«ПРОЗАЛЫҚ ФОЛЬКЛОР - Аңыз - Шежірелік аңыз» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Ақ көңірдек пен Қара көңірдек рулары жайында
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Қай айтушы болса да Көңірдекті тікелей Бораш батырдан туғызады. Шешесін Жәнібек ханның қызы етіп көрсетеді. Өйткені Ахметтен туған Ойсылдың отыз ұлының бірі – Бораш батыр. Осы Бораш батыр мен Жәнібектің Ойсылдың отыз ұлын қырғынға ұшыратқанда оның қызынан туған баласы көңге орап тығып тастап, аман алып қалады. Көңнен шығарып алған баланы көңірдек деп атап кеткен. Осы көңірдек жайлы, оның ұрпақтары жайлы қысқаша айтылады.
Қолжазбаның атауы
Адам алейсаламнан Адам пайғамбарға шейін
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Әнес бес жасында жетім қалып, жоқшылықтан күнкөріс қиындап, анасы оны Мұхаммед пайғамбарға алып келеді. Пайғамбардың қолында жүріп, үйленеді. Жағдайы төмендей берген соң, пайғамбар тағы да әйел алуына ақыл айтады. Сонымен үш әйел алып, отын шауып, оны төртеуі базарға апарып сатады. Артылған ақшаға лақ сатып алады. Сөйтіп, жағдайы түзеледі. Ары қарай Мұхаммед пайғамбар туралы аңыз келтіреді де, Әнестен шежіре таратады. Майқыдан Өзбек, Жаһін, Жаһіннен Айырқалпақ, Келмек, Айырқалпақтан Қазақ, Созақ екі ұл болған екен дейді. Қазақтан Алаш, Наурыз болыпты. Наурыздан бала болмапты. Наурыз өлер алдында інісі Алаштың балаларын шақыртып айтқан екен: «Қабыл көрсеңдер, қаза болған күнімде әр үйің бір-бір қазан құдайы көже қылып, Наурыз келді деп көрісіп, атымды атасаңдар болды». Алаш балалары хош көріп, бұл өсиетін қабыл алады. Алаштан Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс үш ұл болады. Ақарыстан Кеңес жалғыз, Кеңестен Үйсін жалғыз. Үйсін жау жаулап кеткенде елі үркіп, Доғалақ тоқалы жүкті екен, оны жұртқа тастап кетеді. Ертеңіне жау келіп жұртта баласын алып отырған әйелден елдің жай-жапсарын сұрап біледі. Таудың арғы жағында жатқан елдің жылқысын жау айдап әкеліп, әйелге қалағанын сұратады. Әйел кәрі құла айғырды сұрайды. Жау жылқыны алып кетеді. Таң алдында құла айғыр қатты бір кісінепті, ертеңі кешке жылқының жартысы қайтып келіпті. Келесі күні тағы жартысы келеді. Бірнеше күннен соң Үйсін батыр еліне келсе, елі жоқ. Тау жақта бір арбаның ізін көреді. Сол ізбен келсе, жылқының ішінде әйелі баласын алып отыр. Әйел мән-жайды айтады. Ары қарай Жанарыстан, Бекарыстан шежіре таратады.
Қолжазбаның атауы
Адай руы туралы аңыз, Түрікпен Адай руы туралы аңыз
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Адайдың екі ұлы болды. Оның біреуі Құдайке, екіншісі Келімберді. Құдайкенің үйі, малы суға ағып кетеді. Үй-малдан айырылған соң інісі Келімбердіге келіп қоныстанады. Екі көзінен айырылып, қаріп болып қалады. Бір күні Келімбердінің үйіне жалғыз басты Түрікпен әйелі келіп паналайды. Келімбердінің жұбайы сол Түрікпен әйелді қайнысына алып беруді ұсынады. Келімберді: «бұл әйелді не қыласың?» депті. Келімбердінің жұбайы: «Дәретке отырған жерін көрдім. Әлі бір-екі бала табуға шамасы келеді» деп айтады. Сол Түрікпен әйелді Құдайкеге алып берген соң одан бір ұл туады. Сол Түрікпен әйелден тапқан баланың есімін Түрікпен Адай деп қояды.
Қолжазбаның атауы
Адай туралы
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Қазақ жерін қалмақ шапқанда, екі буаз әйелмен бір жетім бала (Темір) және бір бойдақ жігіт (Естай) жарға тығылып, аман қалады. Естай, Темір мен аяғы ауыр екі жеңгесін қалдырып, өзі Сыр бойындағы ағасы Қыдырқожаға барады. Киім-кешек, азық-түлік алып келіп, екі жеңгесі мен жетім інісін Сырға алып келеді. Темір аман-есен келген соң Қыдырқожа оны Есен-Темір деп атайды. Ағасы Естайға Анайы деген қызды тарту етеді. Анайыны Қыдырқожаның немере қызы деп кейде айтады. Анайы шамамен 16-17 жасында ұл тауады. Ұлдың атын Адай деп атайды.
Қолжазбаның атауы
Адай мен Таздың туысқан болуы
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Темір деген ұлы жүздің батыры еді. Сол елдегі әділетсіз хандардың бірін өлтіріп, кіші жүздің еліне келіп паналайды. Темір батыр барлық шындықты жасырмай Қыдырқожаға баяндап береді. Қыдырқожа жылқысының билігін Темірге басқаруға береді. Осы арада Қыдырқожаның қызымен ойнап ол жүкті боп қалады. Қыз оны әке-шешесіне білдірмей төбе басына тастап кетеді. Баланы Қыдырқожа тауып алып бәйбешесіне береді. Бәйбішесі оны өз ұлы Тазға «тәрбиелеп, аман өсір» деп аманат етеді. Таздың өзі де кірме бала екен. Оны кезінде Қыдырқожа бағып алған екен. Таз баланы Адай деп атап, өзіне іні етіп алады. Сол кезден бастап «Адай мен Таз» туысқан болып қалды дейді.
Қолжазбаның атауы
Көкжарлы мен Бура
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Шежіреде Найман руынан тарайтын Көкжарлы және Бура руларының аталу тарихы сөз болады. Бұлардың екі есімді болуы олардың батыр ағалары Саржомарт шешімімен болған екен. Бақана (Көкжарлы) мен Бақанастың (Бура) күндестіктің салдарынан өзбектерге сатылып кетеді. Саржомарттың көмегімен еліне оралып, ұрпақтары өсіп-өнеді. Олардың басын біріктіріп ру атын әйгілеу мақсатымен туыстарын басшы сайлап, есімдеріне тайпа атын бергендігі туралы айтылады.
Қолжазбаның атауы
Адам әлейһисаламнан бері қарайғы ұрпақ, руларға дейінгі шежіре
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Жырда Адам атадан бастап кейінгі руларға дейінгі шежіре жырланады. Басқа шежірелерден айырмашылығы адам, кісі есімдері мен ру атауларында біраз өзгешеліктер бар.