Ерте замандарда бір атақты бай өмір сүріпті. Оның көрікті бойжеткен қызы болыпты. Әлгі қызға батырлығымен елге танылған Едіге деген жігіт ғашық болып, айттыруға туыстарын жібереді. Қыз да, әкесі де оған қарсы болмай, уағдалып тарасады. Алайда, қызға қалмақ ханы да құда түседі. Ел әбігершілікке түседі. Бай Едігені шақыртып алып, бүкіл жасауымен қызын қосып береді де, бір елеусіз жерге аттандырып жібереді. Көш бір тауға жеткенде қар жауып, аяғы боранға ұласады. Байдың қызы таудың ығы бар тереңдеу сайына там үй салдырады. Кейін сол өңірді жерсініп кетіп, қоныстанып қалады. Бара-бара қоңсылары көбейіп, үлкен ауылға айналады және қыздың алғаш үй тұрғызғаны ескеріліп, ел ауылды «Қызкеніш» атап кетіпті.