∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Жоңғар жорығы жылдарында

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Жоңғар жорығы жылдарында
3. Авторы (Айтушы)
Әзімбаев Мәмбет – халық ақыны, жыршы. Оның өмірі туралы нақты құжаттық деректер сақталмаған. Жазушы, әрі зерттеуші С.Бегалиннің мәліметтеріне қарағанда, М. Әзімбаевтың шыққан тегі арғынның тобықты руына жатады. Оның «Жоңғар жорығы жылдарында» атты жырында кездесетін Айпара, Мамай, Айдос сияқты кейіпкерлер ақынның өз аталары ретінде аталады. Осы деректерге сүйене отырып, зерттеушілер Мәмбет Әзімбаевтың Семей өңірінде туып-өскен деген болжам жасауға болады.
4. Жинаушы, тапсырушы:
Белгісіз
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
Қолжазба 1953 жылы Алматы қаласында, Қазақстан Жазушылар одағында хатқа түсіп, институт қорына 1985 жылы қабылданған.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
1035
8. Бет, жол саны, өлшемі
192; 24; 20,2х29; 9,5х24
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Жолсыз сарғыш қағазға кирилл әрпімен машинкаға басылған.
10. Қолжазба графикасы
Кирилл әрпінде
11. Жанры
Тарихи жыр
12. Қысқаша мазмұны
Екі бөлімнен тұратын жырда «Ақтабан шұбырынды» мен жоңғар шапқыншылығы кезеңіндегі ел қорғаған Мырқы батырдың өмірі суреттеледі. Алғашында ол айлалы Қорлыға қыздың опасыздығынан ауыр күйзеліске түседі. Кейін Айғаныммен кездесіп, бақытты өмір сүреді. Алайда жоңғар шапқыншылығы олардың тыныштығын бұзып, елін ойранға салады. Айғаным ұлы Қорамжанмен босып, талай қиындық көріп, күң болып, еріксіз тұрмысқа шығады. Уақыт өте туған жері Сарыарқаға оралып, Қорамжан мен Балбике атты балаларын ел қатарына қосады. Жырда Мырқы батырдың ерлігімен қатар, Айғанымның төзімділігі мен қайсарлығы арқылы халықтың басына түскен ауыр кезең, елдің қайта еңсе көтеруі бейнеленеді. Абылай хан мен Жәнібек батыр сияқты тарихи тұлғалардың қатысуы шығарманың тарихи негізін айқындай түседі.
13. Басы:
Екі бай араздасып көп дулаттан, Барымта, шабыс болды ел шулатқан.
14. Соңы:
Түсе алмай арашаға қапы болған, Опықты, арманы еді баласының.
15. Қосымша мәлімет
Қолжазбаның алғашқы беті жыртылып, аяқ шені сөгілген, қайта қалпына келтірілмеген. Шығарма көп жылдар “Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет” баспасында жатқандықтан, әдеби қызметкерлердің тарапынан редакцияланып, жасыл сиямен өңделген. 98 “а”, 98 “б”-беттері қолмен жазылып, кейін машинкаға терілген.
16. Сандық көшірменің болуы
17. Сипаттаманы дайындаған:
Жұмашай Рақыш