∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы

Қолжазбаның атауы
Аңқауды алдаған айлакер
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Аңқау мен айлакер адам бірге қызмет істейтін жолдас болады. Бір жылы екеуі соғымға бір семіз сиыр сатып алып, көшемен жетелеп келе жатады. Аңқау малдың арық-семізін айыра білмейді екен. Соғымдық малды қыс түсіп қалған соң амалсыз алғанын айтады айлакер. Өзіне көже-қатық боларлық семіз ет керегін айтып, аңқау үйіне бұрылып кетеді.
Қолжазбаның атауы
Аңқау мен қулықшы
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Бір кедейдің үлкен ұлы жылпос қу болса, кіші ұлы аңқау екен. Қара өгізі мен буаз қызыл сиыры болыпты. Бір күні үйінде ішетін асы да бітіпті. Шыдамы аз аңқау «қызыл сиыр да бұзауламады-ау» дегенде қу ағасы аштығын білдіртпей ата-анасының көңілін ауламақ болады. Көріп келмек болып қораға шығып кеткен ағасы үйге асыға кіріп, қара өгіздің бұзаулағанын айтады. Аңқау қораға жүгіріп барып қайтып келеді, сонда ата-анасы күліп жібереді.
Қолжазбаның атауы
Анасы несі, мынасы несі?
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Тобықтыда Қойлыбай деген бай ұрыларына төңіректен мал алдырады екен. Абай сол үйге келсе, Қойлыбай Құран оқып отырады. Сонда Абай: «Анасы несі, мынасы несі?» депті. Сонда Қойлыбай: «Анауым – менікі, мынауым – ананікі» деген. «Анауым» мынанікі дегенім – ұрлығым, бұл дүниенің қамы. Ал мынауым ананікі дегенім – о дүниенің қамы деген екен.
Қолжазбаның атауы
Алтын көрсе…
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Бір бай мен бір кедей көрші тұрыпты. Байдың бәйбіше, тоқалы бар. Құлы мен күңі де бар. Балалары жоқ. Бай байлығын ойлап күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ. Көрші балаларымен ойнап, барын ішіп, мәз-мейрам. Содан бай кедейден неге мәз болатынын сұрағанда, кедей үйінде үш алтыны мен төрт күмісін бір-біріне лақтырып ойнайтынын айтыпты. Бай үйіне келіп, бәйбішесі, тоқалы үшеуі алтын-күмісін бір-біріне лақтырады. Еш күлкі жоқ, қайта алтынды біреу-міреу көріп қоймады ма деп зәресі ұшады. Байдың бәйбішесі кедейдің алтын-күміс дегені балалары екенін түсінеді де, бір күні кедейді шақырып, бір алмадай алтынын, күмісін береді. Кедей алтын мен күмісті алғаннан үйінен береке қашады. Алтынды ұры-қары кеп алып кетеді ме деп қорқып жүреді. Үйіндегі күлкі де тыйылады. Содан алтын мен күмісті бәйбішеге қайтарып, үйіне күлкі оралған екен.
Қолжазбаның атауы
Алтын көрсе…
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Бір ақсақал қатты сырқаттанып, туған-туыстары имансуын бермек болады. Сол уақытта үй іргесінен өтіп бара жатқан әдемі қызды көрген жұрт: «Шіркін-ай, мына қыздың әдемісін-ай! – деп тамсанады. Әл үстінде жатқан қарт құлағы елең ете түсіп, жалма-жан басын көтеріп: – Қайсы? Аа, шіркін-ай, десеңші! – деген екен.
Қолжазбаның атауы
Алданған молдалар
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Баяғыда жаназаға бара жатқан екі молда сөз жарыстырып, бірі Бұхар молдаларын, бірі Уфа молдаларының білгіштігін мақтады. Екеуі сөзге келіспей, арты төбелеске айналады. Бұлардың үстінен Мұса деген жігіт шығып, олар бұған қазылыққа жүгінеді. Мұса екі молданы күннің ыстығында төбені айналдырып жүгіртіп, күннің астына отырғызып: «бұл күнқатпа» деген дау екен, ойлану керек» дейді де, атына мініп, молдалардың атын жетектеп, төбені айналып келгенше тапжылмай отыруларын айтып, жүріп кетеді. Екі молда ыстық күннің астында Мұсаны қанша күтсе де келмейді. Соңында алданғандарын бірақ біледі.
