«ПРОЗАЛЫҚ ФОЛЬКЛОР - Аңыз - Топонимдік аңыз» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Топар
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Аңызда Топар мен Жандар деген ағайындылардың қалмақтарды жеңгені жайлы айтылған. Қалмақтар мынадай шарт қойған екен: бұқа мен бұқаны сүзістіріп, айғыр мен айғырды төбелестіріп, балуан мен балуанды күрестірейік деген. Сонда қазақтың бұқасы да, айғыры да, балуаны да жеңіске жетіп, қалмақтар жерді бейбіт жолмен тастап кеткен.
Қолжазбаның атауы
Толағай
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Баяғыда Арқада өмір сүрген жұрт ел қорғайтын батыры болуын арман етіпті. Күндердің күнінде бір отбасында алтын айдарлы бала дүниеге келеді. Бала күн санап өседі. Туған-туысқандары баланы «Толағай» деп атайды. Бір күндері елде қуаңшылық болып, ел күйзеліске ұшырайды. Еліне көмегін тигізгісі келген Толағай дана ақсақалға барып, ақыл сұрайды. Ақсақал жаңбырдың жоқтығы таудың болмауынан екенін айтады. Толағай ақсақалдың нұсқауымен Алатауға барып, еліне тау беруін өтінеді. Баланың ерлігіне риза болған Алатау бала тауды Толағайға арқалатып жібереді. Ұзақ жол жүрген Толағай елінің шетіне іліне бере тізесі бүгіліп, құлап түседі де, ұйқыға кетеді. Арқасындағы таудан басылып қалған Толағай күні бүгінге дейін ұйықтап жатыр дейді. Сол тауды ел «Толағай» деп атап кетіпті.
Қолжазбаның атауы
Терісаққан
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Елге жауыздығымен белгілі Айтық деген ханның төрт ұлы болған екен. Өлер алдында хан ұлдарынан билеп отырған жұрттың малын жеп, байлығы мен атағын сақтап қалуға уәде алады. Кенже ұлы әкесінің сөзіне келіспеген соң, үш ағасы аяқ-қолын байлап, өзенге лақтырып жібереді. Содан бері сол өзен басқа үш өзенге қарама-қарсы ағатын болыпты.
Қолжазбаның атауы
Теректі
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Ерте заманда Ермек деген батыр елінде еншілеп кеткен бір бәйге атын қайтарып алмақ болып, жолға аттанғалы жатқанда, жолдасы тұрып: «Енді біз қай жерде кездесеміз?» деген екен. Сонда Ермек: «Егер мен күрең бәйгімді алып қайтсам, осы тұрған жеріміздің жол жиегінде бір теректен қиған таяқты шаншып кетем, ол менің олжалы қайтқандығымның белгісі болмақ» деген екен.
Қолжазбаның атауы
Теміртау
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Теміртау бұрын Жауыртау аталса керек. Қарабайдың қызы Баян ғашығы Қозыға моншағын, домбырасын, сәукелесін бір жігіт арқылы беріп жіберіпті. Ұзақ жол жүріп бір таудың қасына кеп демалайын десе, әлгі жігіттің арқасы жауыр боп қалған екен. «Жауыртау» атануы содан дейді.
Қолжазбаның атауы
Тәтті ауылы
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Жыл сайын көктемде осы өңірге бір жұп сарыала қаз ұшып келеді екен. Мұның біреуі кедей жігіт, екіншісі байдың сұлу қызы болса керек. Екі жас үйленбекші болғанда қыздың әкесі наразы болыпты. Жігіттің әкесі екі жасты қазға айналдырыпты. Содан бері әлгі екі қаз жұп жазбай жүреді екен.
Қолжазбаның атауы
Тәтті ауылы
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Бір бай перзентке зар болады. Қартайған шағында сүйікті әйелі жүкті болыпты. Бір күні әйелі өзен аңғарында жүріп қыз босаныпты. Бай сол ауылдың игі-жақсыларын шақырып, қызының есімін Тәтті қойған екен. Бірақ сол қыз шілде айларында өзенде шомылып жүріп, батып кетсе керек. Кейбіреулер бұл жердің Тәтті аталу себебі, мұнда ең бірінші орыс қызы Татьянаның қоныстануы десе, кейбіреулері судың тәттілігінен дейді.
Қолжазбаның атауы
Тайатқаншұнақ
Қолжазбаның жанры
топонимдік аңыз
Қысқаша мазмұны
Бір байдың баласы болмай, төрт әйел алған екен. Төртінші әйелі екіқабат болып, құлан етіне жерік болады. Сары Мерген жанына он бір жасар ұлын алып, құланды іздеп шығады. Бірнеше күн жүріп, аңшы мерген қос шоқыны мекендеген құланға кез болады. Баласына құланды екінші шоқыдан бері қарай қашыруын айтып, өзі мылтығын кезеп тұрады. Қашып келе жатқан құланның қақ маңдайынан оқты тигізіп, еліне баласынан хабар жеткізеді. Ауылға әкелген соң құланның құлағы шұнақ, өзі тайдай ғана кіші екенін көріпті. Содан бері сол мекен «Тайатқаншұнақ» аталған екен.