«АЙТЫС - Қыз бен жігіт айтысы» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
نايمان جانتورە اقىن مەن ارعىن سىرعا قىزدىڭ ايتىسى / Найман Жантөре ақын мен арғын Сырға қыздың айтысы
Қолжазбаның жанры
Қыз бен жігіт айтысы.
Қысқаша мазмұны
Айтыс Мелшібек деген байдың ауылында 1914 жылы өткен. Жантөре Сырғаның жасының жиырмаға келіп, тұрмыс құрмай, үйде отыруын тілге тиек етеді. Айтыстың басы әзіл-оспақ түрінде басталып, арты рулық дау-дамайға ұласады.
Қолжазбаның атауы
جانبۇلان اقىن مەن قاراجان قىزدىڭ ايتىسى / Жанбұлан ақын мен Қаражан қыздың айтысы
Қолжазбаның жанры
Қыз бен жігіт айтысы.
Қысқаша мазмұны
Айтыс 1911 жылы Шақантай деген бидің келіні ұл туып, шілдехана жасағанда болды (қазіргі Қарағанды облысы, Нұра, Талды өзенінің бойы). Екі ақын бір-бірінің басындағы кемшіліктерін кезекпе-кезек жіпке тізіп келіп, Жанбұлан Қаражан қызға: «Су түбінде неше балықтың түрі бар?» — деген сауал қояды. Жайын, сазан, қарабалық, құртқа, шортан, бекіре, алабұға, аққайран, бақа балық, қамбал сияқты балық түрлеріне әрқайсысының түр-түсіне қарай түсінік беретін жері ақынның білімдарлығын танытса керек.
Қолжазбаның атауы
جانبۇلان اقىن مەن ارمان قىزدىڭ ايتىسى / Жанбұлан ақын мен Арман қыздың айтысы
Қолжазбаның жанры
Қыз бен жігіт айтысы.
Қысқаша мазмұны
Айтыс шамамен ХІХ ғасырдың бас кезінде болған. Жанбұлан бір тойда Арман қызға атастырылған жігіті Есіркенің көзінің қылилығын, мінезінің томырықтығын бетіне басады. Әзіл-оспақ түрінде жігітінен айнытып, маған қосыл деген ұсыныс жасайды. Айтыс тілі ұтымды да өткір. Бұрын жарық көрмеген.
Қолжазбаның атауы
Марқа бала мен Бауырсақтың айтысы
Қолжазбаның жанры
Қыз бен жігіт айтысы.
Қысқаша мазмұны
Бауырсақ ұыз Матай ішінде Аталық руынан, ал Марқа бала Қаптағай болып келеді. Айтыс қыз елінде өтеді. Жігіт бетінің шешектен қалған шұбар дағы бар екенін, руының Қаптағай екенін айтады. Қыз дегеннен: «Бұлғақтамай айтыңыз, менімен айтысам деп аяғыңа жем түсіп жүрмесін» дейді. Бауырсақ: «Ащыбұлақты мекендеген елміз, ішімізде орыс та, ноғай да бар», — дегенді тілге тиек етеді. Марқа бала: «Ұраным — Ер Бөрібай, қашаннан-ақ артық жаралғанмын», — деп шалқиды. Қыз: «Руыңды айтып мақтанба, ұрлықпен кәсіп етесіңдер. Мықты болсаң, Есімбегің айдалып, Алматыға барар ма еді?! Пара бері жаны аман қалған», — деп қосады. Жігіт те: «Берекелерің аз, есіл жігіт Ырыскелдің Тескентауға айдалып қор болды. Өзің он бір жасыңнан бастап сенделіп, маңайыңа топ құрдың. Осың жақпады. Бала тумай жүргенің келіспеді», — деп жамандайды. Ызаланып, өлеңмен киліккен шешенің қағытпасына да тоқтамайды. Марқа бала жеңеді. Айтыс он бір буынды қара өлең үлгісіне құрылған.
Қолжазбаның атауы
Садыр мен Матай арасындағы айтыс (Омарбек пен Күніш қыз)
Қолжазбаның жанры
Айтыс
Қысқаша мазмұны
Садыр руынан Күніш деген қыз Матай руының жігіті Омарбекке өз елінің байлығын мақтап: «Садыр руынан Матай руы ешуақытта да артыла алмайды. Сен біреудің малын бағып жүрген машысың», — деп кемітеді. «Күнің үшін күндіз-түні зар қағасың, әуелі қыздан құнсыз сен емес пе!?» — дейді қыз. Қыздың сөзіне ыза болған Омарбек те өз руын мақтап: «Менің Матайдан тараған арғы затымның бәрі де ер болған. Садырдың қыздары бағасыз, аулына қырғыз-ноғай қонғанда не болмап еді, Мықтыбек тісін қайрап сазайыңды берген жоқ па?» — дегенде қыз Омарбектен жеңіледі.
Қолжазбаның атауы
Қалиша мен Мұсабек айтысы
Қолжазбаның жанры
Қыз бен жігіт айтысы.
Қысқаша мазмұны
Айтыс Жалайыр елінде, Қияқбай қызының тойында, 1914 жылы Кескен деген судың бойында өткен. Ақындар бірін-бірі іздеп келгенін айтады. Ақын Мұсабек Қалиша келіншекке: «Бір басыңда бұйымтайым бар, күйеуің Әсембай теңің емес», – дейді. Қалиша жігіттің елі жатақ екенін айта келіп, «Егін егіп, балық аулағансың, маған қолың жетпейді», – дейді. Мұсабек ақын Қалишаға: «Күйеуің Әсембай да егінші еді ғой. Өзіңді астыққа сатып алған жоқ па?» – деп жеңеді.
Қолжазбаның атауы
Ержан мен Баян қыздың айтысы
Қолжазбаның жанры
Айтыс
Қысқаша мазмұны
Екі ақын кезектесіп, аты-жөнін, руларын, туған-туыстарын жырға қосады. Әсіресе Ержан ақын Баянның түпкі атасының әйелі өліп, бір жас қызды алғанын айтып ретінде сөз қылады. Ал Баян да Ержанды сарттан туғансың деп кемсітеді. Байжігіт атанған рулы елді өзбектен немесе қожадан тарады деген аңыз бар. Айтыстың соңында екеуі де өздерінің жарын айтып мақтанады. Сайып келгенде айтыстың ақырында екеуі де татулыққа көшеді. Баян қыз күйеуін: «Кедей де болса теңім, сүйгенім»,-дейді. Ал Ержан ақын да Баян қыздың тапқырлығын бағалап, сүйген жігітіңмен тату-тәтті өмір сүр деп алғыс айтады.
Қолжазбаның атауы
Жұпаркүл мен Әбіштің айтысы
Қолжазбаның жанры
Қара өлең айтысы
Қысқаша мазмұны
Жұпаркүл мен Әбіш айтысы – қара өлең айтысы. Бірін-бірі мақтау, сағыныш, ардақтау, ара-тұра қайымдасып та кетеді. Айтыста танысып-біліскені айтылады. «Сырымды саған айтпай, кімге айтайын, сен де кеудеңдегі мүддеңді айта бергін», – дейді Жұпаркүл. Жігіт көшіп кеткен қызға сағынышын білдіреді. «Ескі жұртыңа қарағанда көзіме оттай басыласың», – дейді. Қыз да: «Мал тапқан жігіт қыз иесі, сізді ойлап, жеңім жастық, етегім төсек болды, бұл дүниеде опадан артық не бар?!» – деген сезімін білдіреді.