөрі жалғыз ұлы Алпамысқа Шекті руынан шыққан Сарыбайдың қызы Күлбаршынды айттырады. Сарыбай қыз бермеймін деп көшіп кетеді. Барған жерінде қалмақты Қараман деген батыры Күлбаршынға үйленемін деп әуреге түседі. Алпамыс ержетіп, Байшұбарға мініп Күлбаршынды іздеп шығады. Қалмақ батыр Қараманмен соғысып, оны жеңіп Күлбаршынды алады. Сосын Тайшыққа қарсы аттанады. Ер бала туса атын Жәдігер қойыңдар деп тапсырады. Алпамыс жолда Жалмауыз кемпірдің алдауымен зынданға түсіп жеті жыл жатады. Тайшық ханның қызы Қаракөзайым Алпамысқа ғашық болып зынданнан шығарады. Елде қалған Байбөрінің Күлтай деген күңінен туған баласы Ұлтанқұл Алпамыстың әке-шешсіне, баласына зорлық жасап, Күлбаршынға үйленбек болып, баласы Жәдігерді көкпар орнына тартқызбақ болып жатқанда Алпамыс елге келіп, Ұлтанқұлдан кегін алып, барша мұратына жетеді.
Қолжазбаның атауы
كورۇعلى سۇلتاننىڭ اۋازحاندى العان ساپارى / Көрұғлы сұлтанның Ауазханды алған сапары
Қолжазбаның жанры
Батырлық жыр
Қысқаша мазмұны
Қызылбастың ханы Шағадат Үргеніш қаласының бегі Раушанбекті ұстаттырып алдырады да базарда құл ретінде сатып жібереді. Оны Ғаждамбек деген түрікмен сатып алады. Раушанбек Ғаждамбектің қызы Ақанайға үйленеді.Раушанбек сыншы екен. Ханның тапсыруы бойынша малдарды дәл сынап шығады. Енді ханды сынаған кезде хан Раушанбектің көзін ойып алады. Ғаждамбек пен Раушанбек бір тұлпар ат сатып алып, соған мінгесіп қашады. Аман-есен түрікмен еліне жетеді.
Қолжазбаның атауы
Ноғайлы Қара қыпшақ Қобланды батыр
Қолжазбаның жанры
Батырлар жыры
Қысқаша мазмұны
Ноғайлыда Қыдырбай деген бай, оның Қарашаш атты әйелі болады. Көрші бір хан баласыз Қыдырбайды тойға шақырып, «қубас» деп қорлайды. Қыдырбай соған қапаланып үйіне қайтады. Бұлар әулиеден бала тілеп, дүние кезіп кетеді. Тілектері қабыл болып, Қарашаш бір ұл, бір қыз туады. Қыздың атын Хансұлу, ұлдың атын Қобланды деп қояды. Қобланды бес жасында атқа мінеді, жылқы бағады. Ол жылқы бағып жүріп, бірнеше рет түс көреді, соның бәрінде қатты айғай-шу естиді. Мұның мәнісін әкесінен сұрайды. Шал алғашқыда дұрысын айтпаса, келесіде шынын айтады. Біздің күн шығысымызда Көклән деген кемпір бар, оның Құртқа атты қызы бар. Сол қыз күйеу таңдап отыр. Кімде-кім садақ оғымен қара тасты қақ айырса, соған тием деп шарт қойған. Ол шартты ешкім орындаған емес. Естіген айғай-шу қыздан дәмеленіп келген жігіттердің даусы дейді. Қобланды ер жеткен соң, әке-шешесінен рұқсат алып, Көкләннің еліне аттанады. Қобланды қара тасты қақ айырады да, Құртқаға үйленеді. Құртқаға ғашық болып жүрген Қара дәуді жеті күн соғысып жеңеді. Құртқаны алып, еліне қайтады. Жолда Қыдырбайдың көп жылқысына кездеседі. Жылқы ішінен кербиені Құртқа қайын атасынан көрімдікке сұрап алып, одан туған Құлынды Құртқа өзі баптап баға береді. Құртқаға ғашық Алшағыр Қобландыны алдап, қонаққа шақырып, өлтірмекші болады. Қобландының мініп барарлық аты болмай дағдарады, Құртқаның батырға арнап бір тұлпарды бағып отырғанын білмейді.
Қолжазбаның атауы
Қобланды
Қолжазбаның жанры
Батырлар жыры
Қысқаша мазмұны
Қалың қыпшақ елінің қариясы Қыдырбай түс көреді, оны кемпірі жақсылыққа жориды, екі бала туып, ұлының атын Қобланды, қызының атын Хансұлу қояды. Қыдырбай ауыл-аймағын жинап, үлкен той жасайды. 9 жасқа келгенде, көрші елдегі айғай-шуды естіп, жорыққа аттанады. Кербиенің құлындауы, құлдардың Қобландыға берген кеңесі, Құртқаның тұлпарды баптап күткені, тұлпардың аспанға ұшып, Құртқаның шақыруымен қайта оралғаны, Сәтемір ханның қырық жігітті азғыруы туралы көптеген қызықты әңгіме шертіледі. Қобланды ноғайлыдан қырық жігітті ертіп шығып, жорыққа аттанады. Жиырма жігітті өлтіріп, жиырмасын жаралап, Сәтемір ханның алдынан әдейі айдап өтеді. Қобланды Қараманмен кездесіп, оны жеңеді, қалмақ ханы Қозғалмасты шабады. Бұл кезде Сәтемір хан Алшағырды азғырып, Қобландыға қарсы қояды. Алшағыр Қобландының әкесі Қыдырбайды өлтіріп, ауылын шауып кетеді. Мұны естіген Қобланды Сәтемір мен Алшағыр ханға қарсы аттанып, ел-жұртын азат етіп, мұратына жетеді.
