«АЙТЫС - Жұмбақ айтыс» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
ءمۇسليما قىزدىڭ جۇمباعى / Мүслима қыздың жұмбағы (Екі жұмбақ)
Қолжазбаның жанры
Жұмбақ айтыс
Қысқаша мазмұны
Он сегіздегі Мүслима елге екі ауыз өлеңмен жұмбақ жариялап, шешкен адамға тиетіндігіне уәде етеді. Бір қасиетті мақұлық көкте де емес, жерде де емес, байлаусыз, тіреусіз күн кешеді, адамға жақындаса, бақытқа бөлейді. Екіншісі — отыз екі құлағы бар, жиырма бұйрығын орындасаң, он екісі адалыңа қарар деп өлең еткен екен. Бірінші Жұмбақты Һамай деген құс болар. Ол жерге қонбай, жұмыртқасын аспанға салады деп жобалапты Әбілқасым Наурызбайұлы. Екінші жұмбақтың шешуін Түсіп Сансызбайұлы өлеңмен «намаз» деп шешеді. Қарсақбайдан Мүслима қыз табылмағандықтан, жұмбақтың қорытындысы шықпай қалыпты.
Қолжазбаның атауы
قاڭلى ءجۇسىپتىڭ بايسارى قىزىنىڭ جۇمباعىن شەشۋى / Қаңлы Жүсіптің Байсары қызының жұмбағын шешуі
Қолжазбаның жанры
Жұмбақ айтыс.
Қысқаша мазмұны
Байсары қызы 1919 жылы өлеңмен жұмбақ жазып, жұртқа жаяды. «Осы жұмбағымды кім шешсе, соған тиемін», — дейді. Дәмелі ақындардың бірсыпырасы шешуге талпынған. Соның бірі — Қаңлы Жүсіп. Кейбір ақындар бір-бірінен көріп, өзара айтысып, көңіл қалдырысқан. Әсіресе Ешниязұлы Жүсіп Даңмұрынға: «Жұмбақты шығарған сенсің», — деп қатты тиіскен. Даңмұрын Жүсіпке жауап жазған, сөйтіп, ақыры ұзақ дауға кеткен.
Қолжазбаның атауы
Шораяқтың Омары мен Нұрмаханның айтысы
Қолжазбаның жанры
Жұмбақ айтыс
Қысқаша мазмұны
Бұл жұмбақ айтысы 1918 жылы болған. Шораяқтың Омары Нұрмаханға жылқының сәурігі мен қысырағын жұмбақ етіп айтқанда, оны: «Етпей-ақ ерді-сәурік, қызды-қысырақ, жоқ па еді сыпайы сөз одан өзге»,-деп Нұрмахан шешім айтады. Бір-бірімен қалжың айтысып отыра, оны үлкен ерегіске айналдырып жіберетін айтыстың мұндай түрінде даналық ойлар мен сөз шеберлігі байқалмайды. Бір-бірмен орынсыз кінәласып, бірінен бірі жеңілсе жер қауып қалатындай ретсіз намысқа тырысқан болады. Шораяқтың Омары мен Нұрмаханның мұндай нәтижесіз, мазмұнсыз айтысына Тұрмағамбет аралық бітім сөз айтқан. Екеуінің айтқанынан гөрі Тұрмағамбеттің оларға тоқтау айтқан сөзінде үлкен өнеге, бірлікке шақырған үлкен мағына бар. Айтыс он бір буынды қара өлең үлгісіне құрылған.
Қолжазбаның атауы
Шораяқтың Омары мен қыз
Қолжазбаның жанры
Жұмбақ айтыс
Қысқаша мазмұны
1918 жылы Омар қайын жұртына барғанда балдыздары жиналып келіп, жұмбақ үйретуін сұрапты. Сонда Омар оттың басында тұрған қол жуатын қара құманды жұмбақ етіп жазып бере қояды. Бірақ балдыздары жұмбағын шеше алмайды да, тамақ даяр болып қол жууға айналғанда өзі шешіп береді.
Қолжазбаның атауы
Қарасақал Ерімбет пен Шораяқтың Омарының жұмбақ айтысы
Қолжазбаның жанры
Айтыс
Қысқаша мазмұны
Бұл айтыс, негізінен, 1905-1909 жылдар аралығында болады. Ерімбет жұмбақ айтады, оны Омар шешеді. Ерімбет малдың мүшесін, тілдің жүйріктігін, ойдың тереңдігін, адамның дене мүшелеріне дейін жұмбақтаса, Омар өз кезегінде соның бәрін орынды шешіп отырады. Ерімбеттің төртінші жұмбағынан кейін Балқы Оразымбет Есентайлақұлы Шораяқтың Омарына: «Сен әлі жассың. Айтысты қой», — деп өлеңмен басалқы айтады. Әйтсе де Омар Ерімбеттің соңғы жұмбақтарының шешімін дұрыс тауып, өлеңмен жауап қайтарады.