«ПРОЗАЛЫҚ ФОЛЬКЛОР - Әңгіме» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Бәкеннің бірінші қадамы
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Матайдың басты адамдары Қалматай, Тоқтыбай, Мырзатайлар Қаракерей, Жанайға жесір дауын дауламақ болып жолға шығайын деп тұрғанда, Мырзатайдың баласы Бәкен «мен де барам» деп қиғылық сала берген соң, ертіп алады. Жолда шаршап-шалдыққан соң, кезінде бір өзбекке күйеуге шыққан Зәуре деген апайларының үйіне түнемек болады. Үйге келген қонақтарымен амандасып, жөн сұрасып жатқанда, Бәкен: «Қазақтан жігіт табылмағандай өзбекке күйеуге шыққаныңыз қалай?» деп сұрап қалады. Бұл сөзге үйдегі кісілер беттерімен жер басқандай болып, ыңғайсызданып кетеді. Бірақ, Зәуре Бәкеннің айтқанына өкпелемей, керісінше, мойындап, айыбына бір тоғыз жетелетіп шығарып салған екен.
Қолжазбаның атауы
Бәкеннің әкесі Мырзатайды сөзден тоқтатып болыс болуы
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Бәкеннің әкесі Мырзатай арғын, найман бас қосқан үлкен жиынға (мәтінде черезвичайный съез деп берілген) баруға дайындалып тұрғанда, баласы Бәкеннің «Қалбаны сұрап тұрған болыссыз, салтанатыңызды асырып барсаңызшы» деген сөзіне намыстанып, жиынға бармай өкпелеп жатып алады. Бәкен әкесінен екінші рет өтінеді. Бірақ әкесі көне қоймайды. Бәкен әкесінің мөр, болыстық белгісін тағып алып, жиынға өзі барады. Бұл Бәкеннің он алты жас шамасындағы кезі екен. Сол күннен Бәкен болыс болған екен деседі.
Қолжазбаның атауы
Баянша атаның сөзінен
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Шатаның шын аты Жалмағамбет екен. Өзі Павлодар облысы, Баян ауданында туған. Әкесі – Дүрілдек деген адам. Шатаның әкесі жасында өліп, шешесі Айдана жесір қалып, Шатаны арқалап жүріп, тәрбиелеп өсірген екен дейді. Шатаның әкесі де, өзі де өте кедей болған, өзі де, шешесі Айдана да байлардың есігінде жалшылықта жүрген. Жасынан жоқшылық, зорлықты көп көрген ол байлардың көрсеткен қиянатына шыдамайды. Байлардан кегін алудың жолын қарастыра бастайды. Әкесі Дүрілдектің тірі күнінде Айдабол Әйтеннің Әбіші дейтін кісіден көрген қиянаты, зорлығы Шатаның есіне түседі. Сонымен Шата бір күні басқарманың киімін киіп, беліне қылыш байлап, қас қарайғанда бағанағы Әбіштің үйінің қасына өзі секілді ауылдағы 2-3 жігітті ертіп келеді. Келісімен Әбішті қорқытып, жауапқа шақырып, ананы-мынаны қысып сұрайды. Одан кейін бір кездері Баян Дүрілдек деген нашар адамға қалайша зорлық жасағанын сұрап, қысады. Содан кейін Әбішті тал қораптың астына жауып қояды. Біраздан кейін Әбішті қораптан шығарып, тағы да жауап алған кісі болып, оған аяғын сипатып, арқасын қасытады. Сонымен түн ішінде ешнәрсеге қарамастан Әбішке бар білгенін істеп, оның әкесіне жасаған қиянаты үшін кегін қайтарған екен.
Қолжазбаның атауы
Бата
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Төлебай сал бір үйге келіп қоныпты. Үй иесі қонақасыға тары асып беріпті. Оған көңілі толмаған Төлебай сал мысқылдап өлең айтады. Өзінің сал екенін білдіреді. Үй иесі ұялып, Төлебай сал екенін білген соң, бір серке әкеп бата сұрайды. Тілге шешен Төлебай сал серкені жамандаған болып, үй иесінің сараңдығын сөгеді.
