«ПРОЗАЛЫҚ ФОЛЬКЛОР - Аңыз - Тарихи аңыз» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Төле бидің төреліктері
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Төле би туралы екі аңыздың алғашқысында бір үлкен тойда бәйгеден озып келген жүйрік атқа екі рулы ел таласады. Дауды әділдікпен, көрегендікпен шешкен Төлеге қалың ел риза болады. Ал екінші аңызда Меккеге қажылыққа сапар шеккен адамның жолда небір кедергілерге ұшырап, басы дауға қалады. Түйесін қайырып бер деген адам «көзін ойып алам» десе, қайықшы «қоң етінен бір ширек ет кесіп алам» деп қорқытады. Ал біреуі қайтыс болған әкесінің құнын даулайды. Басы бәлеге қалған жолаушыны Төле би өзінің тапқырлығының арқасында даудан аман алып қалады. Қажы Төле биге бата беріп, алғысын айтып, сапарға аттанады.
Қолжазбаның атауы
Төле бидің сөзге тоқтауы
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Атақты Төле би арқадағы құдаларынан қайтып келе жатып, жол-жөнекей Қаз дауысты Қазыбек бидің ауылына соғады. Ауыл сыртына келгенде бидің алдынан ешкім шыға қоймайды. Азулы би өкпелеп кетеді. Дау-дамайды шешіп болған Қазыбек би жолаушының кім екенін білуге қызметшілердің бірін жұмсайды. Қызметші бидің кері қайтуын, қонақ болып кетуін қанша өтінсе де, би көнбейді. Жолаушының Төле би екенін білген Қазыбек би өзінен бір қателік кеткенін айтып: «Енді бұрылмайды-ау. Енді ол менің бұл қылығымды кез келген жерде бетіме басады-ау» деп қынжылады. Сонда Қазыбектің сегіз жасар баласы Жолжақсы деген баласы әкесінен рұқсат алып, Төле бидің артынан барады. Бала өзінің тапқырлығының арқасында биді айтқанына көндіріп, аулына ертіп келеді. «Төле биді сөзден тоқтатып, аттан түсірген тапқыр бала» атанады.
Қолжазбаның атауы
Тоқтамыс хан мен Едіге батыр
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Тоқтамыс ханның Түкті аяқ деген құсы бопты. Сол сұңқарды тәрбиелеп бағып тұратын Құттықая деген адам болады. Сұңқар жұмыртқалаған уақытта Темір хан деген хан Құттықаяға кісі жіберіп, сұңқардың бір жұмыртқасын ханына білдірмей, беріп жібереді. Тоқтамыс хан: «Сұңқар нешеу туды? – десе, «Екеу туды», – дейді. Темірхан беріп жіберген жұмыртқасын тауыққа бастырып шығарады. Кейін Темір хан аңға шығып, сұңқарын құсқа салып, құс алдырып жүреді. Бір күндерде Тоқтамыс хан аңда жүрсе, бір сұңқар бір үлкен құсты қуып келіп, Тоқтамыс ханға жақындағанда алады. Артынан Темір хан қуып келіп «сұңқардікі» деп алып кетеді. Ол сұңқарды Құттықаяның Темір ханға ұрлап бергенін Тоқтамыс хан біліп қояды.
Қолжазбаның атауы
Тапқыр бала
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Орал өзенінің екі жағасын мекендейтін Бегалы және Топай деген байлардың жылқыларын бір-бірінен қызғанып, мақтанып, соңынан сөзге келісе алмай қалатын сараң тірлігі. Сондай күндердің бірінде сөзден жеңілген Бегалы бай ең мықты деген екі биін Топайды сөзден жығып келуге аттандырады. Топайды қалай сүріндірерлерін білмей келе жатқанда, алдарынан қой бағып, бала Сырым жолығады. Бала болса да сөз тапқыштығымен екі биді таңқалдырады. Сонымен амалы таусылған билер Топайды сөзден сүріндіруге көмектесуге Сырымға өтініш етеді. Сырым олардың бетін қайтармай, Топайдың ауылына барып, аса тапқыр, өжеттігімен жеңіп, Топай байды сабасына түсіріп қайтады.
Қолжазбаның атауы
Тайман мен Бөкей
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Аңызда хандық лауазымын алып, ел болу үшін патшаға барғаны, бірақ ел саны мың үйге толмаса, ел бола алмайтынын білген Бөкей құл алып, бала алып, ебін тауып, мың үйге толтырғаны, кейін Тайман мен Бөкей түйе қомдап, Жайықтан бері өткені, ақыр соңында екеуі екі жаққа көшуге тура келіп, балаларының араздасып қалмауын ескеріп, алдын-ала сөз берісіп, серттескендері жайлы сөз болады.
Қолжазбаның атауы
Сырымның Хиуа ханына баруы
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Хиуа ханы бір жолы Сырымды шақыртып алады. Ол Сырымның хандарға, байларға қас екенін біледі. Хан реті келсе, Сырымды өлтірмек болады. Хан Сырым келместен бұрын оның алдынан бір сыншы адамды дайындап қояды. Аттан түсіп жатқан Сырымның алдынан шыққан сыншы оған қарап, басын шұлғиды. Сонда оған Сырым аузын ашып, тілін көрсетеді. Сырым аяғына малдың тезегін жағып алады. Сол кезде Хиуа ханы Сырымды мұқалтпақ болып сұрақ қойып, соңында өз масақара болып қалады.
Қолжазбаның атауы
Сырымның үш қасиеті
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Аңызда жолда келе жатқан бір топ жолаушыдан жұмбақтап айтып жіберген әйелдің аманатынан Шекті елінде зәбір көріп жүрген байбақтының бір қызы екенін бірден білген Сырымның сол елге барып, қарындасын алып қайту барысындағы Сырым мен әйелдің тапқырлығы сөз болады.
Қолжазбаның атауы
Сырымның Түркмен ханына барғаны
Қолжазбаның жанры
Тарихи аңыз
Қысқаша мазмұны
Бірде Түркімен ханы қазақтарды өзіне қосып алмақ мақсатпен қазақтарға (Түбек еліне) бір шарт қояды. Ханның ол шартын ауыл ақсақалдары, билері бас қосып ақылдасып, шеше алмайтындықтарын біліп, мойынсал болуды ұйғарады, сол жерде отырған Сырым бұл шешіммен келіспей, хан шартын орындауға суырылып шығады. Түркімен ханының алдына барып, асқан тапқырлығымен сөзден жеңіп, ханды өз шартынан бас тартуға мәжбүр етіп, елін аман алып қалған өжеттігі мен алғырлығы туралы баяндалады.