∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы

Қолжазбаның атауы
Жосалы батыр мен Қармақшы ата
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Жырда ата-анасынан ерте айырылып, жетім өскен Жосалының өмір жолы баяндалады. Ол бала күнінен ел кезіп, тоғайдағы жидемен күн көріп өседі. Үнемі жүгіріп жүретіндіктен жұрт оған Жосалы деген ат қояды. Он бір жасына келгенде күшті, ақылды әрі мерген болып қалыптасады. Ұстамен дос болып, мылтық жасатып, аңшылықты кәсіп етеді. Бір күні аң аулап жүріп Қармақшы есімді адаммен танысады. Өмірде ешкімі жоқ Жосалы оны әке тұтып, ақысы кеткен байдан кегін алып беруге уәде етеді. Сөйтіп екеуі әкелі-балалы болып, Қармақшы Жосалыны тәрбиелейді. Ержеткен Жосалы атақты батырға айналып, Күлзираға үйленеді. Бар арманы орындалған Қармақшы жүз жасында қайтыс болады. Жосалы оны өмір бойы қармақ салған жеріне жерлейді.
Қолжазбаның атауы
Жоңғар жорығы жылдарында
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Екі бөлімнен тұратын жырда «Ақтабан шұбырынды» мен жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі ел қорғаған Мырқы батырдың өмірі суреттеледі. Алғашында ол айлалы Қорлыға қыздың опасыздығынан ауыр күйзеліске түседі. Кейін Айғаныммен кездесіп, бақытты өмір сүреді. Алайда жоңғар шапқыншылығы олардың тыныштығын бұзып, елін ойранға салады. Айғаным ұлы Қорамжанмен босып, талай қиындық көріп, күң болып, еріксіз тұрмысқа шығады. Уақыт өте туған жері Сарыарқаға оралып, Қорамжан мен Балбике атты балаларын ел қатарына қосады. Жырда Мырқы батырдың ерлігімен қатар, Айғанымның төзімділігі мен қайсарлығы арқылы халықтың басына түскен ауыр кезең, елдің қайта еңсе көтеруі бейнеленеді. Абылай хан мен Жәнібек батыр сияқты тарихи тұлғалардың қатысуы шығарманың тарихи негізін айқындай түседі.
Қолжазбаның атауы
Ермек батыр
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Жырда Ермек батырдың Еңлік пен Кебектен қалған жалғыз тұқым екені айтылады. Оны нағашысы тауып алып, атын Ермек қояды. Оны шал мен кемпір асырап алады. Ермек ержүрек, қайратты, күшті болып өсіп, қатарластарының алдында беделге ие болады. Бір күні баласы таяқ жеген кемпірден өзінің шыққан тегі мен ата-анасы Еңлік пен Кебектің жазықсыз қаза тапқанын естіген Ермек кек алуға бел буады. Атасы Қабанбайдың ақ сауытын киіп, бес жүз сарбазбен Шыңғыс тауына аттанып, найман қолымен шайқасады. Ермек жауын жеңіп, ата-анасының кегін қайтарады және кейін наймандармен бітімге келеді. Жырда Ермектің батырлығы, әділдігі, ата-ана алдындағы перзенттік парызы мен ел бірлігін ойлаған парасаты дәріптеледі.
Қолжазбаның атауы
Ер Қармыс
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Түрікпендер Маңғыстау өңіріндегі Ыстаубай мен Сары елін шауып, ауылдағыларды тұтқынға алып кетеді. Жасырынып аман қалған бір бала жау кеткен соң Қармыс батырға хабар жеткізуге аттанады. Қармыс батыр дереу жаудың соңынан қуады, жалғыз өзі үш мың жәуміттің бірнеше батырын жер жастандырады. Алайда үшінші шабуыл кезінде аты сүрініп, өзі ауыр жараланады. Осы кезде Ер Төлеп бастаған жасақ көмекке келеді. Қармыс серіктерін Төлепке аманаттап тапсырады. Ер Төлеп шайқаста жәуміттің батыры Қара Бақыны өлтіреді. Ол өлген соң түрікпендер қашып, Ер Төлеп әскерімен соңдарынан қуып, қырып салады. Жаралы Қармыс жолдастарымен қош айтысып, демі үзіледі.
