Ерте заманда Көкшетау маңын бір батыр мекендепті. Кәсібі бүркіт салып, аң аулау болыпты. Ол кезде Көкшеге ауып келген «Оралдың ақиығы» атты орасан күшті бүркіттер мекендейді екен. Бір күні батыр аң аулап келе жатып, биік таудың басында адам тәрізді бірдеңені жем қылып тұрған бүркітті көреді. Сол арада мерген: «Апырмай-ай, мұның жемі адам болғаны ғой», деп ойлап, бүркітті көздеп, садағын тартып жібереді. Зулаған оқ үшкір таудың ортасынан аса, көзделген шың тасқа жетпей, қайтып жерге түсіпті. Оғын жеткізе алмайтынын білген мерген үйіне қайтып келсе, әлгі бүркіттің жемі өзінің қызы екенін естиді. Ашынып-күйінген батыр: «Ең болмаса, қызымның сүйегін қолымнан көмейін» деген оймен тауға қайтып барып, өрмелеп шығып, қызының сүйегін тауып алады. Қызын сол таудың етегіне жерлейді. Одан кейін сол тауға «Оқжетпес» деп ат қояды.