Екі ақын кезектесіп, аты-жөнін, руларын, туған-туыстарын жырға қосады. Әсіресе Ержан ақын Баянның түпкі атасының әйелі өліп, бір жас қызды алғанын айтып ретінде сөз қылады. Ал Баян да Ержанды сарттан туғансың деп кемсітеді. Байжігіт атанған рулы елді өзбектен немесе қожадан тарады деген аңыз бар. Айтыстың соңында екеуі де өздерінің жарын айтып мақтанады. Сайып келгенде айтыстың ақырында екеуі де татулыққа көшеді. Баян қыз күйеуін: «Кедей де болса теңім, сүйгенім»,-дейді. Ал Ержан ақын да Баян қыздың тапқырлығын бағалап, сүйген жігітіңмен тату-тәтті өмір сүр деп алғыс айтады.