Шығармада Дотан батырдың қалмақ шапқыншыларына қарсы ерлік істері жырланады. Дотан батыр — жапанда жалғыз өзі өмір сүріп жатқан Құбақанбайдың 40 ұлының кенжесі. Оңаша өміріне наразы Дотан өз бетімен жер шарлап, ел іздейді. Ұзақ сапарында қалмақтардың жаугершілігіне ұшырап, жалғыз қаңғып жүргенде дала босқындарына кездеседі. Оларды өзіне жолдас қылып алады. Олармен Шынтемір ханның еліне барады. Шынтемір ханның қызы Күнікейді қалмақ ханы күшпен алғалы жатыр екен. Дотан батыр мұны естіп, Жазира ханға ойран салады. Ханды 500 әскерімен құртып жібереді. Күнікейді алып қайтады. Тойын жасайды. 39 ағасымен сапар шегеді. «Хансыз 40 мың үй, 40 боз үй» деген елге жетеді. Дотан батыр бұл елді қалмақ шапқыншылығынан қорғайды. Жәбір көрген елді өз жеріне көшіріп алады. Дотан еліне әділ хан болады.