Найманның бір бұтағы – ақнайман қырықмылтық елінде Қисық деген басшысы руластарынан бөлініп, шет кетіп, жеке қоныстанады. Ол қытайдың губернаторынан шен-шекпен алып, көрші отырған біраз қырғыз еліне зорлық жасап, шектен асады. Жігіттерін жіберіп, қырғызды шауып, 590 жылқысын айдап алады. Оған ызаланған қырғыздың Шәбі деген манабы елін жиып, жүз қолмен аттанып, Қисықтың ауылын тып-типыл қылып, ойран салады, жұртын құлдыққа айналдырады. Мұны естіген найман, керей ағайындары еш көмек бермейді. Қырғыздар тұтқынға Қисықтың інісі Маңыбайды түсіріп, оны еліне әкеліп, қорлайды. Жас жігіт азап пен қорлықтың неше түрлі айла-тәсілдерін жасаса да мойымай, өзінің рухын әрқашан биік ұстайды. Қырғыздар оны малдың арасына байлап, малмен бірге күндер өтеді. Манаптың Шәрбиік деген қызы оның қайсарлығын көріп, ғашық болып, ақыры шешесі арқылы жігіттің аяқ-қолын босаттырады, үстіне киім бергізеді. Қыздың көңілінің таза екенін түсінген жігіт те оны ұнатып, араларында махаббат сезімі оянады. Оны өздерінен басқа ешкімге білдірмейді. Ақыры қыз көңілді шағында әкесінен тұтқын жігітке бостандық беруін сұрайды. Оның жаулық ойы жоқ екеніне көзін жеткізіп, сөзін алады. Манап Шәбі халқын жиып, ламаның қолдауымен ел алдында жігіттен тілегін сұрайды. Сонда Маңыбай қара басына бостандық беріп, қырғыздар арасында қалдыруды, дініне де кіріп, өз сөзін дәлелдейтінін айтқанда, осы расталса Шәбі жігітке қызын да қосатынын жеткізеді. Сөйтіп, Маңыбай басына бостандық алып, будда салтымен қырғыздың дініне кіреді. Манаптың қызына қосылып, ұрпақ таратады. Шәуешек жағындағы ақнайман дейтін бір қауым қырғыз осы тұтқын Маңыбайдың ұрпақтары саналады.