Қалмақ ханы Жамин қазақтарға қарсы жорық ұйымдастыруды көздеп, елін жинап кеңес өткізеді. Қазақтардың белгілі батыры жоқ деген оймен жорыққа шыққан қалмақ әскері Керей руы қоныстанған Өр Алтай өңіріне басып кіріп, елді ойрандайды. Жау Сарытауға жақындағанда, Тәуке елінің рубасы Ақтамберді қарт Сәтбай батырға хабар жеткізеді. Сәтбай батыр қол жинап, Қажағай даласында жауға қарсы аттанады. Шайқас алдында Құдыс батыр жекпе-жекте қалмақтың бес батырын өлтіреді. Бұған ашуланған Жамин хан Сәтбай батырды жекпе-жекке шақырады. Жекпе-жекте Сәтбай Жаминді өлтіреді. Басшысы қаза тапқан қалмақ әскері күйрей жеңіліп, аман қалғандары еліне қашады. Алайда Сәтбай батыр ауыр жараланады. Ел-жұртына: «Ақ түйем өз еркімен шөккен жерге жерлеңдер. Менен қалған бураның басын зиратыма бірге қойыңдар», – деп өсиет айтады. Батырдың аманатын орындаған елі оны ақ түйе шөккен жерге жерлеп, басына биік күмбез тұрғызады. Иесін іздеп үш күн жүрген ақ бура да сол жерде өліп, оның бас сүйегі батырдың күмбезінің төріне қойылады.