«ЭПОС - Ғашықтық дастан» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
يۋسۋف ءھام زىليحا تۋرالى / Юсуф һәм Зылиха туралы
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан
Қысқаша мазмұны
Жақыптың он бір ұлы болады. Соның бірі он бір жасар Жүсіп нәби ұйықтап жатып бір ғажайып түс көреді. Көрген түсін атасы Жақыпқа айтады. Атасы: “Ей, ұлым, бұл түсіңді еш жанға айта көрме. Ағаларың естісе сені күндеп, залымдық істер. Сенің атың бүкіл әлемге мәшһүр болады. Он бір ағаң саған қызмет етеді”, – деп жориды. Атасының Жүсіп нәбиге айтқан сөздерін он бір ұлдың ішіндегі жалғыз қыз Дина естіп, ағаларына айтады. Мұны естіген ағалары Жүсіппен жеке кездесуді іздейді. Бір күні ағалары атасына келіп: «Біз бүгін серуенге шығамыз, бізбен бірге Жүсіп те барсын», – деп інісін сұрап алады. Кең далаға шығысымен ағалары Жүсіпті сабайды. Жүсіп нәби өзінің әдемілігімен, адамгершілік қасиетімен, ақылдылығымен дәрежесі патшалардан да артық болады. Жүсіп нәби көп жыл ғашық болып жүрген Зылиқамен қосылып, ақырында мұратына жетеді. Күншіл ағаларының өмірлері Жүсіпке қызмет етумен өтеді.
Қолжазбаның атауы
Фархад-Шырын дастаны
Қолжазбаның жанры
Ғашықтық дастан
Қысқаша мазмұны
Ә.Ахметовтың жырлауындағы дастан бірнеше бөлімдерден тұрады: 1) Фархадтың тәрбиеленуі. 2) Фархадтың көрген қасіреті. 3) Патшаның ұлына тағын ұсынуы. 4) Фархадтың Сүлеймен пайғамбардың жүзігін алуы. 5) Фархад пен Шапурдың танысуы. 6) Фархадтың Шырынды көріп, есінен тануы. 7) Фархад пен Шырынның кездесуі, т.б.
Қолжазбаның атауы
Шаһзада Саламат
Қолжазбаның жанры
Ғашықтық дастан
Қысқаша мазмұны
Бұл дастанда бір шаһардың патшасы қайтыс болып, әйелі екі қабат күйінде жесір қалады. Ол аман-сау босанып, баласының атын Шаһзада қояды. Баласы он сегізге келгенде әкесінің орнын басқан патшаның қызына ғашық болады. Мұны білген патша баланы дарға асуды бұйырады. Патшаның кең ойлы уәзірінің арқасында екі жастың бір-біріне шын ғашық екенін білген патша, дарға асу жазасын кешіп, Шаһзадаға қызын қосады.
Қолжазбаның атауы
Шаһизада/ شاھزادزا
Қолжазбаның жанры
Ғашықтық дастан
Қысқаша мазмұны
Дастанның бірнеше нұсқалары бар. Оқиғасы негізінен патша ізбасары Шаһизаданың әкесінің тағын қайтару жайындағы ерлігі мен оның Сағымжамал сұлуға ғашықтық сапарына арналған.
Қолжазбаның атауы
Шайқан–Күләш
Қолжазбаның жанры
Ғашықтық дастан
Қысқаша мазмұны
Дастанда Шайқан мен Күләштің сүйіспеншілігі жырланады. Теңіне қосыла алмай, қатын малға сатылған Күләштің аянышты тағдыры сөз болады.
Қолжазбаның атауы
Хасен-Жәмилә/حاسەن – جەمىلە
Қолжазбаның жанры
Ғашықтық дастан
Қысқаша мазмұны
Хасен де, Жәмилә да кедей-жалшының семьясында өскен. Екеуі бірін-бірі сүйіп, қосылмақшы болып жүргенде, Жүніс деген бай Жәмиланың әкесі Бейсенге құда түсіп, баласы Патшабекке зорлап әпермекші болады. Бір күні Хасен Жәмиланы алып қашып, қапылыста қолға түсіп қалады. Одан зорға дегенде құтылып шығады. Соңғы ұсталуында үстем тап өкілдері Хасен мен Жәмиланың жаңа туған нәрестесін тірідей, айдалаға тастап, өздерін түрмеге қамайды. Жәмилә да сол көтеріліске қатысады. Екі жас өз мақсаттарына жетеді.
Қолжазбаның атауы
Жанша батыр мен Айжан қыз
Қолжазбаның жанры
Ғашықтық дастан
Қысқаша мазмұны
Бұрынғы заманда Манап ханның қол астындағы жомарт саятшы Түмен мерген аң аулап жүріп, дәу Мөңке мергеннің тұтқынындағы сұлу Айжанды құтқарады. Айжан өз өмірін және сүйгені Жанша батыр туралы баяндайды. Жанша – Баттал батырдың жалғыз ұлы. Әкесі қайтыс болғаннан кейін дұшпандары оны өлтірмек болады. Ата-анасының батасын алған Жанша Айжанмен бірге елге аттанады. Жолда қалмақ батыры Нәдірді жекпе-жекте өлтіріп, жаумен шайқасады. Кейін тұтқынға түссе де, жаудан құтылып шығып, Айжанды іздейді. Айжанды Манап ханның адамдары алып кеткенін жаралы Түмен мергеннен естиді. Манаптың ордасына келіп, ханды өлтіріп, Айжанды босатып алады. Екеуі Түмен мергеннің, кейін Айжанның әкесі Нұралының батасын алып, туған еліне оралады. Ақыры екі жас қосылып, үлкен той жасалады.
Қолжазбаның атауы
جابال باتىر مەن تاڭشەبەر قىز / Жабал батыр мен Таңшебер қыз
Қолжазбаның жанры
Ғашықтық дастан
Қысқаша мазмұны
Жырда арғынның тобықты руынан шыққан Қожаберген батырдың елін қорғаудағы ерлігі баяндалады. Ол қалмақ батыры Ұлалымен шайқаста қаза тауып, жары Таңсұлу тұтқынға түседі. Намысын сақтаған Таңсұлу қалмаққа әйел болмас үшін мұрнын өзі кесіп, күң болып өмір сүреді. Құрсағындағы ұлы әкесінің кегін алады деген үмітпен Жапалды дүниеге әкеліп, қиындыққа қарамастан тәрбиелеп, сауатын ашады. Ержеткен Жапал әкесінің өлімінің шындығын біліп, туған еліне оралады. Туыстарынан қол жинап, қалмақтарға қарсы аттанады. Жекпе-жекте Ұлалыны жеңіп, әкесі Қожабергеннің кегін қайтарады. Кейін қалмақтың ақылды әрі сұлу қызы Таңшеберге үйленеді.