«ПРОЗАЛЫҚ ФОЛЬКЛОР - Аңыз - Күй аңыз» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Соқыр Есжан
Қолжазбаның жанры
күй аңыз
Қысқаша мазмұны
Кіші жүзде Есжан деген аңшы жігіттің жалғыз ұлы болған екен. Бір күні серіктерімен аңға шығып, күні бойы олжа таба алмаған Есжан кешқұрым үйіне қайтып келе жатқанда алдындағы қарайған нәрсені қарақұс екен деп мылтығымен атып түсіреді. Қуана қасына келіп қараса, өзінің жалғыз ұлын көреді. Есі шығып, қатты қайғырған аңшы баласын жоқтап осы күйін шығарған екен.
Қолжазбаның атауы
Қорамжан күйі
Қолжазбаның жанры
күй аңыз
Қысқаша мазмұны
Бір кемпірдің Қорамжан деген жалғыз ұлының Тепеңкөк деген жүйрік аты бар екен. Қалыңдығына ұрын барған түні сол ауылды жау шауып, Қорамжан Тепеңкөкке мініп, жауды қуа жөнеледі. Бүйірі әбден қызған аты лезде қуғыншыларға жетіп барғанда, таудың жартасына жасырынып қалған біреуі оғымен жігітті атып өлтіреді. Осы күй Қорамжанның шешесінің, қалыңдығының жоқтауын, Тепеңкөктің шабысын бейнелесе керек.
Қолжазбаның атауы
Қашқын
Қолжазбаның жанры
күй аңыз
Қысқаша мазмұны
Отыз арыс патша әскерінің бір әкімін өлтіріп қылмысты болған Құрманғазыға хан бұйрығы бойынша іздеу салынады. Қашып жүрген Құрекең Төремұрат деген батырдың ауылына барып, сонда қызмет істегісі келетіндігін айтып, сол арада қалып қояды. Төремұраттың жолдасы бір нәрсені сезгендей, Құрманғазының тегін жүрмегенін біліп, батырға ескертіпті. Бір күні Төремұрат Құрманғазыны шақырып алып жөн сұрайды. Сонда күйші өзінің қылмысты болып бас сауғалап жүргендігін баяндап береді. Аңыз аяқталмаған.
Қолжазбаның атауы
Композитор Дина мен өнерпаздар – «Өз шолағым»
Қолжазбаның жанры
күй аңыз
Қысқаша мазмұны
Бірнеше күйші жігіттер Динаның үйіне өнер көрсетуге келіпті. Ілулі тұрған домбыраға көзі түскен олар Динадан рұқсат сұрап, кезекпен күй тарта жөнеліпті. Кезек Динаға келгенде, ол әлгі күйлерді өз техникасымен орындап берсе керек. Сонда жігіттер күйшіден «Бұл қандай күй?» десе, Дина оларға қарсы сұрақ қояды. Жігіттер күйлерінің аты «Бозмұнай», «Бозшолақ» екендігін айтады. Сол кезде Дина өз күйінің атын «Өз шолағым» депті.
Қолжазбаның атауы
Күйші
Қолжазбаның жанры
күй аңыз
Қысқаша мазмұны
Байдың ауылына қыдырып келген Құрманғазы бай үйіне ат басын бұрады. Құрманғазы келгенде байдың қызы бие саууға шығып келеді, сонда күйші домбырасын алып «Бие сауу» атты күйін тартады. Қыз да домбырашы екен, күйді түсініп жауап күй шертеді. Екеуі бірін-бірі жеңісе алмай ұзақ тайталасқанда, Құрманғазы жата қалып күйін башпайымен шалады. Қызды жеңген күйшіні бай қонақ қылып, келесі ауылға сый-құрметпен жіберген екен.
Қолжазбаның атауы
Еркеатан күйі
Қолжазбаның жанры
күй аңыз
Қысқаша мазмұны
Елсізде мекен еткен шал мен кемпірдің жалғыз Еркетай деген қызы болады. Ол ботадайынан бағып жүрген Еркеатан деген тайлағын көзден таса қылмайтын көрінеді. Бір күні үйінде кесте тігіп ұзақ отырып қалған қыздың есіне Еркеатаны түсіп, далаға шықса жақын жерден тайлағы көріне қоймайды. Іздеуге тау басына шығып қараса анадайдан батпаққа түсіп қалған Еркені көріп, қыз үйдегі әкесінен көмек сұрап айқайлайды. Бірақ әкесі ести қоймай, қыз анадайдан келе жатқан салт аттылардан көмек сұрап айқайлаған екен. Қыздың осы айқайлап айтқанын домбырашылар күй қып тартыпты.
Қолжазбаның атауы
Бұланжігіт
Қолжазбаның жанры
күй аңыз
Қысқаша мазмұны
Бұланжігіт деген жас жігіт ел қорғайтын батыр болуды армандапты. Абылай хан мықты жігіттерді қалмаққа барымта алдыруға жібермекші боп кеңес құрып отырғанда, Бұланжігіт ханнан осы жорыққа жіберуін сұрайды. Сол кезде жігіттің келіншегі келіп оларға жаман түс көргенін айтып, жігітті жібермеуін сұрайды. Бұланжігіт бой бермей қолмен бірге аттанады. Айтқандай-ақ, ол осы жорықта жау қолына ұсталып бір жыл қорлық көреді. Қажыған жігітті қалмақ ханының қызы Қаракөзайым көріп, жаны ашып, әрі сүйіп қалады. Бір түні керегеде байланып тұрған Бұланды қыз еліне босатпақшы болып, астына ат беріп: «Жігіт болсаң, бір іздеп табарсың» деп жібереді. Аман-есен шекарадан өтіп еліне келген уақытта тынығуға, әрі аталарына тәу етуге бейіт басына келіп тоқтапты. Отырған жерінде бір қабырға шаншылған қарқаралыға көзі түсіп кетіп, ол келіншегінің қарқарасы екенін танып зар жылайды. Басынан өткенін есіне түсіріп, әрі келіншегін жоқтаған жас жігіт осы арада мұңлы күйін шығарған деседі. Содан бері Бұлан жігіт сыбызғышы-күйші болыпты.
Қолжазбаның атауы
Бозайғыр туралы аңыз
Қолжазбаның жанры
күй аңыз
Қысқаша мазмұны
Ерте уақытта бір үлкен жұт болады. Жылқы малы түгел қырылып, ішінде жалғыз бозайғыр қалады екен. Жалғыз кезіп жүрген бозайғыр биік таудын басына шығып әбден кісінепті. Осы кісінеген аянышты үнінен күй туындаған деседі.