Аңламас құсбегі Сыр бойы мен Қыр өңіріне аңшылығымен, балықшылығымен атағы жайылады. Бірде Қыр елінің атақты байы Аңламасты сынамақ болып, Сыр бойына келеді. Бай Аңламасқа бір шабақты аулатып, ол шабаққа алтын жүзігін кигізіп, көлге жібереді де, келесі жылы келгенде осы балықты ұстап беруін тапсырады. Бір жылдан соң келген бай Аңламасқа сол балықты тауып беруін талап етеді. Аңламас құралдарымен салға мініп, көлге кетеді де, бір уақытта ұзындығы бір метрге жуық балықты ұстап әкеледі. Бай былтырғы кішкене шабақтың осыншалықты өскеніне сенбей, ішін жарғанда баяғы алтын жүзігі шығады. Бай Аңламасқа ырза болып, сый-сияпатын береді.