∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы

Қолжазбаның атауы
Төрехан дастаны
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Баяғыда Темірхан хан алғаш Нұрадын ханның қызы Сәулеге үйленгенімен, ұзақ уақыт перзент сүйе алмайды. Кейін түрікпен ханы Қараманның қызы Қарашашты әйелдікке алады. Қарашаштан Егізбай мен Сегізбай атты екі ұл дүниеге келеді. Темірхан олардың құрметіне арнайы сарай салдырып, уақытын көбіне сол отбасымен өткізеді. Бұған ренжіген Сәуле өз тегінің де хан әулетінен екенін айтып налиды. Қырық тоғыз жасында Сәуле егіз ұл мен қыз дүниеге әкеледі. Ұлына Төрехан, қызына Ханбибі деген ат қойылады. Біраз уақыттан кейін Темірхан қайтыс болып, ел ішінде хан сайлау мәселесі көтеріледі. Бұл кезде Егізбай мен Сегізбай ел басқару ісінде тәжірибе жинап, ерлігімен танылған азаматтар болса, Төрехан жастығына байланысты мемлекеттік істерге араласпаған еді. Хандыққа үміткерлер талқыланған кезде жастар Сегізбайды қолдайды. Алайда ақсақалдар Төреханның анасы Нұрадын ханның қызы болғанын, ал Егізбай мен Сегізбайдың нағашы жұрты қалмақ екенін алға тартып, хандыққа Төреханды лайық деп таниды. Халық тілегімен Төрехан хан көтеріліп, алтын таққа отырады.
Қолжазбаның атауы
Ұлықбек/ ۇلىق‌بەك
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Ақсақ Темірдің немересі Ұлықбектің өмір жолы, ғылымға ашқан жаңалықтары мен осы жолда оған істелген кедергілер туралы сөз болады. Көлемі қысқа болғандықтан келелі мәселелер көтерілмейді.
Қолжазбаның атауы
Үміт қыздың өлімі
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Елу бес жастағы Райымбек деген саудагер он екі жасар Үміт деген сұлу қызға ғашық болып, құда түседі. Қыздың әкесі Бектұрған алғашында қарсы болғанымен, Райымбектің әкелген мал-мүлкіне қызығып, қызын шалға береді. Үміт балалы болады, бірақ Райымбектен көп қорлық көреді. Бір күні сол елдің Боранбай деген кісісі Райымбекті өлтіреді. Жұрт оның өлімін Үміттен көреді. Боранбай шындықты айтады. Оған сенбеген Үміттің қайын ағасы Бейбітбай Үмітті өлтіреді.
Қолжазбаның атауы
Төбет батыр туралы / توبه ت  باتر  تورالى
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Бір байдың Зиба есімді сұлу қызы мен Төбет атты бозбаланың арасында сүйіспеншілік сезімі тұтанады. Алайда бұл жағдайды көре алмаған ауыл жігіттері Төбетке дұшпандық жасап, оны қудалай бастайды. Соның салдарынан әкесі Төбетті қауіптен сақтандыру үшін басқа жаққа аттандырады. Жолға шығарда Зиба Төбетке амандық тілеп, жол азығын дайындап береді және қауіп төнсе, астындағы аты белгі беретінін ескертеді. Бірнеше күн жүрген Төбет қалың тоғайға келгенде, тұлпары кісінеп, жаудың жақын екенін сездіреді. Тоғайда жасырынған қарсыласы оған тұтқиылдан шабуыл жасайды. Екеуі жекпе-жекке шығып, шайқас соңында Төбет жауын жеңіп, аман қалады.
