«ПРОЗАЛЫҚ ФОЛЬКЛОР - Әңгіме» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Аузың төмен қалды…
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Әңгімеге арқау болған кісі әжеміз ішімдікті ішетін адамды жек көріпті. Арақты көрсе, қария алдымен ала көзімен бір-екі қарап алып, айтарын ақтарып айтып, содан кейін бөлмеден шығып кетеді. Ол кісі «ішкеннің бәрі бірдей мас болады» деп ойлайтын болуы керек. Бірде қонақтар келген де, арақты көрсе де әжеміз орнынан қозғала қоймады. Қонақтың бірі әдепсіздік жасап, арақты бірден қағып салды да, алдына қойған балықты мұрнына тақайды. Қария әлгі жігіт мас болып қалды деп ойлап: – Балам, аузың төмен қалды, төмен, – депті.
Қолжазбаның атауы
Атын атап алды
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Бір ақкөңіл әйел тігіншіге көйлек тіктіріпті. Сөйтсе ол тігінші бір көйлектің орнына екі көйлектің матасын алыпты. Алданғанын білген әйел: «Қайтейін, атын атап-атап алды ғой» деп күйеуіне ақталыпты.
Қолжазбаның атауы
Арбабайдың аңқаулығы
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Ауыл жігіті Арбабай Ақмола-Қараталы темір жолы салына бастағанда өзі сұранып құрылыс жұмысына кіреді. Қарулы жігіт қара жұмысты тыңғылықты істейді. Жол құрылысының басшылары оны үнемі мақтап жүреді. Жол салынып біткен соң адал да қарулы жігітті басшылар жол қараушы қызметіне алады. Ауыл жігіті келісімін береді. Содан оны бір апта бойы жол қараушысының міндетін атқаруға үйретеді. Жол қараушысының шартты белгілері болып есептелетін үш түсті жалаушаларды қандай жағдайда, қалай пайдалану керектігін айтады. Бір күні Арбабайға жол бойында мал бағып жүрген малшы кездесіп, ол мұның жұмысы жайлы, поезд туралы сұрайды. Арбабай «қызыл жалауша көтерсе, поезді тоқтата алатынын» айтып мақтанады. Сол уақытта зулап келе жатқан поезд көрінеді. Сөзін дәлелдемек болған жігіт қызыл жалаушаны қоржынынан жұлып алып, жолдың ортасында тұра қалады. Алқынып келіп, Арбабайға тақай келіп тоқтаған паровоздан қарт машинист Максимов не болғанын сұраса, Арбабай: «Жол аман. Сенің берілген белгіге қалай тоқтайтыныңды сынайын деп едім» дейді. Уақытынан ұтылып келе жатқан машинист мына орынсыз сынаққа ашуланып, Арбабайды жағынан бір тартады да, жүріп кетеді. Тағы бірде Арбабайға ауылдардың малшылары кездесіп, оны мақтай келіп, поезды тоқтата алатынын көрсетуді сұрайды. Мақтаншақ жігіт оларға да көне кетеді. Келе жатқан поезға тағы да жалаушасын көтереді. Бұл жолғы паровоз жүргізуші тағы да Максимов болып шығады. Арбабайдың бұл жолғы қалжыңына ашуланған ол Арбабайды ұрып жығады.
Қолжазбаның атауы
Арақты бітіру үшін іштім
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Қойшыбай күйеу балаларымен, немере інісімен, өз ұлымен қосылып арақ ішіп отырғанда, үстерінен Сақи келіп қалады. Сақи оны оңаша шақырып, сексенге таянғанда балаларымен, күйеулерімен қосылып арақ ішіп отырғанына кейіп, ұрсып алады. Сонда Қойшыбай дүкенде бары төрт шиша арақ екенін, оны ішсе, жастардың мас болатынын айтып, соны бітіру үшін ішкенін айтып, ақталыпты.
Қолжазбаның атауы
Аңшы шал
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Бір аңшы арыз айтып келгенінде болыс оны есігінен де қаратпапты. Арада бірнеше күн өткен соң болыс ауылының жылқысына қасқыр тиіпті. Ауыл адамдары қанша ізіне түскенімен, қасқырлар сытылып кете беріпті. Сонда қуғыншыларға аңшы кез болыпты. Оның жүйрік тазысы бар екен. Тазысы жылқыға шапқан үш қасқырдың бәрін де жайратып тастапты. Болыс итті қолына түсірмек болып, аңшыға келіп сәлем бергенінде, аңшы шал басын да көтерместен тазысына «болыстың сәлемін ал. Бұл маған емес, саған берілген сәлем» деген екен.
Қолжазбаның атауы
Аңшы Жақсыбаев Бөстекбай туралы
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Әңгімеде Бөстекбай аңшының қасқыр, түлкі, қарсақ, киік, қарақұйрық аулағанда қолданатын айлалары жайлы баяндалған. Бір айласында қақпанды құрмас бұрын отқа жағып қызартып, қайта суытады екен. Сонда темірдің иісі шықпайды екен. Суыған қақпанды жерге көміп, белгі салып қоятын болыпты. Неше түрлі амалдармен бір қыста 70-90 аң алатын болыпты.
Қолжазбаның атауы
Аңламас құсбегі
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Аңламас құсбегі Сыр бойы мен Қыр өңіріне аңшылығымен, балықшылығымен атағы жайылады. Бірде Қыр елінің атақты байы Аңламасты сынамақ болып, Сыр бойына келеді. Бай Аңламасқа бір шабақты аулатып, ол шабаққа алтын жүзігін кигізіп, көлге жібереді де, келесі жылы келгенде осы балықты ұстап беруін тапсырады. Бір жылдан соң келген бай Аңламасқа сол балықты тауып беруін талап етеді. Аңламас құралдарымен салға мініп, көлге кетеді де, бір уақытта ұзындығы бір метрге жуық балықты ұстап әкеледі. Бай былтырғы кішкене шабақтың осыншалықты өскеніне сенбей, ішін жарғанда баяғы алтын жүзігі шығады. Бай Аңламасқа ырза болып, сый-сияпатын береді.
Қолжазбаның атауы
Аңқаулар мен қулар
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Баяғыда бір аңқау есегіне мініп сапарланып келе жатса, бір тауға кез болады. Аңқау есегін аяп, жетелеп алыпты. Мұны көрген екі қу баспалап келіп, есектің жүгенін сыпырып алып, бірі есекті алып кетсе, бірі жүгенді басына киіп ап, аңқаудың артынан ере беріпті. Бір жерге келгенде тартыншақтапты. Аңқау артына қараса, есектің орнында адам тұрғанын көріп, мән-жайды сұрайды. Қу болса, өзінің тегінде адам екенін, қарғыс ап, есекке айналғанын және жаңа ғана қайта адам қалпына келгенін айтыпты. Аңқау бұған сеніп, әлгі қуды босатып жіберіпті.