Он тоғызыншы ғасырдың аяғында Шығыс Қазақстанда Бақа деген адам болыпты. Бір ат, бір сиыр, бес ешкісі бар екен. Күзде жалғыз атын жылқыға қосып жібереді. Көктемде көтерем атын көрген Бақа жылқышылардың оған қос артқанын біледі. Бақаның атына қос артқанын білгенін естіген бір жылқышы таң қалып, оны сәуегей көреді. Жазда байдың атан түйесі жоғалып, бай малшыларын қысқан кезде сол жылқышы Бақаның сәуегейлігін айтып, соның табатынын айтады. Бай Бақаны алдыртып, атанды тауып беруін талап етеді. Бақа түс көрсем айтармын деп, түнде атымен қашып бара жатқанда терең құдыққа түсіп кеткен атанды көреді. Ертеңінде байға түйесінің құдықта жатқанын айтып, сый-сияпатпен үйіне қайтады. Сөйтіп, оның сәуегейлігі елге жайылып, атағы шығады. Сондай амалдармен сәуегейлік жасап, даңқы аса береді. Бақаны іздеп келген нағашысы оның ешбір сәуегейлігі жоғын біліп, түн ішінде көшіріп әкетеді.