Қолжазбаның атауы
Қобланды батыр жыры
Қолжазбаның жанры
Батырлар жыры
Қысқаша мазмұны
Қалың қыпшақ елінің қариясы Қыдырбай түс көреді, оны кемпірі жақсылыққа жориды, екі бала туып, ұлының атын Қобланды, қызының атын Хансұлу қояды. Қыдырбай ауыл-аймағын жинап, үлкен той жасайды. 9 жасқа келгенде, көрші елдегі айғай-шуды естіп, Алатайға мініп, жорыққа аттанады. Суап хан жайында, Кербиенің құлындауы, құлдардың Қобландыға берген кеңесі, Құртқаның тұлпарды баптап күткені, тұлпардың аспанға ұшып, Құртқаның шақыруымен қайта оралғаны, Сәтемір ханның қырық жігітті азғыруы туралы көптеген қызықты әңгіме шертіледі. Қобланды ноғайлыдан қырық жігітті ертіп шығып, жорыққа аттанады. Жиырма жігітті өлтіріп, жиырмасын жаралап, Сәтемір ханның алдынан әдейі айдап өтеді. Қобланды Қараманмен кездесіп, оны жеңеді, қалмақ ханы Қозғалмасты шабады. Бұл кезде Сәтемір хан Алшағырды азғырып, Қобландыға қарсы қояды. Алшағыр Қобландының әкесі Қыдырбайды өлтіріп, ауылын шауып кетеді. Мұны естіген Қобланды Сәтемір мен Алшағыр ханға қарсы аттанып, ел-жұртын азат етіп, мұратына жетеді.
Қолжазбаның атауы
Қобландының баласы Жетімтай мен Жетімек туралы жыр
Қолжазбаның жанры
Батырлар жыры
Қысқаша мазмұны
Қобланды батыр өлген соң, оның елін қалмақ ханы Алшағыр, Бабахан шауып, Құртқаны алмақ болады. Құртқа жолда босанып бір ұл, бір қыз табады. Қалмақтардың бұйрығы бойынша балалар айдалада қалады, оларды бір киік сүтімен асырайды. Бір жылдан кейін балаларды Көкше дейтін ноғай батыры тауып алып, өзіне бала етеді. Ұлдың аты – Жетімтай, қызды Жетімек деп атайды. Жетімтай ер жетіп, шешесінің жау қолында екенін біліп, оны босатып алу үшін жорыққа шығады. Жетімтай жауын жеңеді де, Құртқаны еліне алып қайтады.
Қолжазбаның атауы
Қобланды батыр жыры
Қолжазбаның жанры
Батырлар жыры
Қысқаша мазмұны
Қыдырбай деген бай қартайған шағына дейін баласыз болады, соған қайғыланады. Содан кейін бұлар Құдайдан бала тілеп, дүние кезеді. Олардың тілегі қабыл болады. Бір ұл (Қобланды), бір қыз (Қарлығаш) туады. Қобланды ер жетіп, көрші елде тұрушы Көклән кемпірдің қызы Құртқаға үйленеді. Құртқа батырға торы тұлпарды күтіп өсіреді. Осы кезде елін шапқан жаумен соғысып, Қобланды оларды жеңеді. Қалмақтар жолда дем алып ұйқыда жатқан Қобландыны байлап алып, өздерінің ханы Қандыаюға апарады, зынданға салып тастайды. Бұл жайды Құртқа біліп, хан ордасына диуана болып келіп, Қобландыны зынданнан босатып алады. Қобланды Қандыаюды жеңіп, еліне қайтады.
Қолжазбаның атауы
Қара қыпшақ Қобланды батыр
Қолжазбаның жанры
Батырлар жыры
Қысқаша мазмұны
Тоқтарбай мен Аналықтан Қобланды мен Қарлығаш туады. Ер жеткен Қобланды Көкләннің қызы Құртқаның шарттарын орындап, оған үйленеді. Кейін Қараманмен бірге жорыққа аттанып, Қазан батырды жеңеді. Көбіктінің жылқысын айдап әкеткен екі батыр қолға түсіп, зынданға қамалады. Көбіктінің қызы Қарлыға Қобландыға ғашық болып, оларды тұтқыннан босатады. Қобланды Көбіктіні жеңіп, елін шапқан Алшағырдан кек алады. Жорық барысында Қарлыға да ерлік көрсетеді. Қобландының Құртқадан туған ұлы Бөкенбай Шошай ханның әскерін жеңіп, жараланған әкесін құтқарады. Соңында Қарлыға Қобландыға қосылып, одан Киікбай атты ұл туады. Батырлар жауын жеңіп, ел-жұрты мұратына жетеді.