∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Ер Қармыс

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Ер Қармыс
3. Авторы (Айтушы)
Қалнияз Шопықұлы (1816-1902) – ақын, жырау, жыршы, Маңғыстау өңірінің сөз өнері дәстүрінің ірі өкілі. Ол 1816 жылы қазіргі Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы аумағында дүниеге келген. Жастайынан ақындық, жыршылық өнерімен танылған. Қ.Шопықұлының “Ер Қармыс”, “Балаунияз”, “Қожалық батырға айтқаны”, “Табын Дәуіт батырға айтқаны”, “Есен-Сүгірге айтқаны” т.б. терме, толғау, арнау өлеңдері бар. Ол Маңғыстау қазақтарының Ресей империясының отарлық саясатына қарсы 1870 жылғы Иса Тіленбайұлы мен Досан Тәжіұлы бастаған Адай көтерілісіне қатысқан. Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін патша өкіметінің қуғынынан құтылу үшін көптеген адайлармен бірге қазіргі Түрікменстан мен Тәжікстан аумағына қоныс аударып, Ғисар тауларын мекендеп, сол жақта өмірінің соңына дейін ғұмыр кешкен.
4. Жинаушы, тапсырушы:
Оңғарбаев Орынбасар – Қарақалпақстан Республикасы, Шоманай ауданы, Гагарин совхозында тұрған халық жыршысы. Оның айтуынан «Ер Қармыс», «Қобыланды батыр» жырының нұсқалары жазылып алынып, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына тапсырылған.
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
“Амудария құйылысындағы қазақтардың ауыз әдебиетін жинау” экспедициясының материалдарынан. Саттаров Қыдырәлі (1941–2011) – филология ғылымдарының докторы, профессор, көрнекті фольклортанушы, халық мұрасын жинаушы ғалым. Ол Қазақстанның оңтүстік өңірі мен Өзбекстан Республикасының Ташкент аймағында бірнеше фольклорлық-этнографиялық экспедицияларды ұйымдастырып, ғылыми жетекшілік етті. Экспедициялар барысында қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін, эпостық жырлар, ертегілер мен балалар фольклорын жинап, жүйеледі. Ғалым жинаған 200-ден астам қолжазба топтамасын М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына тапсырып, қазақ фольклорының ғылыми қорын толықтыруға зор үлес қосты. Сонымен қатар халық мұрасын жариялап, зерттеп, оны ғылыми айналымға енгізуге елеулі еңбек сіңірді. Қожабаева Шолпан.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
920/51
8. Бет, жол саны, өлшемі
8; 38; 30х20; 26,5х10
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Үлкен дәптерге қара сиямен кирилл әрпінде жазылған.
10. Қолжазба графикасы
Кирилл әрпінде
11. Жанры
Тарихи жыр
12. Қысқаша мазмұны
Түрікпендер Маңғыстау өңіріндегі Ыстаубай мен Сары елін шауып, ауылдағыларды тұтқынға алып кетеді. Жасырынып аман қалған бір бала жау кеткен соң Қармыс батырға хабар жеткізуге аттанады. Қармыс батыр дереу жаудың соңынан қуады, жалғыз өзі үш мың жәуміттің бірнеше батырын жер жастандырады. Алайда үшінші шабуыл кезінде аты сүрініп, өзі ауыр жараланады. Осы кезде Ер Төлеп бастаған жасақ көмекке келеді. Қармыс серіктерін Төлепке аманаттап тапсырады. Ер Төлеп шайқаста жәуміттің батыры Қара Бақыны өлтіреді. Ол өлген соң түрікпендер қашып, Ер Төлеп әскерімен соңдарынан қуып, қырып салады. Жаралы Қармыс жолдастарымен қош айтысып, демі үзіледі.
13. Басы:
Ей, сегіз арыс Сейілхан, Сейілханның баласы…
14. Соңы:
Не айтайын, жігіттер-ай, Қош, Алла разы болыңыз-ай.
15. Қосымша мәлімет
1990 жылы 20 шілдеде Қарақалпақстан республикасы, Шоманай ауданында жазылған.
16. Сандық көшірменің болуы
17. Сипаттаманы дайындаған:
Жұмашай Рақыш