∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Қаракесек

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Қаракесек
3. Авторы (Айтушы)
белгісіз
4. Жинаушы, тапсырушы:
Еркін Құлпейісов
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
1990 жыл.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
7. Шифры
1124/106
8. Бет, жол саны, өлшемі
Б. 11; Ж. 22. 16,8х20; 9х18
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Оқушы дәптеріне қара қаламмен жазылған.
10. Қолжазба графикасы
кирилл әрпінде
11. Жанры
шежіре-жыр
12. Қысқаша мазмұны
Жырда орта жүз Арғыннан тараған Болатқожаның қалай Қаракесек атанғаны туралы айтылады. Мейрамсопы алыстан әйел алады. Жас келінмен бірге емшектегі баласы бар жеңгесі мен жас қыз еріп келеді. Жаугершілік заман басталып, әйелдер өз елдеріне қайта алмай қалады. Мейрамсопы келіншегімен ақылдасып, жеңгесін тоқалдыққа алады. Бәйбішесінен төрт ұл: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, ал емшекте келген баланың есімі Қамбар, оның анасынан кейінгі туған Шұбыртпалы. Мейрамсопының екі әйелі елден еріп келген жас қыз Қарқабаттың өміріне алаңдайды. Бірде көлден қайтқан келіншектер Қарқабаттың дәрет сындырған жерін көріп, таң қалады. Оның дәрет сындырған жері бір қарыс жер ойылып қалған екен. Қарқабаттың тегін адам емес екенін әйелдер түсініп, оны Мейрамсопыға тоқалдыққа алу туралы ұсыныс жасайды. Мейрамсопы қабыл алып, Қарқабатты үшінші әйелдікке алады. Одан Болатқожа дүниеге келеді. Болатқожа өр мінезді, қайсар жігіт болып өседі. Бәйбішеден туған төрт бала екі тоқалдан туған Қамбар, Шұбыртпалы, Болатқожаға күш көрсетеді. Мейрамсопы дүниеден озған соң, балалары арасында араздық өрши түседі. Аналарының араша түскеніне де болмайды. Енші бөліскенде де тоқалдан туған үшеуіне дұрыс бөлінбейді. Бұған ашуланған Болатқожа қасына Қамбар мен Шұбыртпалыны алып, бір түнде бар жылқыны айдап, Бетпақдалаға жөнеледі. Үшеуі жылқыны бір қораға қамап, демалып жатқанда ағалары Қуандық бастаған қуғыншылар келеді. Қора шыммен қаланған екен. Болатқожа қару болмаған соң, қуғыншыларды қара шыммен ұрып, жеңген екен. Содан бастап «Қаракесек» атаныпты. Қарқабат анасы баласына бата беріпті. Қаз дауысты Қазыбек бидің жетінші атасы осы – Қаракесек.
13. Басы:
Болғанда елім – қазақ, жерім – Арқа
14. Соңы:
Сондықтан «Қаракесек» атаныпты
15. Қосымша мәлімет
Дәптердің ортасына шумақтарға бөлініп орналасқан.
16. Сандық көшірменің болуы
бар
17. Сипаттаманы дайындаған:
Тоғжан Әкімова