Қолжазбаның атауы
Ер Қармыс
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Түрікмендер қазақ ауылына шабуыл жасап, мал-мүлкін айдап, елдің қыз-келіншектерін тұтқынға алып кетеді. Тұтқындардың ішінде он екі жасар қыз Қармыс батырды жоқтап зарлайды. Бұл хабарды жеткізуге бір бала Қармысқа келеді. Ауыр науқастан енді тұрғанына қарамастан, жетпіс бес жастағы Қармыс батыр аз ғана серігімен жаудың соңына түседі. Жолда Жаппас руынан көмек сұрап, бірнеше жігітті ертіп алады. Алайда олар шайқасудан тайсақтағанда, Қармыс жалғыз өзі жауға қарсы шығып, ерлікпен соғысады. Жаудың қоршауында қалып, ауыр жараланады. Келесі күні Төлеп бастаған жасақ келіп, Қармыстың соңғы аманатын естиді. Олар жауды қуып жетіп, жеңіске жетеді, тұтқындарды және айдап әкеткен малды қайтарып алады. Кейін Қармысқа оралып келгенде, батыр соңғы тілегін айтып, дүниеден өтеді. Жырда Қармыстың елін қорғаудағы жанқиярлығы, ерлігі мен отансүйгіштігі дәріптеледі.
Қолжазбаның атауы
Ер Жәнібек
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Жырда керейдің Сары руынан шыққан Жәнібек батырдың ерлігі мен батырлық болмысы суреттеледі. Ол нағашысы Досымбектен көк дөненді қалап алып, қырғызға жорыққа аттанған Абылай ханның қолына қосылады. Абылайдың батырға қойған сынағынан сүрінбей өтіп, сеніміне ие болады. Қырғыздармен болған шайқаста атақты батыр Садырды жекпе-жекте жеңіп, оның тұлпары – долан жиренді Абылайға сыйға тартады. Кейін Садырдың қалыңдығымен серттескенімен, Абылайдың алдында сертінен таймай, қыздың басын өзі шабады. Осы оқиғалар арқылы Жәнібектің ерлігі, батылдығы, сертке беріктігі бейнеленеді.
Қолжазбаның атауы
ەردەن باتىر / Ерден батыр
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Шығармада Сандыбай баласы Ерденнің бірнеше жорығы, батырлығы, шешендігі, дауға ұста-шеберлігі баяндалады. Жыр нұсқасы жеті әңгімеден тұрады. Ерденнің батыр атануы, найзагерлігі, оның Қоқан хандығын шабуы, Сағымсары деген атының дауы, Дүтбай батырды абақтыдан босатып алуы, Аққошқармен ерегесі, губернатордан айыпсыз құтылуы, Шорманның Ерденді сынауы, аға сұлтан, болыс болғаны қара сөзбен баяндалған.
Қолжазбаның атауы
Бөлтірік батыр
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Ертеде Жетісу өңірін мекендеген жалайыр мен шапырашты руларының қаталдығымен аты шыққан Әлі атты ханы болады. Бір күні ол жұртқа: “Ұрыс неден басталады?” – деп сауал қойып, жауабын табуға бір апта уақыт береді. Сол елде Бөлтірік шешен бар дегенді естіп, жұрт хан сауалына жауап беру үшін Бөлтірікті ертіп барады. Белгіленген күні хан өз сауалын қайталағанда, Бөлтірік: “Сауалыңыз мағынасыз екен”, – деп жауап береді. Ашуланған хан күмісті таяғымен Бөлтіріктің басынан нұқып қалады. Сонда Бөлтірік: “Басыма таяғыңыз тиді, міне осы сіз сұраған ұрысыңыздың жауабы”, – дейді. Бөлтіріктің сөзі жанына батып кеткен соң, хан ашуланып кетіп қалады. Ханның қаһарынан үріккен жұрт Бөлтірікті дөрекі сөйлегені үшін кінәлайды. Бөлтірік жұртты жинап, ханға: “Бектеріңнен суық хабар әкеліп тұрмын. Олар басқа хан іздеуді ойластырып жүр. Бұған өз аузыңыздан шыққан орынсыз сөз бен іс себеп болды. Енді көпшіліктен кешірім сұрамасаңыз болмайды”, – дейді. Қорыққан хан халықтан кешірім сұрайды.