∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Мырзаш батыр

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Мырзаш батыр
3. Авторы (Айтушы)
Ниязбек Қыдырмоллаұлы – жыршы. Оның өмірі туралы жеке биографиялық деректер сақталмаған. Зерттеушілер «Мырзаш батыр» тарихи жырының Ниязбек Қыдырмоллаұлынан жазылып алынған нұсқасын ең толық және көлемді нұсқалардың бірі ретінде бағалайды (жырдың С.Нұралин және Е.Ахметов нұсқасы да бар).
4. Жинаушы, тапсырушы:
Жыршы Н. Қыдырмоллаұлы 1981 жылы тапсырған.
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
1981 жылы, 4-мамырда жазылған.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
874
8. Бет, жол саны, өлшемі
201; 19; 16,5х20,4; 10,5х18
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Тор көзді қалың дәптерге қара сиямен кирилл әрпінде жазылған.
10. Қолжазба графикасы
Кирилл әрпінде
11. Жанры
Тарихи жыр
12. Қысқаша мазмұны
Қалмақтың басшысы Байыр жыл сайын халықтан мың бас мал жинап, оны тоғыз ұлына бөліп беріп отырған. Кедейлердің көбейіп, көтеріліс жасауынан қауіптенген ол ақылшысы Марқалдайдың кеңесімен оларды қазақ еліне шабуыл жасауға жұмсайды. Алдын ала жіберілген жансыздар қазақ елінің бейбіт тұрмысын бақылап келген соң, он мың кедей қазақ жеріне аттанады. Қанды шайқаста қазақтар жауды кері қайтарғанымен, қалмақтар біраз малды айдап әкетіп, Гүлсім мен Ғайша есімді екі қазақ қызын тұтқынға алады. Алайда қыздар айламен қолдарын шештіріп, түнде қашып шығып, елдеріне аман оралады. Қыздарды жоғалтқан сарбаздарын Байыр дарға асып, кедейлерден құтылғанына қуанады. Ал қазақ елі жау шапқыншылығы, қатал қыс пен қасқырдың кесірінен ауыр жағдайға тап болады. Осы кезде Санияз елінің басшысы Шотан төре халықты кеңеске шақырып, жауға қарсы аттануға үндейді. Мырзаш батыр елдің рухын көтеріп, Байырға алдымен Садырбай батырды елші етіп жібереді. Қазақтың малын қайтаруды талап еткен бітім ұсынысынан Байыр бас тартқан соң, екі жақ арасында шешуші шайқас басталады. Ұрыста Мырзаш батыр Байырды өлтіріп, кейін қашқан Марқалдайды да қуып жетіп жояды. Осылайша қазақ жасағы жаудан кек алып, ел намысын қорғайды.
13. Басы:
Жазайын бір әңгіме тағы бастап, Кезекті игі ісімді кетпей тастап.
14. Соңы:
Жарандар, разы бол енді маған, Әзірше сөз аяғын тоқтатайын.
15. Қосымша мәлімет
Қағаздары сарғая бастаған. 1, 2, 3, 4, 184, 187 беттерде шумақтардың үсті сызылып, өшірілген.
16. Сандық көшірменің болуы
17. Сипаттаманы дайындаған:
Жұмашай Рақыш