Аға сұлтандық дәуірде Құдабай аға сұлтан екен. Ұятсыз, арсыз, өте қатал адам екен. Бір күні Құдабай Шорман деген қадірлі ақсақалдың үйіне түседі. Бойжеткен қызының мұны қабылдамағанына ашуланады. Қалтасынан насыбай шақшасын алып, оны Шорманның басына қағады. Бұл қорлыққа намыстанған Шорман бұл жайлы баласы Беркінбайға айтады. Беркінбай Омбыға барып губернаторға ауызша шағымданады. Губернатор істің мән-жайын анықтау үшін орынбасарын елге жібереді. Беркінбай ауылдағы барлық еркектерді жолдың екі жағына тұрғызып, губернатордың орынбасары келгенде «Құдабай, Құдабай» деп айтқызады. Мұның мәнін сұраған вице-губернаторға барлығының Құдабайға қарсы екендігін айтады. Құдабайдың қылмысы анықталды деп есептеліп, оны іздетеді. Құдабай оңтүстікке қашып кетіп, ізім-қайым жоғалыпты. Бұдан кейін ел тыныш өмір сүріпті.