∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞
Қолжазбаның атауы
ءمۇسليما قىزدىڭ جۇمباعى / Мүслима қыздың жұмбағы (Екі жұмбақ)
Қолжазбаның жанры
Жұмбақ айтыс
Қысқаша мазмұны
Он сегіздегі Мүслима елге екі ауыз өлеңмен жұмбақ жариялап, шешкен адамға тиетіндігіне уәде етеді. Бір қасиетті мақұлық көкте де емес, жерде де емес, байлаусыз, тіреусіз күн кешеді, адамға жақындаса, бақытқа бөлейді. Екіншісі — отыз екі құлағы бар, жиырма бұйрығын орындасаң, он екісі адалыңа қарар деп өлең еткен екен. Бірінші Жұмбақты Һамай деген құс болар. Ол жерге қонбай, жұмыртқасын аспанға салады деп жобалапты Әбілқасым Наурызбайұлы. Екінші жұмбақтың шешуін Түсіп Сансызбайұлы өлеңмен «намаз» деп шешеді. Қарсақбайдан Мүслима қыз табылмағандықтан, жұмбақтың қорытындысы шықпай қалыпты.
Қолжазбаның атауы
مۇسا مەن تىلەۋباي ايتىسى / Мұса мен Тілеубай айтысы
Қолжазбаның жанры
Айтыс.
Қысқаша мазмұны
1913 жылы, шілде айының бас кезінде Қаракесек Сауранбайұлы Мұса ауылына қайтып келе жатып, он тақта жерге егін салып, суарып жүрген шаруа Қойлыбайұлы Тілеубаймен айтысады. Тілеубай: «Менің күшім — өмірлік азығым, сол күш арқылы жер көгертіп, бала-шағамды асырап жүрмін. Ал сен болсаң еліңдегі семьяңды тастап, ел кезіп қаңғырып жүрсің», — деп қағытады. Айтыс аяғында Мұса жеңеді.
Қолжазбаның атауы
رعىن مۇسا پۇشىق پەن كەرەي ءدارىجان قىزدىڭ ايتىسى / Арғын Мұса пұшық пен керей Дәріжан қыздың айтысы
Қолжазбаның жанры
Айтыс.
Қысқаша мазмұны
1712 жылы Орта жүздегі Шақантай батырдың келіні ұл туып, той жасайды да, тойға балуан, әнші, күйші, айтыс ақындарын әдейілеп шақырады. Оған 18 жастағы ақындық өнері еліне таралған Дәріжанды арнайы алдыртады. Дәріжан елдегі беделді адамдар арасында өзінің қадірін танытқан Мұса пұшықтан өзін жоғары ұстайды. Мұса қыздың атастырған адамы сақау, өзіне тең еместігін келтіреді де, халық алдында беделін түсіріп жеңеді.
Қолжазбаның атауы
مۇسا پۇشىق پەن اققىزدىڭ ايتىسى / Мұса пұшық пен Аққыздың айтысы
Қолжазбаның жанры
Айтыс.
Қысқаша мазмұны
1914 жылы қазіргі Жезқазған облысы, Шет ауданы, Қасқабұлақ деген жерде Тобықты Қалдаубай Бейсембек байдың асы өтіп жатқанда арғын ішіндегі қаракесек Мұса пұшық Ахметтің Аққызымен кезігіп айтысады. Айтыстың кезінде байлардың ұрлық, өсек-өтірікпен күні өткен өмірі, сол кездегі байлардың қанды тырнағына түсіп, жәбір-жапа көрген Әнет баба, Еспембет, Еңлік, Кебек сияқты азаматтар жайлы айтылып отырады. Мұса да, Аққыз да тіл өткірлігі жағынан бір-бірімен тең түсіп отырғанмен, Мұса Аққыздың 49 бас малға сатылып, байдың бүкір Әлібек деген баласына зорлықпен келгенін желеу етіп, жеңіп кетеді.
Қолжазбаның атауы
ۋبالا مەن جىعا قىزدىڭ ايتىسى / Қубала мен Жыға қыздың айтысы
Қолжазбаның жанры
Қыз бен жігіт айтысы.
Қысқаша мазмұны
Қубала мен Жыға қыз бірқатар, қанаттас өскен адамдар. Руы — Масқар. Қубала Жыға қыздың ауылындағы бір тойға келіп, Жыға қыздың ән салып отырғанын көріп, ән үзілісімен айтысқа шақырады. Жыға қызға Қубаланың ауылындағы егделенген, әйелі өлген адамның 80 өгізбен құда болғанын, билігі болмай, соған еріксіз байланып жүргенін ілік етіп, Қубала жеңудің жолын табады.
Қолжазбаның атауы
قۇل اقىننىڭ قىزدارمەن ايتىسى / Құл ақынның қыздармен айтысы
Қолжазбаның жанры
Қыз бен жігіт айтысы.
Қысқаша мазмұны
Садыр елінде бір байдың төрт қызы өлеңді қосылып айтып, жігіттерді шыдатпапты. «Бөрік кигеннің намысы бір» деп жігіттер өлеңші бала — Құлды алып барыпты. Құл қыздардың мінін сұрап алып, бір-екі ауыз өлеңмен жеңіп кетіпті. Риза болған соң елдің төресі байға айтып, Құлды құлдықтан босатады. Содан той-думанды Құл ақын ғана бастайтын болыпты. Бір тойда тағы бір ақын қыз той бастапты. Мұны естіген Құл қызға өлеңмен дүрсе қоя береді. Бірақ ақын қыз тапқыр екен. Құл ақынды сөздің орайында мүдіртіп тастайды. Құл ақын: «Өмірде бір-ақ адамнан бетім қайтты», — деп айтып отырады екен.
Қолжазбаның атауы
قويشى بالا مەن باي قىزىنىڭ قاعىسقانى / Қойшы бала мен бай қызының қағысқаны
Қолжазбаның жанры
Қыз бен жігіт айтысы.
Қысқаша мазмұны
Айтыста жігіт пен қыздың аты-жөні айтылмаған. Айтыс «Қойшы баланың тойға барып, байдың қызымен қағысқаны» деп аталады. Демек, бір қойшы бала тойға өз бетімен барып, байдың қызымен айтысқа түседі. Қыза келе екеуі бірін-бірі жамандап, тіл тигізеді. Айтыс бірнеше өлеңнен құрастырылған, қолжазбалар жинағына енген. Он бір буынды қара өлең үлгісіне құрылған, көлемі шағын.
Қолжазбаның атауы
قوبىلاندى مەن كوكشەبۇلبۇلدىڭ ايتىسى / Қобыланды мен Көкшебұлбұлдың айтысы
Қолжазбаның жанры
Айтыс.
Қысқаша мазмұны
Айтыс Әлім Байқошқар ішінде болады. Сөзді Көкшебұлбұл бастайды. Екеуі де туған жерін, атақты адамдарын мақтайды. Бірін-бірі жамандауға дейін жетеді. Қобыланды Науша батырдың Сайлыбайды өлтіргенін айтады. Егестен жұрт төбелес шығаратын болған соң айтыс тоқталады. Қобыландыны Сарыбөпе би бастаған адамдар алып кетеді.