«АЙТЫС - Қыз бен жігіт айтысы» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
رعىن مۇسا پۇشىق پەن كەرەي ءدارىجان قىزدىڭ ايتىسى / Арғын Мұса пұшық пен керей Дәріжан қыздың айтысы
Қолжазбаның жанры
Айтыс.
Қысқаша мазмұны
1712 жылы Орта жүздегі Шақантай батырдың келіні ұл туып, той жасайды да, тойға балуан, әнші, күйші, айтыс ақындарын әдейілеп шақырады. Оған 18 жастағы ақындық өнері еліне таралған Дәріжанды арнайы алдыртады. Дәріжан елдегі беделді адамдар арасында өзінің қадірін танытқан Мұса пұшықтан өзін жоғары ұстайды. Мұса қыздың атастырған адамы сақау, өзіне тең еместігін келтіреді де, халық алдында беделін түсіріп жеңеді.
Қолжазбаның атауы
مۇسا پۇشىق پەن اققىزدىڭ ايتىسى / Мұса пұшық пен Аққыздың айтысы
Қолжазбаның жанры
Айтыс.
Қысқаша мазмұны
1914 жылы қазіргі Жезқазған облысы, Шет ауданы, Қасқабұлақ деген жерде Тобықты Қалдаубай Бейсембек байдың асы өтіп жатқанда арғын ішіндегі қаракесек Мұса пұшық Ахметтің Аққызымен кезігіп айтысады. Айтыстың кезінде байлардың ұрлық, өсек-өтірікпен күні өткен өмірі, сол кездегі байлардың қанды тырнағына түсіп, жәбір-жапа көрген Әнет баба, Еспембет, Еңлік, Кебек сияқты азаматтар жайлы айтылып отырады. Мұса да, Аққыз да тіл өткірлігі жағынан бір-бірімен тең түсіп отырғанмен, Мұса Аққыздың 49 бас малға сатылып, байдың бүкір Әлібек деген баласына зорлықпен келгенін желеу етіп, жеңіп кетеді.
Қолжазбаның атауы
ۋبالا مەن جىعا قىزدىڭ ايتىسى / Қубала мен Жыға қыздың айтысы
Қолжазбаның жанры
Қыз бен жігіт айтысы.
Қысқаша мазмұны
Қубала мен Жыға қыз бірқатар, қанаттас өскен адамдар. Руы — Масқар. Қубала Жыға қыздың ауылындағы бір тойға келіп, Жыға қыздың ән салып отырғанын көріп, ән үзілісімен айтысқа шақырады. Жыға қызға Қубаланың ауылындағы егделенген, әйелі өлген адамның 80 өгізбен құда болғанын, билігі болмай, соған еріксіз байланып жүргенін ілік етіп, Қубала жеңудің жолын табады.
Қолжазбаның атауы
قۇل اقىننىڭ قىزدارمەن ايتىسى / Құл ақынның қыздармен айтысы
Қолжазбаның жанры
Қыз бен жігіт айтысы.
Қысқаша мазмұны
Садыр елінде бір байдың төрт қызы өлеңді қосылып айтып, жігіттерді шыдатпапты. «Бөрік кигеннің намысы бір» деп жігіттер өлеңші бала — Құлды алып барыпты. Құл қыздардың мінін сұрап алып, бір-екі ауыз өлеңмен жеңіп кетіпті. Риза болған соң елдің төресі байға айтып, Құлды құлдықтан босатады. Содан той-думанды Құл ақын ғана бастайтын болыпты. Бір тойда тағы бір ақын қыз той бастапты. Мұны естіген Құл қызға өлеңмен дүрсе қоя береді. Бірақ ақын қыз тапқыр екен. Құл ақынды сөздің орайында мүдіртіп тастайды. Құл ақын: «Өмірде бір-ақ адамнан бетім қайтты», — деп айтып отырады екен.
