Матайдың басты адамдары Қалматай, Тоқтыбай, Мырзатайлар Қаракерей, Жанайға жесір дауын дауламақ болып жолға шығайын деп тұрғанда, Мырзатайдың баласы Бәкен «мен де барам» деп қиғылық сала берген соң, ертіп алады. Жолда шаршап-шалдыққан соң, кезінде бір өзбекке күйеуге шыққан Зәуре деген апайларының үйіне түнемек болады. Үйге келген қонақтарымен амандасып, жөн сұрасып жатқанда, Бәкен: «Қазақтан жігіт табылмағандай өзбекке күйеуге шыққаныңыз қалай?» деп сұрап қалады. Бұл сөзге үйдегі кісілер беттерімен жер басқандай болып, ыңғайсызданып кетеді. Бірақ, Зәуре Бәкеннің айтқанына өкпелемей, керісінше, мойындап, айыбына бір тоғыз жетелетіп шығарып салған екен.