Патша үкіметінің қуғынымен біраз жыл сыртта жүрген Балуан Шолақ еліне сағынышпен оралады. Келсе, бала кезінен бірге өсіп, жақсы араласқан, батыл, әрі сері құрдасы қайтыс болыпты. Елі соның үш күндігін атап өтіп жатыр екен. Сағынған халқын көріп, мауқын басып, артынан шерін басу үшін ауылдастарына бір өтінішін айтады. Марқұм құрдасын жер қойнынан қайта алып, жүзін көріп, «қабіріне өзім салып, өз қолымнан топырақ салайын» дейді. Мұндайды күтпеген жұрт екіге бөлінеді. Бірі «құрдасы ғой, көріп қалсын» десе, екіншілері «мұсылман заңына қайшы» деп қарсы болады. Өзінің жақтаушылары бар екенін естіген Балуан Шолақ бірден күрек алып, жұмысқа кіріседі. Өлікті алып шығып, бақұлдасып, қайыра орнына салады. Жанына екі-үш молданы ертіп келіп, сөйлеп тұрған қажының сөзін де құлағына ілмеген Балуан Шолақ осылай досын ақтық сапарына жөнелтеді. …Бірде қараңғы түнде Балуан Шолақ бір топ жігіттерімен келе жатса, алдарынан бір жарық от пайда болыпты. Жанындағы жігіттер ел жоқ жерде пайда болған оттан секем алып келе жатқанда, әлгі от жақындағандай болыпты. Енді шынымен «сайтан шығар» деп үрейленген жігіттер тоқтай қалыпты. Өз ойымен өзі келе жатқан Балуан Шолақ сонда ғана бұл жағдайды байқайды. «Басқа жолмен жүрейік» деген жігіттердің сөзін тыңдамай «Тәйірі әрі!» деп отқа қарай шаба жөнеліп, ешетеңені таппай, оттың орнында тұрған томарды қамшымен салып жібереді. Оттың жоғалып кеткенін байқаған жігіттер «Арыстанның аруағы сайтанды жеңді» деп таң-тамаша болысады. Сол кездегі ауылдастарының арасында «Балуан Шолақты Алла Тағала екі иығына періштелерін отырғызып жаратқандықтан, ондай адамға пәле-жала жуымайды» деген сенім болған.