«ПРОЗАЛЫҚ ФОЛЬКЛОР - Әңгіме» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Балгер тәуіп
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Бірде Күсеп ел кезіп жүріп бір үйге келіп қонады. Үй иесі жолаушылап кеткен екен. Түн ортасында Күсеп шымылдық ішінен күбірлеген дыбыс естиді. Күсеп бөтен жігіт пен жас әйелдің әңгімесіне кірісіп, әйел оқыстан төсектен құлап денесін ауыртып алады. Ертесіне күйеуі келіп әйелінің кеселін Күсепке емдетпек болады. Күсеп қу қолына домбыра алып, безілдетіп тартып, басқа адам анық ести алмайтындай етіп, дереу жазылмаса күйеуіне жеткізетінін айтқанда әйел басын көтереді. Күсеп сырқатты емдеп жазған тәуіп ретінде сый-сияпатпен аттанады.
Қолжазбаның атауы
Балапанды Барқын таз
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Қолжазбада Барқын деген таздың «Балапанды Барқын қаз» атану себебі айтылады. Барқын деген кісі бір сартпен тамыр болыпты. Өзінің басы таз екен. Бір күні Барқын сарт тамырына келіпті. Сарт тамыры бала-шағасына апарып берсін деп, Барқын тазға тауықтың алты жұмыртқасын беріпті. Барқын алтауын да жалаңаш қойнына салып алып, алты күн арада, он күн ортада жүріп үйіне келсе, қойнының бәрі толған балапан екен, өре тұра келіпті дейді.
Қолжазбаның атауы
Бала кімге тартады?
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Мәтінді жазып алушы Совет өкіметінің алғашқы жылдарында бұрынғы Атбасар уезіндегі елдерді қызмет бабымен аралағанын, қариялардың әңгімесін тыңдап, кейбірін қағазға түсіргенін жазады. Бәубек Бекмырзаұлының семья құрамы жайында айтқан әңгімесін қарттардың баяндауымен жазып алғанын жеткізеді. Батыр төрт некелі болғанын, алғашқы үш әйелден туған балаларының өзіне тек сыртқы сымбаты, бет ажары жағынан ұқсағанын, ал мінез-құлық пен ой-өрісі жағынан нағашыларына тартқанын айтқан. Осыған байланысты, бала ұзақ уақыт құрсақта көтерген, туғаннан кейін күні-түні мәпелеп баққан анасына тартатынына көзі жеткенін айтқан екен.
Қолжазбаның атауы
Бала әкеден кем туа ма?
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Әтембек биді сынамақшы болған Мақаш: – Әтембек, осы бала әкеден сынық сүйем кем туады дейді. Сол өтірік-ау, менің әкем Шолтыр сауатсыз, ауыл арасынан ұзап шықпаған адам еді. Ал мен оқыдым, ел басқарған әкіммін. – Е, бала әкеден кем туа ма, артық туа ма, кім білген?! Менің білетінім әкең Шолтыр өз әкесі Бекмұханбет өлгенде күмбездеп мола салып, перзенттік парызын өтеген еді. Сен әкеңе соны да істей алмадың ғой, – деген екен.
Қолжазбаның атауы
«Бақтыбаланың зары» деген өлең қалай туды?
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Әңгімені айтушы өзінің жары Бақтыбаламен қалай танысып, қалай көңіл қосқаны жайлы баяндайды. Бақтыбаланы туыстары Төлеңгіт қажының баласына бермек болғанда, ол жігіт қаза болады. Бақтыбаланы жігіттің тоғыз жастағы інісіне әпермек болады. Ұзатылып бара жатқан Бақтыбала сүйгеніне арнап ән шығарыпты. Бұл өлең ел арасына кең таралып, той-томалақ, ойын-тойларда сүйіп тыңдайтын әнге айналыпты.
Қолжазбаның атауы
Бақаның сәуегейлігі
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Он тоғызыншы ғасырдың аяғында Шығыс Қазақстанда Бақа деген адам болыпты. Бір ат, бір сиыр, бес ешкісі бар екен. Күзде жалғыз атын жылқыға қосып жібереді. Көктемде көтерем атын көрген Бақа жылқышылардың оған қос артқанын біледі. Бақаның атына қос артқанын білгенін естіген бір жылқышы таң қалып, оны сәуегей көреді. Жазда байдың атан түйесі жоғалып, бай малшыларын қысқан кезде сол жылқышы Бақаның сәуегейлігін айтып, соның табатынын айтады. Бай Бақаны алдыртып, атанды тауып беруін талап етеді. Бақа түс көрсем айтармын деп, түнде атымен қашып бара жатқанда терең құдыққа түсіп кеткен атанды көреді. Ертеңінде байға түйесінің құдықта жатқанын айтып, сый-сияпатпен үйіне қайтады. Сөйтіп, оның сәуегейлігі елге жайылып, атағы шығады. Сондай амалдармен сәуегейлік жасап, даңқы аса береді. Бақаны іздеп келген нағашысы оның ешбір сәуегейлігі жоғын біліп, түн ішінде көшіріп әкетеді.
Қолжазбаның атауы
Баймұрат қарттың әңгімелері
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Жем өзенінің бойын қыстаған Баймұрат деген қарттың әңгімелері. Алғашқы әңгімесінде ауданың жаңа басшысы ақсақалға сәлем беруге келеді. Баймұрат келген қонақты жылы қабылдап, ешкі сойып, қонақасы береді. Келген қонағына бар мәзірін, жоқ жайын айтып, шығарып салып тұрғанда қонақ қайта-қайта рахмет айта беріпті. Сонда қарт: – Ешкі сойып бергенде осынша рахмет айттың, қой сойып берсем, үйден шықпайтын иттің бірісің-ау, – деп, қонақтың шектен тыс жалпылдағанын жақтырмапты. Ал екінші әңгіме Баймұрат ақсақалдың қартайып сексеннен асып, жағдайы нашарлағаны туралы. Балалары әкесінен «олай-бұлай болып кетсеңі, қай молаға қоямыз?» деп сұрапты. Аталарының бейіті алыста болса керек, қиналып жатқан Бәкең қарт: – Не деп тұрсың? Енді маған қай мола қалың беріп, қатын әперер дейсің, осы жерге қоя сал, – деген екен.
Қолжазбаның атауы
Байқұда палуан
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Бұл әңгімеде көзін көрген ақсақалдардың бірі Байқұда палуанның құдыққа түсіп кеткен інген түйені қара күшпен тартып алып шыққан алып күштің иесі екенін айтса, енді бірі Семей жеріне цирк ойындарымен келген ағылшын палуанын оң жамбасқа алып ұрған ерлігін айтады. Ал енді бірі палуанның астындағы мініп жүрген айғырын астына кіріп көтеріп алып кете беретін қызықты шақтарын айтып отырады.