∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

«ПРОЗАЛЫҚ ФОЛЬКЛОР - Аңыз - Топонимдік аңыз» айдарының архиві

Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы

Қолжазбаның атауы
Тайатқаншұнақ
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Шапқыншылық заманда Мерген деген аңшы болыпты. Шайқастардың бірінде қолға түскен қалмақ қызы олжа ретінде Мергенге беріледі. Біраз уақыт өткеннен кейін қалмақ қызы құлан етіне жерік болады. Содан аңшы құлан іздеп, дала кезеді. Іздеген аңы жолыға қоймайды. Бір күні мерген алдындағы беткейден құланды көзі шалып қалады. Аңшы көрген аңын дәлдеп, атып жіберсе, құлан деп атқаны тай болып шығады. Оның бір жақ құлағы жоқ шұнақ екен. Кейін сол биікті ел «Тайатқаншұнақ» деп атап кетеді.
Қолжазбаның атауы
Тарбағатай
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Ертеде Тарбағатай тауын қалмақтар мекен еткен. Қаптаған суыр түні бойы ащы дауыстарымен шаңқылдап, маза бермепті. Қалмақтар суырды «тарбыға», ал тауды «тай» деп атайды екен. Сонан осы биікті «Суырлытау», яғни «Тарбағатай» деп атап кетеді. Таудың осы атауы күні бүгінге дейін сол қалпында сақталған.
Қолжазбаның атауы
Сымтас
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Бай қызын ұзатпақ болып, қызының жасауын дайындап жатып қызынан: «Енді не сұрайсың?» дегенде, Қызы: «Сықырлауығым сырлаусыз, босағам бояусыз бара жатырмын» дейді. Ашуға булыққан әкесі қызының тойымсыздығына ренжіп: «Әй, тойымсыз неме тасқа айналғыр» дейді. Бір сәтте бүкіл ел, мал-мүлкі, жұрты тас болып, тасқа айналып кетеді. Сол жердегі тас бейнелері адам мен мал бейнелеріне ұқсас болғаннан кейін бұл жерді «Сымтас» деп атап, осындай аңыз пайда болған екен.
Қолжазбаның атауы
Сарыарқа
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Баяғы өткен заманда Сарыарқа жері тұруға өте қолайсыз жазық дала болыпты. Елінің қамын ойлаған Асан қайғы Тәңірден жерінің тұруға ыңғайлы болуын өтінеді. Тәңір де Сарыарқаның байтақ даласына көз салып, еш тұлдырсыз жаратқанына ыңғайсызданады да, қоржынынан ірі кесектер іздейді. Алайда ірі кесектер жер бетіне үлкен таулар болып жұмсалып кеткен екен, тек ұсақ кесектер ғана қолына ілінеді. Көп ойланған Тәңірі қойнауы берекеге толы боларлықтай етіп, ұсақ қиыршықтарды шаша салады. Сол кезде ұсақ қиыршықтардан Көкшетау, Баян, Қарқаралы, Қызыларай, Ұлытау сияқты таулар пайда болған екен.
Қолжазбаның атауы
Отаутас
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Байдың жалғыз қызына бір шал құда түседі екен. Тойдың қамын жасап жатқан кезде қыз бір кедей жігітпен қашыпты. Ашуланған бай қыз бен жігітті қуғыншыларына өлтірпек болады. Жетіп қалған қуғыншыларды көргенде қыз Құдайға жалбарынып көмек сұрайды. Сол кезде алдында тұрған үлкен тас қақ айрылғанда екеуі кіріп кетеді. Тастың қайта жабылғанын көрген қуғыншылар кейін қайтады. Тастың мүсіні отауға ұқсағандықтан осылай атапты.
Қолжазбаның атауы
Ортау
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Бұрынғы заманда Күшікбай деген бір бай болыпты. Оның малдарын ұры-қары ұрлап тыныштық бермейді екен. Бір күні Күшікбай таң намазына тұрса, ауылдан бір шақырым қашықтықта бір қос пайда болғанын көреді. Ақсақал баласын жіберіп, өзінің атқосшысын шақыртады. Атқосшысын қостың жағдайын білуге жібереді. Сөйтсе, бұл қолының қысқалығынан ғашығына қосыла алмай, ауып келген Қарпық елінің Ортау деген жігіті екен. Өзі батыр болғандықтан Күшікбай бала ғылып, ақбоз үй тігіп жанына қондырып алады. Бұрын дәндеп алған ұры-қарылар талай түн жамылып келіп, мал ала алмайды. Осыдан бастап, Ортау жігіттің аты барлық елге тарай бастайды. Бір жаугершілікте ерлік көрсетіп «Батыр Ортау» атанады. Талай-талай қиян-кесті заман өтеді. Ақсақал Күшекең қартайып қайтыс болады, ал Ортау батыр болса, жас егделеп қалады. Күшікбай қайтыс болар шағында ауыл адамдарын жинап алып, Ортау батырға батасын беріп: «Осы ауыл, енді, Ортау ауылы болсын, сен осы елдің қалғанына ие бол!» – деп өсиет айтады. Содан бастап осы мекен «Ортау ауылы» атанып кетеді.
Қолжазбаның атауы
Оралбай тауы
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Қарағанды Ақтоғай тас жолының бойында, руы Әлтеке Жидебай батырдың күзек салған «Жидекеңнің жер үйі» деген жер бар. Жидекең бір жылы осы күзегінде отырғанда үлкен баласы Оралбай келіпті. Ол кезде жер-суға көп ат беріле қоймаған кез болса керек, үйінің іргесіндегі аты белгісіз биік тауды Жидекең «Оралбай» атапты. Оралбайдың мінезі ақкөңіл, аңқылдаған адам екен. Құрдастары оған бабаң Дос батыр, әкең Жидебай батыр осы өзің қандай боласың десе, ақкөңіл кісі: «Жаман болсам әкем Жидебайдай болармын» депті.
Қолжазбаның атауы
Оқжетпес
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Ерте заманда Көкшетау маңын бір батыр мекендепті. Кәсібі бүркіт салып, аң аулау болыпты. Ол кезде Көкшеге ауып келген «Оралдың ақиығы» атты орасан күшті бүркіттер мекендейді екен. Бір күні батыр аң аулап келе жатып, биік таудың басында адам тәрізді бірдеңені жем қылып тұрған бүркітті көреді. Сол арада мерген: «Апырмай-ай, мұның жемі адам болғаны ғой», деп ойлап, бүркітті көздеп, садағын тартып жібереді. Зулаған оқ үшкір таудың ортасынан аса, көзделген шың тасқа жетпей, қайтып жерге түсіпті. Оғын жеткізе алмайтынын білген мерген үйіне қайтып келсе, әлгі бүркіттің жемі өзінің қызы екенін естиді. Ашынып-күйінген батыр: «Ең болмаса, қызымның сүйегін қолымнан көмейін» деген оймен тауға қайтып барып, өрмелеп шығып, қызының сүйегін тауып алады. Қызын сол таудың етегіне жерлейді. Одан кейін сол тауға «Оқжетпес» деп ат қояды.