Қолжазбаның атауы
قويشى بالا مەن باي قىزىنىڭ قاعىسقانى / Қойшы бала мен бай қызының қағысқаны
Қолжазбаның жанры
Қыз бен жігіт айтысы.
Қысқаша мазмұны
Айтыста жігіт пен қыздың аты-жөні айтылмаған. Айтыс «Қойшы баланың тойға барып, байдың қызымен қағысқаны» деп аталады. Демек, бір қойшы бала тойға өз бетімен барып, байдың қызымен айтысқа түседі. Қыза келе екеуі бірін-бірі жамандап, тіл тигізеді. Айтыс бірнеше өлеңнен құрастырылған, қолжазбалар жинағына енген. Он бір буынды қара өлең үлгісіне құрылған, көлемі шағын.
Қолжазбаның атауы
قاتيا قىز بەن شەگەن اقىننىڭ ايتىسى / Қатия қыз бен Шеген ақынның айтысы
Қолжазбаның жанры
Айтыс
Қысқаша мазмұны
Найман Қожабай ақынның інісі Шеге ақын қыпшақ қызы Қатия ақынды Торғайға барған сапарында іздеп барып айтысады. «Ауылыңды іздеп келдім, Сарыарқаның биік белінен сәлем», — деп өлеңдетеді ат үстінен. Қатия қыз да: «Рұқсатсыз ауылға келіп, айғайлаған кімсің? Алдымен атыңнан түс, үйге кір, айыбыңды төлерсің», — деп жауап береді. Үлкендерге сәлем беріп, үйге түседі. Халайық жиналып қалады. Қыз қолына сыбызғысын алып, айтысқа әзірленеді. Шеген ақын Арқадан іздеп келгендігін, руының найман екенін айтады. Елдің атақты биі Әлмәмбет айтысқа рұқсат етеді. Шеген қыз басының кемшілігін іздейді. «Барған күйеуіңді кәрісініп қайтып келдің», — деп бетіне салық етеді. Қатия қыз: «Бұл айтқаның жала, мен әуел баста-ақ ризалық бермедім», — деп өзін ақтай сөйлейді. Айтыс қыза түседі. «Жаугершілік заманда 10 адамды патшаға ұстап беріп, опасыздық жасадыңдар. Міне, біздің Ерден батырды айт, ел қамқоры, досқа мейірлі», — деп мақтаныш етеді. Атақты адамдары, билері: «Ерден қазақтың қалың бұқарасының қамқоры болған, төрелер қырғыздарға аттанғанда ермеңдер деп елді тоқтатқан. Сондықтан айтысты тоқтатып, Шеген ағаңа шапан кигіз, жолыңды бер», — деген екен. Он бір буынды қара өлең ұйқасына құрылған.
Қолжазбаның атауы
اقىن قىز قانىم مەن مىرزابەك / Ақын қыз Қаным мен Мырзабек
Қолжазбаның жанры
Қыз бен жігіт айтысы.
Қысқаша мазмұны
Мырзабек деген жігіт ақын қыз Қанымды арнайы іздеп келеді. Айтыс алдында қыз екеуі уәделеседі, Қаным жеңілсе, жігітке күйеуге шықпақ болады. Айтыста жігіт жеңіп, әуде бойынша қызды ауылына алып кетеді.
Қолжазбаның атауы
كەنشىمباي اقىن مەن جاعالبايلى اقسۇلۋ اقىننىڭ ايتىسقانى / Кеншімбай ақын мен Жағалбайлы Ақсұлу ақынның айтысқаны
Қолжазбаның жанры
Қыз бен жігіт айтысы.
Қысқаша мазмұны
Елінде аты шыққан Ақсұлу қызды Кеншімбай өзі іздеп келеді. Ақындар өз руларын мақтасып, бір-бірінің кемшіліктерін бетке басумен болады. Соңында Кеншімбай Ақсұлудың күйеуінің кемістіктерін бетке басқанда қыз өзінің жеңілгендігін мойындайды.