∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы

Қолжазбаның атауы
Қоржынкөлдегі көтеріліс
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Жырда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезіндегі Ереймен мен Қоржынкөл өңіріндегі оқиғалар суреттеледі. Патша үкіметінің қазақ жастарын тыл жұмысына алу туралы жарлығына халық наразылық білдіріп, жазалаушы отрядпен қақтығысқа шығады. Жазалаушы әскер ауылды шауып, тонап, кедейлердің 19–31 жас аралығындағы жігіттерін майдан жұмысына күштеп әкетеді. Байлар мен болыстар балаларын бұл тізімге іліктірмей алып қалады. Осы оқиғалардан кейін Нұрман есімді жас жігіт байлардың қорлығын көріп, жалшылықта жүреді. Ақпан төңкерісінен соң патша өкіметі құлап, елде жаңа билік орнайды. Жер кедейлерге бөлініп, бұрынғы жалшы Нұрман ауылнай болып сайланады. Бұдан кейін билік үшін тартыс, байларды кәмпескелеу, қоғамдағы өзгерістер бейнеленеді.
Қолжазбаның атауы
Қойгелді батыр
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Жырда Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ жауынгері Қойгелді батырдың ерлігі суреттеледі. Майдан шебінде окопта жатқан Қойгелді үнемі кенеттен шабуыл жасап, көптеген кеңес жауынгерлерін қырып жүрген жау танкісін аңдиды. Ол танктің жақындауын күтіп, дер кезінде астына байланған гранатаны жарып, танктің моторын істен шығарады. Содан кейін танктің ішіндегі төрт жауынгерді сыртқа шығарып, тұтқынға алады.
Қолжазбаның атауы
Қарқаралы Қазыбек
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Қазақтың бейбіт елін Қонтажы қалмақтың қалың қолы шауып кетеді. Халық Абылай ханға жүгінгенде, ол алдымен соғыспай, бітім жолын іздеуді ұсынады. Абылай бастаған жүз батырдан құралған елшілік құрамында Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Олжабай, Өтеген, Малайсары, Баян және басқа да атақты батырлар болады. Жолда олар Келдібектің ауылына түсіп, оның ұлы Қазыбекті өздерімен бірге ертіп алады. Қонтажы елшілерді құрметпен қарсы алмай, оларды өлтіруді ойлайды. Алайда ханымының ақылы мен сыншысының Қазыбектің ерекше ақыл-парасаты туралы айтқан сөзінен кейін райынан қайтады. Үш күннен соң елшілерді қабылдап, келіссөз жүргізеді. Осы кезде жас Қазыбек тайсалмай сөйлеп, қазақ елінің намысы мен бейбітшілік талабын жеткізеді. Оның шешендігі мен батылдығына Қонтажы тәнті болады. Екі ел бітімге келіп, шабылған мал-мүлікті түгел қайтарып, тұтқынға түскен қазақтар босатылады.
Қолжазбаның атауы
ﻗﺎﺯﺍﻕ ﺑﺎﺘﺋﺮﻻﺭﻯ ﺍﺠﺌﺒﺎﻱ٬ ﻮﺘﻪﮔﻪﻥ ﺠﺎﻧﻪ ﺒﺎﺴﻘﺎﻻﺮ / Қазақ батырлары Әжібай, Өтеген және басқалар
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Жырда XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы кезінде Жетісу өңірін қорғаған Әжібай Найманбайұлының ерлігі суреттеледі. Оқиғалар Шелек, Түрген, Қорғас, Қаракемер, Кеңсу, Күрметі сияқты Жетісу жерлерінде өрбиді. Әжібай аз ғана серігімен жоңғарларға жорық жасап, олардың батыры Зонды жекпе-жекте жеңеді. Жауының ерлігіне құрмет көрсетіп, оған ас беріп, басына белгітас орнатады. Кейін жоңғарлардың қолына түсіп, екі жыл тұтқында азап шегеді. Оны қалмақ батыры Қора босатып жібереді. Соңында Әжібай жоңғарларға қарсы үлкен шайқасқа қатысып, Ташкенттен келген сардарлар, өзбек және қырғыз батырларымен бірлесіп жауды жеңеді. Жырдың басты кейіпкері – тарихи тұлға Әжібай Найманбайұлы (1699–1778). Ол Өтеген батырдың замандасы ретінде бейнеленеді. Шығармада Әжібайдың жастық шағы мен ел қорғаудағы ерлігі кеңінен көрсетіліп, негізгі оқиғалар XVIII ғасырдың 30–40-жылдарына сәйкес келеді. Жыршы Әбзейіт Мәлікеұлы тарихи деректер мен халық аңыздарын ұштастыра отырып, Әжібайдың бейнесін шынайы әрі жан-жақты сомдайды.
