Жырда Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының шығу тегі мен ел қорғаудағы қызметі баяндалады. Жәңгір хан таққа отырғаннан кейін бұрынғы ел қамын ойлайтын азаматтардың орнына өзіне жақын адамдарды би етіп тағайындайды. Бұған қарсы болған Исатай ханмен сөзге келіп, тұтқындалады. Беріш руы айып ретінде алпыс атан төлеген соң ғана бостандыққа шығады. Бұл қорлыққа шыдамаған Исатай Махамбетпен бірге Нарын өңірінен қол жинап, хан ордасына аттанады. Көтерілісшілер хан әскерін жеңіп, ордаға жақындағанда, Шыман төре мен Балқы би бітім сұрап, алдап кейін шегіндіреді. Кейін Жәңгір хан патша үкіметінен әскери көмек алып, көтерілісті басуға кіріседі. Бекетай құмындағы шайқаста көтерілісшілер қару-жарағы басым патша әскерімен тең шайқаса алмай, көп шығынға ұшырап, Жайық өзенінен өтіп шегінуге мәжбүр болады.