Қолжазбаның атауы
Ақын қыз бен арсыз шал
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Мінезі қыңыр Балғабай болыс алты қатын алған екен. Бірақ бала сүйе алмапты. Алпысты алқымдаған Топай бай ат сабылтып қалындық іздей бастайды. Жасынан әнші атанған Балкүмістің даңқын естіген бай оған көз салады. Қыз ауылының маңайына үй тіктіріп, дастархан жайып, Балкүмісті шақыртады. Құрбы қыздарымен бірге келген Балкүмісті Балғабай өзі қарсы алып, біреуге шығартып алған бір ауыз өлеңін айтып, көңілін білдіреді. Балкүміс оның жасының алпысқа келгенін, өзінің жас екенін, оның байлығының түкке қажеті жоқ екенін өлеңмен айтып, үйден шығып, жүре беріпті.
Қолжазбаның атауы
Ақылым көп, ақшам жоқ
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Бұрынырақта Сабыр деген кедей жігіт болған екен. Қайда барса да, «ақылым көп, ақшам жоқ» деп айта беретін көрінеді. Бірде бір бай адам Сабырды шақырып алады да, оған бес түйе мен сол бес түйеге артып алып сауда жасауға қажетті пұл бермек болады. Сабыр сауда жасап келген соң, пұлды бір жарым есе етіп қайтаратын боп келіседі. Бес түйеге зат артып, керуенге қосылып, жүріп кетеді. Ұзақ жолда керуендер түнеп кететін көл бар екен. Соған кеп түнеп, ертеңіне керуендер ерте жүріп кетеді де, Сабыр осы көлдің жағасында қалады. Ол керуеншілерге саудасын осы көлдің жағасында жасайтынын, оларды осы жерде күтетінін айтады. Сабыр бұрын байлардың керуенімен бірге жүріп, солардың көліктерін, малдарын күзеткендіктен, бұл көлді бес саусағындай білетін көрінеді. Сол уақыттарда түнде ай сәулесімен осындағы сусарлардың көл жиегіне гауһар тасты лақтырғанын талай рет көріпті. Сусарлар гауһарды лақтырып, ай жарығына жарқырағанын қызықтап ойнайды екен. Сабыр сондағы көргендерін ешкімге айтпай, бұл күні де соны аңдып көріп алған еді. Сондықтан көл жағасына қосын тігіп, күндіз бес түйенің құмалағын жинап, ауға салып жібітеді де, езіп, тоқаш сияқты домалақтап домдама жасап, гауһар тасты лақтыратын жеріне апарып жартасқа жапсырып қоя береді. Лақтырылған гауһар тастар түйенің қиына жабысып қалады. Оны күндіз алып, бір гауһарды бір домдаған тезегінің ішіне салып, кептіріп, қапқа сала береді. Үш ай дегенде керуендер де оралады. Олар Сабырдан саудасының қалай жүргенін сұрайды. Сабыр оларға тезектерді көрсетеді. Бүкіл керуеншілер оны мазақ етіп күледі. Сабыр төрт түйеге гауһар тасты тезекті артып, бір түйеге жәй тезек артады. Керуенге қосылып, шаһарға қайтады. Күз болып қалған. Күн суытып, жауын-шашын, қара суық, керуеншілер тоқтап, от жағайын десе, отындары жоқ. Ақыры олар Сабырға жалынып, тезек сұрайды. Сабыр бергісі келмейді. Керуеншілер енді сат деп өтінеді. Сабыр «Егер менің тезегімді аламын десеңдер, осы бір тезегім базарда қанша тұрса, сонша төлейміз деп қолхат беріңдер» дейді. Керуен басшылары бәрі қолхат жазып береді. Сабыр бесінші түйедегі жай тезегін бір-бірлеп санап береді. Шаһарға жеткен соң, Сабыр қазыға барып, қолхаттарды көрсетіп, базарда тезегінің құны қанша екенін көзбен көріп, керуеншілерден пұлын алып беруді сұрайды. Бір тезегін сындырып қарап еді, ішінен бір гауһар тас шықты. Оны пұлға шаққанда бір түйедегі тезегінің бағасына керуеншілердің барлық малы, пұлы, дүкені, үй-жайын қоссаң да жетпейтін болды. Бірақ шамалары келетіндей жағдай жасап, кемітіңкіреп, бір жазғы сауда табыстарын алып берді. Сабыр да байдың қарызын келіскеніндей бір жарым есе етіп қайтарып, құтылады. Қазыны да риза етеді. Өзі үй-жай, дүкен сатып алып, ел қатарына қосылып, тілегіне жетеді.