Қолжазбаның атауы
Тәуке батыр
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Тобықты мен керей елі бір-бірімен барымта алысып, ерегес туады. Керейлер тобықтының Ыбырай есімді азаматын тұтқындап әкеткеннен кейін, кек қайтару мақсатымен Тәуке батыр жетпіс жігітті бастап Керей еліне аттанады. Жорық барысында Тәукеге жолыққан бір әйел оның бұрын тобықтының кесірінен Ақмолаға айдалғанын еске салып, не себепті сол елдің намысы үшін атқа қонғанын сұрайды. Батыр әйелдің сауалдарына өз өмір жолы мен тағдырын меңзейтін жауаптар береді. Тәуке серіктеріне керейдің жылқысын айдап кетуді тапсырып, өзі қуғыншылардың жолын бөгеп қалады. Барымташылардың соңынан Көкбестіге мінген керей батыры Жекебай қуады. Тәуке алдымен оның астындағы атын атып құлатады, кейін қайта ұмтылған Жекебайды атып өлтіреді. Тобықтылар Тәукенің арқасында керей елін шауып, жылқысын барымталап қайтады.
Қолжазбаның атауы
Сырым батыр
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Бірде Нұралы ханға Кіші жүздің батыры Сырым Датұлының келе жатқаны туралы хабар жетеді. Хан ордасына келген Сырым Нұралының халыққа көрсетіп отырған зорлығы мен әділетсіздігін бетіне басып айыптайды. Бұған ашуланған Нұралы хан нөкерлеріне батырды тұтқындауды бұйырады. Сырым қылышын суырып, ханға қарсы ұмтылғанымен, қарындасы Ақлима ара түсіп арашалап қалады, ауылына қайтып кетеді. Ауылына келгенде Теке Шағанақтың елді шауып, малын айдап кеткенін естиді. Сырым батыр соңынан қуып жетіп, Шағанақты қолға түсіреді. Шағанақ жанын кешіруді өтінгенімен, Сырым оны тұтқындап, айдап әкеткен жылқымен бірге еліне алып қайтады.
Қолжазбаның атауы
Сәтбай батыр / ﺴﺎﺘﺒﺎﻱ ﺑﺎﺘﺋﺮ
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Қалмақ ханы Жамин қазақтарға қарсы жорық ұйымдастыруды көздеп, елін жинап кеңес өткізеді. Қазақтардың белгілі батыры жоқ деген оймен жорыққа шыққан қалмақ әскері Керей руы қоныстанған Өр Алтай өңіріне басып кіріп, елді ойрандайды. Жау Сарытауға жақындағанда, Тәуке елінің рубасы Ақтамберді қарт Сәтбай батырға хабар жеткізеді. Сәтбай батыр қол жинап, Қажағай даласында жауға қарсы аттанады. Шайқас алдында Құдыс батыр жекпе-жекте қалмақтың бес батырын өлтіреді. Бұған ашуланған Жамин хан Сәтбай батырды жекпе-жекке шақырады. Жекпе-жекте Сәтбай Жаминді өлтіреді. Басшысы қаза тапқан қалмақ әскері күйрей жеңіліп, аман қалғандары еліне қашады. Алайда Сәтбай батыр ауыр жараланады. Ел-жұртына: «Ақ түйем өз еркімен шөккен жерге жерлеңдер. Менен қалған бураның басын зиратыма бірге қойыңдар», – деп өсиет айтады. Батырдың аманатын орындаған елі оны ақ түйе шөккен жерге жерлеп, басына биік күмбез тұрғызады. Иесін іздеп үш күн жүрген ақ бура да сол жерде өліп, оның бас сүйегі батырдың күмбезінің төріне қойылады.
Қолжазбаның атауы
Сағындық батыр
Қолжазбаның жанры
Тарихи жыр
Қысқаша мазмұны
Жырда қазақ пен қалмақ арасындағы жаугершілік кезеңдегі оқиғалар суреттеледі. Қалмақ ханы Балықшы Жәнібек ханнан қазақтардың жерді босатуын талап етеді. Жәнібек хан бұл талапты қабылдамай, Сағындық батырды мың қолмен жорыққа аттандырады. Екі жақтың шайқасында қазақ әскері жеңіске жетіп, Балықшы хан қаза табады, ал оның екі қызы тұтқынға түседі. Сағындық батыр қыздардың бірін өзі алып, екіншісін Жәнібек ханға сыйға тартады. Бұдан кейін жырда Орманбет хан елі мен қалмақтар арасындағы соғыс оқиғалары баяндалады.