«ЭПОС» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Қалқаман-Мамыр.
Қолжазбаның жанры
Ғашықтық дастан.
Қысқаша мазмұны
Қалқаман мен Мамыр бір-бірін сүйіп, бірге қашуға келіседі. Әнет бастаған ел ақсақалдары істі малмен бітірмек болғанымен, Мамырдың ағасы Көкенай оған көнбейді. Көкенайдың оғынан жараланған Қалқаман аман қалады, бірақ еліне өкпелеп, Бұқара жаққа кетеді.
Қолжазбаның атауы
Қалима сұлу.
Қолжазбаның жанры
Хикалық дастан.
Қысқаша мазмұны
Дастанда патша қызы Қалиманың өгей шешесінің зұлымдығынан көрген қиындықтары баяндалады. Әкесі жоқта жалған жаламен үйінен қуылған Қалиманың аяғын кесіп тастайды. Сана есімді жігіт оны әйелдікке алып, екеуінің ұлы болады, бірақ кейін Қалима тағы да қуылып, жолда баласынан айырылады. Одан соң ол Сағым атты мергенге қосылып, оның рұқсатымен әкесінің сарайына аспаз болып орналасады. Сарайда болған оқиғаның ақиқаты ашылып, тоқал өлтіріледі; Қалима Санада қалады, ал Сағымға шаһардың бір сұлу қызы қосылады.
Қолжазбаның атауы
Қаһира – Таймыс қиссасы / قاھيرا – تايمىس قىسساسى
Қолжазбаның жанры
Хикалық дастан.
Қысқаша мазмұны
Елу жастан асқанда перзент көрген араб патшасы мен уәзірінің ұлдары бірге өсіп, білім алады. Сұлу ханша туралы естіген достар оны іздеп алыс елге аттанады. Ханша басқаға ұзатылғалы жатқанда, достарының бірі әйелше киініп, оның орнына барып, қызды алып қашады. Көп қиындықты жеңген достар екі патшаның қызымен қосылып, мұраттарына жетеді.
Қолжазбаның атауы
Қағира мен Таймус / قاغيرا مەن تايمۇس
Қолжазбаның жанры
Хикалық дастан.
Қысқаша мазмұны
Елу жастан асқанда перзент көрген араб патшасы мен оның уәзірінің ұлдары Таймус пен Қаһира бірге өсіп, білім алады. Сұлу Малика туралы естіген достар оны іздеп алыс Шынмалы еліне аттанады. Малика басқаға ұзатылғалы жатқанда, Қаһира әйелше киініп, оның орнына барып, қызды алып қашады. Қаһира мен Таймус бастарынан талай қиындық өткізіп, екі патшаның қызымен қосылып, мұраттарына жетеді.
Қолжазбаның атауы
Күлмесхан.
Қолжазбаның жанры
Хикалық дастан.
Қысқаша мазмұны
Ертеде еліне танымал Күлмесхан атты патша болған. Екі әйелі болса да, бір перзентіне зар екен. Баласыздықтың қайғысынан, патша еш уақытта бір күлмеген соң, халық оны «Күлмесхан» деп атап кеткен. Алпыс жасқа келгенде Күлмесхан бір балықшының Нұрайым атты сұлу қызына үйленіп, балалы болады. Оны көре алмаған екі күндес баланы иттің күшігімен ауыстырып қойып, патшаға әйелдің күшік туды деп хабар бергізеді. Патша Нұрайымды Барса келмес аралына апарып, дарға асуды бұйырады. Баласы Рүстем анасын құтқарып қалады.
Қолжазбаның атауы
Күміс шам.
Қолжазбаның жанры
Хикалық дастан.
Қысқаша мазмұны
Дастанда ақымақ Сайым ханның түсі және батыр, дана Масау хан түсінде көрген сұлу қызды іздеп табуы баяндалады. Қызды іздеу жолында Масау күміс шам тауып алады. Шамның ішінен иесінің тілегін орындайтын екі сарбаз шығып, олардың көмегімен Масау қызды тауып, оның құпияларын ашады. Екеуі қосылған соң, қыз сиқырлы шамды біліп, Масаға қастандық жасайды, бірақ кейін қатесін түсініп, олар қайта табысады. Қартайған Сайым хан екеуіне бақыт тілеп, тағын ұсынады; сөйтіп, Масау екі елдің ханы болып, бақытты өмір сүреді.
Қолжазбаның атауы
Көркемше.
Қолжазбаның жанры
Хикалық дастан.
Қысқаша мазмұны
Бағдат патшасы Көркемше бала тілеп, тілегі қабыл болғанымен, жорықта арыстаннан жараланып, тағын ұлы ержеткенше уәзірі Шаһмасқа тапсырады. Тақты иеленгісі келген Шаһмас патшайымды өлтірмек болады, бірақ басқа уәзір нәрестені құтқарып, оған Ер Шеризат деп ат қойып, арыстан сүтімен өсіреді. Кейін Қабдулла баланы тауып алып тәрбиелейді, ал Ер Шеризат ержетіп, әскербасы болады. Уәзір қалдырған хаттан шындықты білген Ер Шеризат Шаһмастан кегін алады.
Қолжазбаның атауы
Кесікбастың хикаясы
Қолжазбаның жанры
Хикалық дастан.
Қысқаша мазмұны
Бір күні Пайғамбар мен жұрт далада домалап келе жатқан басты көреді. Бас өзін Сала Софы деп таныстырып, Дәу басын денесінен бөліп алғанын, ұлынан айырылғанын айтып, көмек сұрайды. Әзірет Әли Пайғамбардың рұқсатымен Дәудің мекеніне барып, оны жеңіп, мұсылман тұтқындарды босатады. Алла Тағаланың көмегімен батырдың басын денесіне жалғап, оны тірілтеді.