Қолжазбаның атауы
Қабанбай мен Дәулетбай жыры
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Қалмақ пен қазақ арасындағы соғыста Қабанбай жекпе-жекте қалмақ батыры Жырықты жеңіп, қазақ қолы жеңіске жетеді. Алайда соғыстан түскен олжаны бөліскенде інісі Дәулетбай өкпелеп, ауылын көшіріп әкетеді. Қартайып, науқастанып жатқан Қабанбайдың жағдайын естіген Дәулетбай ағасының көңілін сұрап барады. Қабанбайдың ауырып жатқанын білген қалмақтар үш жүз қолмен шабуыл жасауға дайындалады. Қабанбай жасының ұлғайып, халінің нашарлап тұрғанына қарамастан, Қубас атқа ер салып, жаудың соңынан қуады. Шайқаста талай қалмақты жер құштырады. Жырықты ұстап әкелуді Дәулетбайға тапсырады. Дәулетбай Жырықты батырдың алдына алып келгенде, Қабанбай жауын жазалап, ел намысын қорғаған күйі дүниеден өтеді.
Қолжазбаның атауы
Қабанбай
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Жырда Қабанбай батырдың ел қорғаудағы соңғы ерлігі баяндалады. Қалмақтардың қазақ ауылына шабуыл жасағанын естіген Абылай хан үш жүздің батырларын жинап, жауға қарсы аттанады. Жекпе-жекте алдымен Барақ батыр қалмақтың бір батырын өлтірсе, кейін Қабанбай атақты Жырық батырды жеңеді. Соғыстан түскен олжаны бөлісу кезінде батырлар арасында алауыздық туып, оны Бұқар жырау әділ шешімімен тоқтатады. Қартайып, сырқаттанып жатқан Қабанбай қалмақтардың қайта шабуылға шыққанын естіп, ел намысы үшін қайтадан атқа қонады. Қубас атына мініп, жауды қазақ жерінен қуып шығып, өзі де мерт болады. Ер Қабанбай өзінің ісімен ұрпағына ата-баба аманатын қалай қорғау керек екенін көрсетіп өсиет қалдырды.
Қолжазбаның атауы
Кенесары
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Жырда Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның баласы Кенесары мен Наурызбайдың Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық күресі суреттеледі. Патша үкіметінің қазақтың шұрайлы жерін тартып алып, елді ата қонысынан ығыстыруы және кейбір елбасыларының шен үшін, өзінің қара басының қамы үшін орысқа сатылып, қазақтың өзіне жау болып шығуы Кенесарыны көтеріліске бастайды. Ол қазақ батырларын біріктіріп, қалың қол жинайды. Наурызбай бастаған жасақ Ақтөбені басып алып, кейін Кенесары Көкшетау, Омбы, Балқаш арқылы Ұлы жүз еліне барып, қазақ жұртын бір тудың астына топтастыруға күш салады. Қырғыздарды да ортақ жауға қарсы бірігуге шақырғанымен, Жантай, Жанқараш сияқты манаптары патша жағына шығады. Кенесары қырғызға жорық жасайды. Дулаттардың қолдаудан бас тартуы мен қырғыздардың күтпеген шабуылы нәтижесінде Кенесары мен Наурызбайдың әскері қоршауда қалады. Батырлар тоғыз ай бойы ерлікпен шайқасып, ақырында қырғыз жерінде қаза табады.
Қолжазбаның атауы
Исатай, Махамбет
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Жырда Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының шығу тегі мен ел қорғаудағы қызметі баяндалады. Жәңгір хан таққа отырғаннан кейін бұрынғы ел қамын ойлайтын азаматтардың орнына өзіне жақын адамдарды би етіп тағайындайды. Бұған қарсы болған Исатай ханмен сөзге келіп, тұтқындалады. Беріш руы айып ретінде алпыс атан төлеген соң ғана бостандыққа шығады. Бұл қорлыққа шыдамаған Исатай Махамбетпен бірге Нарын өңірінен қол жинап, хан ордасына аттанады. Көтерілісшілер хан әскерін жеңіп, ордаға жақындағанда, Шыман төре мен Балқы би бітім сұрап, алдап кейін шегіндіреді. Кейін Жәңгір хан патша үкіметінен әскери көмек алып, көтерілісті басуға кіріседі. Бекетай құмындағы шайқаста көтерілісшілер қару-жарағы басым патша әскерімен тең шайқаса алмай, көп шығынға ұшырап, Жайық өзенінен өтіп шегінуге мәжбүр болады.