Қолжазбаның атауы
Бармақтай май
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Мәтінде тойы болып, ұзатылып бара жатқан қыз туралы айтылады. Әкесі ел-жұртын шақырып той жасап, теңін тоғыз түйеге артып, қызын ұзатып жатқанда, қызы жылайды. Оның себебін сұрағанда: «бақайшықта бармақтай май қалды, соған жылаймын» деген екен қыз жеңгелеріне. Қызының тілегін естіген әкесі бір мал сойып, үйітіп, бас-сирағын теңінің ішіне салып беріпті.
Қолжазбаның атауы
Балуан Шолақ туралы екі әңгіме
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Патша үкіметінің қуғынымен біраз жыл сыртта жүрген Балуан Шолақ еліне сағынышпен оралады. Келсе, бала кезінен бірге өсіп, жақсы араласқан, батыл, әрі сері құрдасы қайтыс болыпты. Елі соның үш күндігін атап өтіп жатыр екен. Сағынған халқын көріп, мауқын басып, артынан шерін басу үшін ауылдастарына бір өтінішін айтады. Марқұм құрдасын жер қойнынан қайта алып, жүзін көріп, «қабіріне өзім салып, өз қолымнан топырақ салайын» дейді. Мұндайды күтпеген жұрт екіге бөлінеді. Бірі «құрдасы ғой, көріп қалсын» десе, екіншілері «мұсылман заңына қайшы» деп қарсы болады. Өзінің жақтаушылары бар екенін естіген Балуан Шолақ бірден күрек алып, жұмысқа кіріседі. Өлікті алып шығып, бақұлдасып, қайыра орнына салады. Жанына екі-үш молданы ертіп келіп, сөйлеп тұрған қажының сөзін де құлағына ілмеген Балуан Шолақ осылай досын ақтық сапарына жөнелтеді. …Бірде қараңғы түнде Балуан Шолақ бір топ жігіттерімен келе жатса, алдарынан бір жарық от пайда болыпты. Жанындағы жігіттер ел жоқ жерде пайда болған оттан секем алып келе жатқанда, әлгі от жақындағандай болыпты. Енді шынымен «сайтан шығар» деп үрейленген жігіттер тоқтай қалыпты. Өз ойымен өзі келе жатқан Балуан Шолақ сонда ғана бұл жағдайды байқайды. «Басқа жолмен жүрейік» деген жігіттердің сөзін тыңдамай «Тәйірі әрі!» деп отқа қарай шаба жөнеліп, ешетеңені таппай, оттың орнында тұрған томарды қамшымен салып жібереді. Оттың жоғалып кеткенін байқаған жігіттер «Арыстанның аруағы сайтанды жеңді» деп таң-тамаша болысады. Сол кездегі ауылдастарының арасында «Балуан Шолақты Алла Тағала екі иығына періштелерін отырғызып жаратқандықтан, ондай адамға пәле-жала жуымайды» деген сенім болған.
Қолжазбаның атауы
Балғабаев Кәжен қарттың айтуы
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Аға сұлтандық дәуірде Құдабай аға сұлтан екен. Ұятсыз, арсыз, өте қатал адам екен. Бір күні Құдабай Шорман деген қадірлі ақсақалдың үйіне түседі. Бойжеткен қызының мұны қабылдамағанына ашуланады. Қалтасынан насыбай шақшасын алып, оны Шорманның басына қағады. Бұл қорлыққа намыстанған Шорман бұл жайлы баласы Беркінбайға айтады. Беркінбай Омбыға барып губернаторға ауызша шағымданады. Губернатор істің мән-жайын анықтау үшін орынбасарын елге жібереді. Беркінбай ауылдағы барлық еркектерді жолдың екі жағына тұрғызып, губернатордың орынбасары келгенде «Құдабай, Құдабай» деп айтқызады. Мұның мәнін сұраған вице-губернаторға барлығының Құдабайға қарсы екендігін айтады. Құдабайдың қылмысы анықталды деп есептеліп, оны іздетеді. Құдабай оңтүстікке қашып кетіп, ізім-қайым жоғалыпты. Бұдан кейін ел тыныш өмір сүріпті.
Қолжазбаның атауы
Балгермен бәтуа
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Қажымұқан енесі Тәкеймен әзілдескісі келіп, жолаушылап келе жатқан жолында бір балгер жігітті үйіне ертіп келеді. Қажымұқан алдын-ала балгерге бәрін түсіндіріп айтып қояды. Балгердің сөзіне сеніп қала жаздаған енесі Қажекеңнің әзілдеп отырғанын біліп қойып, балгерді соңына дейін тыңдамай үйден шығып кетеді.