∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы

Қолжазбаның атауы
Нұржанның шежіресі
Қолжазбаның жанры
шежіре-жыр
Қысқаша мазмұны
Шежіре-жыр әдеттегідей Адам атадан бастап тізбектеп келіп, Орта жүз руларына ауысады. Нұржан Орта жүз – Жанарыстан Қарақожаны, Ақтамды, Дәрмомынды, Смағұлды, Қасымқожаны таратып, Дәрмомыннан Қоңырат пен найманды, Смағұл, Қасымқожадан Керей мен Уақты, Ақтамнан Қыпшақты, Қарақожадан Ақжол және Арғынды өрбітеді. Сөйтіп, өзі жақсы білетін Арғын руына айырықша мән беріп, он Мейрамның төрт баласынан тараған руларға келіп шежірені аяқтайды. «Найман, Қоңырат, Керей, Уақ халіменен, Жазарлық бір сөз еді бар керекті…) деп, мұны кейін жазатынын ескертеді. Өкінішке орай, ол шежіре кейінгі ұрпаққа жетпеген. Мәтін Hұржан Наушабайұлының «Манзұмат қазақия» атты кітабынан көшірілген.
Қолжазбаның атауы
Матай елі Тасыбай балалары тариқиқ шежіресі
Қолжазбаның жанры
шежіре-жыр
Қысқаша мазмұны
Бұл қолжазбаның басқа шежірелерден айырмашылығы мұнда жыр, сызба және қарасөз шежірелер аралас. Мәтінде орта жүз Найман руын таратады. Басы сызба шежіре түрінде басталады да, «Найман», «Көрме – Байгелді – Байжан», «Жәйлаулар», «Жәйлау мақсаты», «Күзекке көшу» аттты тараушалар өлеңмен жазылған. Сонымен қатар, шежіреде қазақ халқының салт-дәстүрі, өмірі, кеңес дәуірінің алғашқы жылдары сипатталған.
Қолжазбаның атауы
Қаракесек
Қолжазбаның жанры
шежіре-жыр
Қысқаша мазмұны
Жырда орта жүз Арғыннан тараған Болатқожаның қалай Қаракесек атанғаны туралы айтылады. Мейрамсопы алыстан әйел алады. Жас келінмен бірге емшектегі баласы бар жеңгесі мен жас қыз еріп келеді. Жаугершілік заман басталып, әйелдер өз елдеріне қайта алмай қалады. Мейрамсопы келіншегімен ақылдасып, жеңгесін тоқалдыққа алады. Бәйбішесінен төрт ұл: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, ал емшекте келген баланың есімі Қамбар, оның анасынан кейінгі туған Шұбыртпалы. Мейрамсопының екі әйелі елден еріп келген жас қыз Қарқабаттың өміріне алаңдайды. Бірде көлден қайтқан келіншектер Қарқабаттың дәрет сындырған жерін көріп, таң қалады. Оның дәрет сындырған жері бір қарыс жер ойылып қалған екен. Қарқабаттың тегін адам емес екенін әйелдер түсініп, оны Мейрамсопыға тоқалдыққа алу туралы ұсыныс жасайды. Мейрамсопы қабыл алып, Қарқабатты үшінші әйелдікке алады. Одан Болатқожа дүниеге келеді. Болатқожа өр мінезді, қайсар жігіт болып өседі. Бәйбішеден туған төрт бала екі тоқалдан туған Қамбар, Шұбыртпалы, Болатқожаға күш көрсетеді. Мейрамсопы дүниеден озған соң, балалары арасында араздық өрши түседі. Аналарының араша түскеніне де болмайды. Енші бөліскенде де тоқалдан туған үшеуіне дұрыс бөлінбейді. Бұған ашуланған Болатқожа қасына Қамбар мен Шұбыртпалыны алып, бір түнде бар жылқыны айдап, Бетпақдалаға жөнеледі. Үшеуі жылқыны бір қораға қамап, демалып жатқанда ағалары Қуандық бастаған қуғыншылар келеді. Қора шыммен қаланған екен. Болатқожа қару болмаған соң, қуғыншыларды қара шыммен ұрып, жеңген екен. Содан бастап «Қаракесек» атаныпты. Қарқабат анасы баласына бата беріпті. Қаз дауысты Қазыбек бидің жетінші атасы осы – Қаракесек.
Қолжазбаның атауы
Қазақ шежіресінен өлеңмен жазылған қысқаша мазмұндама
Қолжазбаның жанры
шежіре-жыр
Қысқаша мазмұны
Жыршы қазақ шежіресінде қысқаша ғана мазмұндап, қазақтың түріктен тарағандығын, «Әнес сахабаның ұрпағымыз» деген пікірге қарсы тұжырымдар келтіріп, оның себебін өзінше дәлелдейді. 1876 жылы Орта жүзден Құнанбай, Кіші жүзден Мырқы, Жаппас қазіреттер қажыға барған сапарларында жаздырып әкелген шежіренің қазақты арабтан тарады деген пікірге итермелегенін, арғы тегіміз – түрік, дініміз – ислам деген қорытындыға келеді. Түріктен Алашты, Алаш ханнан үш жүзді таратады. Сонымен қатар Әбілқайыр, Абылай хан тұсында қазақ халқының Ресейге бодан болғандығы туралы тарихи деректерге де тоқталып өтеді.
Қолжазбаның атауы
Қазақ шежіресі (қысқаша)
Қолжазбаның жанры
шежіре-жыр
Қысқаша мазмұны
Жыршы Орта жүз бен Кіші жүз туралы қысқаша ғана мағлұмат беріп, Ұлы жүзді толық қамтыған, оның атақты батырлары мен билері туралы жырлаған.
Қолжазбаның атауы
Қазақ шежіресі
Қолжазбаның жанры
шежіре-жыр
Қысқаша мазмұны
Бұл жыр-шежіренің басты ерекшелігі – мұнда исламға, жалпы арабтарға қатысты көп сөз қозғалмайды. Тек қазақ ұлты мен руларының ата-тегін, құрылымын ажыратып, үш жүзден бастап бүгінгі рулардың бөлінісіне дейін жырлаған. Шежірені жырлаушы Әлімбай Әлиасқаров жырды жазу үшін жыршы бұдан бір ғасыр бұрын Бұхарада басылған кітаптарды және өзінің жерлесі Қалжан деген ақынның шежірелік қолжазбаларын пайдаланған.
Қолжазбаның атауы
Жыр-шежіре
Қолжазбаның жанры
шежіре-жыр
Қысқаша мазмұны
Жырда орта жүз рулары туралы кеңінен тоқталады. Қожамбет өз атасы Ордабайдан бастап жеті атасын түгендеп, сосын орта жүздің қайдан таралғанына ауысады. Соңында үш жүздің атасы Әнес сахабадан тараған деген тұжырымды айтады. Шежіре өте қысқа жырланған.
Қолжазбаның атауы
Жыр-шежіре
Қолжазбаның жанры
шежіре-жыр
Қысқаша мазмұны
Бұл шежіреде жыршы өз атасынан бастап Әнес сахабаға дейінгі ата-бабаларды жырлайды. Орта жүз руларын айрықша дәріптейді.