Жыршы қазақ шежіресінде қысқаша ғана мазмұндап, қазақтың түріктен тарағандығын, «Әнес сахабаның ұрпағымыз» деген пікірге қарсы тұжырымдар келтіріп, оның себебін өзінше дәлелдейді. 1876 жылы Орта жүзден Құнанбай, Кіші жүзден Мырқы, Жаппас қазіреттер қажыға барған сапарларында жаздырып әкелген шежіренің қазақты арабтан тарады деген пікірге итермелегенін, арғы тегіміз – түрік, дініміз – ислам деген қорытындыға келеді. Түріктен Алашты, Алаш ханнан үш жүзді таратады. Сонымен қатар Әбілқайыр, Абылай хан тұсында қазақ халқының Ресейге бодан болғандығы туралы тарихи деректерге де тоқталып өтеді.