∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Мейір батыр / ﻤﻪﻴﺭ ﺒﺎﺘﺌﺭ

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Мейір батыр / ﻤﻪﻴﺭ ﺒﺎﺘﺌﺭ
3. Авторы (Айтушы)
Әлімбетов Сапарғали (1888-1956) — халық ақыны, жыршы. Семей облысы, Жарма ауданында туып-өскен. 1937 жылдан СССР Жазушылар одағының мүшесі. Он бір жасында әке-шешесінен жетім қалып, өз бетінше оқып, сауат ашады. 1930 жылдары ақын Ілияс Жансүгіровпен танысып, оның кеңесімен бұрын ауыл арасында қисса, дастан жырлап, айтысқа араласып жүрген Сапарғали ақындық жолға біржола ден қояды. Абайға еліктеп “Евгений Онегинді” қазақшалайды, сонымен бірге “Мейір батыр”, “Молдабай палуан”, “Қамбадағы айқас”, “Қойгелді батыр”, “Ақтардың әрекеті”, “Қос жалшының өлімі” дастандарын шығарды. Замандас ақындармен айтысқа түседі. Ұлы Отан соғысы жылдары үгіт бригадасын басқарып, Семей өңірі еңбекшілерінің арасында патриоттық өлең, толғауларын жырлады. “Қызыл жұлдыз” орденімен (1945), медальдармен марапатталды. Шығармалар жинағы (1962, 1970) жарық көрді.
4. Жинаушы, тапсырушы:
1961 жылы қорға Н. Исмағұлов тапсырған.
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
1961 жылы қорға Н. Исмағұлов тапсырған.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
178
8. Бет, жол саны, өлшемі
35; 30; 29х20; 26,5х15
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Сары кеңсе парағына қарындашпен араб әрпінде жазылған.
10. Қолжазба графикасы
Араб әрпінде
11. Жанры
Тарихи жыр
12. Қысқаша мазмұны
Мейір батыр – XVIII ғасырдың соңында Қалба тауында өмір сүрген найман руынан шыққан атақты батыр. Қытай батыры Қарабас қазақ ауылдарын шауып, елдің малын айдап, халыққа зорлық көрсеткен соң, Мейір батыр одан кек алуға серт береді. Қасына Бақтыбай, Ақдәулет және Құлжым батырларды ертіп, Қарабасты іздеп Қытай жеріне аттанады. Жолда батырлар бірнеше ауыр сынақты бастан кешіреді. Мейір батыр айсыз түнде қарсы шапқан аюды найзамен өлтіреді. Құлжым батырдың ескертуіне қарамастан аюдың етін жейді. Кейін бөкенді қуып келе жатқанда аты сүрініп, тұлпары мерт болады. Мұны Құлжым батыр аю етін жеудің кесірі деп жориды. Ұзақ жолда олар бір бейітке паналап, қабір ішінен ыңырсыған дауысты естиді. Жолдастары қорқып қашқанымен, Мейір батыр қабірді ашып, көрге тірідей көмілген жас жігітті құтқарады. Жігіт әлденген соң, өзінің Тоқта тауының маңындағы Байжігіт руынан екенін айтып береді. Мейір батыр Құлжымды оның еліне сүйінші сұрауға жібереді. Жалғыз ұлынан айырылды деп аза тұтып отырған Қалдан бай баласымен қауышып, жетісі үлкен тойға айналады. Осы тойдың хабарын естіген Қарабас батыр Мейір батырды іздеп келеді. Алайда ел адамдары тойдың шырқын бұзбауды өтініп, екі батырдың кездесуін кейінге қалдырады.
13. Басы:
ﺠﺎﺴﺌﻤﺪﺍ ﻮﺰ ٵﮐﻪﻤﻨﻪﻥ ﯗﻘﻘﺎﻥ ﺴﻮﺰﺌﻡ٬ ﺒﻪﺲ-ﺍﻟﺘﻰ ﺠﺎﺲ ﺸﺎﻤﺎﻟﻰ ﻩﺴﺌﻡ ﺒﺌﻟﺌﭖ.
14. Соңы:
ﻘﺎﺰﺍﻘﺘﯓ ﺒﺎﺘﺌﺮﺌﻨﺎ ﺒﻪﺘﺘﻪﻱ ﺍﻟﻤﺎﺱ٬ ﮐﯗﻨﺪﻩ ﮐﻮﺮﮔﻪﻥ ﻩﻟﺌﻨﻪ ﺒﺎﺘﺌﺮ ﺒﻮﻟﺴﺌﻥ.
15. Қосымша мәлімет
Қолжазбаның парақтары қағаздарға желімденген. Жырдың соңындағы 7 жол өшкен.
16. Сандық көшірменің болуы
17. Сипаттаманы дайындаған:
Жұмашай Рақыш