∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Бөлтірік батыр

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Бөлтірік батыр
3. Авторы (Айтушы)
Бигелдиев Балтағұл (1891, Алматы облысы, Балқаш ауданы, Желтораңғы ауылы – 1971, Алматы) – ақын, әуесқой сазгер. Жетісудың Жамбыл бастаған белгілі ақындарымен тығыз араласып, олардың тәлімін алып, ақындық өнерін шыңдаған. Жастық шағында шығарған “Жетісу” әні, “Балқаш қыз”, “Бөлтірік батыр”, “Бір қазының айласы” дастандары халыққа кеңінен танылған. Ақынның шығармалары “Балқаш” (1970), “Балқаш оттары” (1975), “Бірлік нұры” (1979) атты жинақтарда жарық көрген.
4. Жинаушы, тапсырушы:
Бакенеев С. Оның өмірбаяны туралы нақты деректер сақталмаған.
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
1970 жылы Алматы облысы, Балқаш ауданында жазылған.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
303
8. Бет, жол саны, өлшемі
20; 20; 16,5х20; 13х18
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Бір жолды дәптерге қара сиямен кирилл әрпінде жазылған.
10. Қолжазба графикасы
Кирилл әрпінде
11. Жанры
Тарихи жыр
12. Қысқаша мазмұны
Ертеде Жетісу өңірін мекендеген жалайыр мен шапырашты руларының қаталдығымен аты шыққан Әлі атты ханы болады. Бір күні ол жұртқа: “Ұрыс неден басталады?” – деп сауал қойып, жауабын табуға бір апта уақыт береді. Сол елде Бөлтірік шешен бар дегенді естіп, жұрт хан сауалына жауап беру үшін Бөлтірікті ертіп барады. Белгіленген күні хан өз сауалын қайталағанда, Бөлтірік: “Сауалыңыз мағынасыз екен”, – деп жауап береді. Ашуланған хан күмісті таяғымен Бөлтіріктің басынан нұқып қалады. Сонда Бөлтірік: “Басыма таяғыңыз тиді, міне осы сіз сұраған ұрысыңыздың жауабы”, – дейді. Бөлтіріктің сөзі жанына батып кеткен соң, хан ашуланып кетіп қалады. Ханның қаһарынан үріккен жұрт Бөлтірікті дөрекі сөйлегені үшін кінәлайды. Бөлтірік жұртты жинап, ханға: “Бектеріңнен суық хабар әкеліп тұрмын. Олар басқа хан іздеуді ойластырып жүр. Бұған өз аузыңыздан шыққан орынсыз сөз бен іс себеп болды. Енді көпшіліктен кешірім сұрамасаңыз болмайды”, – дейді. Қорыққан хан халықтан кешірім сұрайды.
13. Басы:
Бір жарым ғасыр мұнан ілгеріде, Қамқорсыз қазақ елі жүргенінде.
14. Соңы:
Дүниеге келіп кетті нелер кісі, Іске де, ақылға да шебер кісі.
15. Қосымша мәлімет
Өлең жолдары әр бетке бір қатардан орналасқан.
16. Сандық көшірменің болуы
17. Сипаттаманы дайындаған:
Жұмашай Рақыш