Мәлікеұлы Әбзейіт (1898-1971) – ақын, ағартушы, халық мұрасын жинаушы. Ол қазіргі Алматы облысы, Іле ауданының Жетіген ауылында дүниеге келген. Ұлы жүз дулаттың жаныс-жанту тармағынан тарайды. Әкесі Мәліке – қажы, Іле өңіріне танымал дін қайраткері болған. Әбзейіт Мәлікеұлы алғашқы сауатын әкесінен ашып, кейін Бұхара, Уфа, Қазан қалаларындағы діни медреселерде білім алған. Ол араб, парсы, түрік және орыс тілдерін еркін меңгеріп, шығыс әдебиеті терең игерген. 1930-жылдарға дейін ауылда мешіт ұстап, бала оқытып, ағартушылық қызметпен айналысқан. Әбзейіт ақын ел тағдырын жырлаған тарихи дастандарымен танылды. 1967 жылы ақын өз қолымен жазған қолжазбаларын («Ер Әжібай», «Рысқұл Жылқыайдарұлы», «Т. Рысқұлов», «М. Масанчи» сияқты тарихи дастандары) М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорына тапсырған. Бұлардан «Ер Әжібай» тарихи жыры ғана жарияланған. Ақынның үлкен ұлы Рақымжан ақсақалдың айтуынша, әкесі көз жұмар алдында жазбалары салынған әскери сумканы өзімен бірге көмуді тапсырады. Әке аманатын орындаған балалары ақынның туындылары мен көне кітаптарын қоса жерлейді.