Бұрынғы заманда Күшікбай деген бір бай болыпты. Оның малдарын ұры-қары ұрлап тыныштық бермейді екен. Бір күні Күшікбай таң намазына тұрса, ауылдан бір шақырым қашықтықта бір қос пайда болғанын көреді. Ақсақал баласын жіберіп, өзінің атқосшысын шақыртады. Атқосшысын қостың жағдайын білуге жібереді. Сөйтсе, бұл қолының қысқалығынан ғашығына қосыла алмай, ауып келген Қарпық елінің Ортау деген жігіті екен. Өзі батыр болғандықтан Күшікбай бала ғылып, ақбоз үй тігіп жанына қондырып алады. Бұрын дәндеп алған ұры-қарылар талай түн жамылып келіп, мал ала алмайды. Осыдан бастап, Ортау жігіттің аты барлық елге тарай бастайды. Бір жаугершілікте ерлік көрсетіп «Батыр Ортау» атанады. Талай-талай қиян-кесті заман өтеді. Ақсақал Күшекең қартайып қайтыс болады, ал Ортау батыр болса, жас егделеп қалады. Күшікбай қайтыс болар шағында ауыл адамдарын жинап алып, Ортау батырға батасын беріп: «Осы ауыл, енді, Ортау ауылы болсын, сен осы елдің қалғанына ие бол!» – деп өсиет айтады. Содан бастап осы мекен «Ортау ауылы» атанып кетеді.