∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Ақылым көп, ақшам жоқ

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Ақылым көп, ақшам жоқ
3. Авторы (Айтушы)
Белгісіз.
4. Жинаушы, тапсырушы:
Ғ.Дүйсеков
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
Белгісіз.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
ӘӨИ:Қ.866
8. Бет, жол саны, өлшемі
Б.2; П.2; Ж.122 20х16,5; 15х8
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Оқушы дәптеріне көк сиямен жазылған.
10. Қолжазба графикасы
Кирилл әрпінде
11. Жанры
Әңгіме
12. Қысқаша мазмұны
Бұрынырақта Сабыр деген кедей жігіт болған екен. Қайда барса да, «ақылым көп, ақшам жоқ» деп айта беретін көрінеді. Бірде бір бай адам Сабырды шақырып алады да, оған бес түйе мен сол бес түйеге артып алып сауда жасауға қажетті пұл бермек болады. Сабыр сауда жасап келген соң, пұлды бір жарым есе етіп қайтаратын боп келіседі. Бес түйеге зат артып, керуенге қосылып, жүріп кетеді. Ұзақ жолда керуендер түнеп кететін көл бар екен. Соған кеп түнеп, ертеңіне керуендер ерте жүріп кетеді де, Сабыр осы көлдің жағасында қалады. Ол керуеншілерге саудасын осы көлдің жағасында жасайтынын, оларды осы жерде күтетінін айтады. Сабыр бұрын байлардың керуенімен бірге жүріп, солардың көліктерін, малдарын күзеткендіктен, бұл көлді бес саусағындай білетін көрінеді. Сол уақыттарда түнде ай сәулесімен осындағы сусарлардың көл жиегіне гауһар тасты лақтырғанын талай рет көріпті. Сусарлар гауһарды лақтырып, ай жарығына жарқырағанын қызықтап ойнайды екен. Сабыр сондағы көргендерін ешкімге айтпай, бұл күні де соны аңдып көріп алған еді. Сондықтан көл жағасына қосын тігіп, күндіз бес түйенің құмалағын жинап, ауға салып жібітеді де, езіп, тоқаш сияқты домалақтап домдама жасап, гауһар тасты лақтыратын жеріне апарып жартасқа жапсырып қоя береді. Лақтырылған гауһар тастар түйенің қиына жабысып қалады. Оны күндіз алып, бір гауһарды бір домдаған тезегінің ішіне салып, кептіріп, қапқа сала береді. Үш ай дегенде керуендер де оралады. Олар Сабырдан саудасының қалай жүргенін сұрайды. Сабыр оларға тезектерді көрсетеді. Бүкіл керуеншілер оны мазақ етіп күледі. Сабыр төрт түйеге гауһар тасты тезекті артып, бір түйеге жәй тезек артады. Керуенге қосылып, шаһарға қайтады. Күз болып қалған. Күн суытып, жауын-шашын, қара суық, керуеншілер тоқтап, от жағайын десе, отындары жоқ. Ақыры олар Сабырға жалынып, тезек сұрайды. Сабыр бергісі келмейді. Керуеншілер енді сат деп өтінеді. Сабыр «Егер менің тезегімді аламын десеңдер, осы бір тезегім базарда қанша тұрса, сонша төлейміз деп қолхат беріңдер» дейді. Керуен басшылары бәрі қолхат жазып береді. Сабыр бесінші түйедегі жай тезегін бір-бірлеп санап береді. Шаһарға жеткен соң, Сабыр қазыға барып, қолхаттарды көрсетіп, базарда тезегінің құны қанша екенін көзбен көріп, керуеншілерден пұлын алып беруді сұрайды. Бір тезегін сындырып қарап еді, ішінен бір гауһар тас шықты. Оны пұлға шаққанда бір түйедегі тезегінің бағасына керуеншілердің барлық малы, пұлы, дүкені, үй-жайын қоссаң да жетпейтін болды. Бірақ шамалары келетіндей жағдай жасап, кемітіңкіреп, бір жазғы сауда табыстарын алып берді. Сабыр да байдың қарызын келіскеніндей бір жарым есе етіп қайтарып, құтылады. Қазыны да риза етеді. Өзі үй-жай, дүкен сатып алып, ел қатарына қосылып, тілегіне жетеді.
13. Басы:
Ертеректе Сабыр деген жігіт базарға барса да, жиын топта да «ақылым көп, ақшам жоқ» дейді екен.
14. Соңы:
Соның ақыл-кеңесімен осындай дәрежеге жетті.
15. Қосымша мәлімет
16. Сандық көшірменің болуы
Бар
17. Сипаттаманы дайындаған:
Салтақова Жанат