«ПРОЗАЛЫҚ ФОЛЬКЛОР - Аңыз - Шежірелік аңыз» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
Қожамберді
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Қожамберді Хиуада жұмыс істеп жүрген кезде түрікпен бегінің әйелімен көңілдес болады. Оны бек байқап, Қожабердінің көзін жоюға шешім қабылдайды. Қожамберді оны сезіп, түрікпен бегін өзінің сенімді досы Әбділрахман арқылы өлтіртеді. Қожамберді бұдан кейін Әбділрахман мен өз кенже інісі Сырлыбайды Сыр бойына қашырып жібереді. Қожамберді біраз сонда қалады. Ал кейін өзіне қауіп төнген соң, Сыр бойына қашуға мәжбүр болады. Хиуада қашар алдында түрікпен әйелге: «Егер ұл тусаң, оның атын Қожамберді деп қой, ал қыз тапсаң, кім деп қойсаң өз еркің» депті. Түрікпен әйел ұл туып, оның атын Қожамберді деп қойыпты. Кіші Қожамберді өскен соң Сырға келіп, өз әкесін іздейді. Ол Сырда өз елін тауып алған соң оған кіші Қожамберді немесе Түрікпен Қожамберді деп ат қойған екен.
Қолжазбаның атауы
«Қаракесек» деп Ұланақтың аталу себебі
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Ұланақ жарлы, кедей және оқшауда болған жан еді. Ешкіммен араласпай, адамға мезірет айтпайтын. Бір күні Ұланақтың үй-жайы өртеніп қалады. Өрттен тек ғана қара кесегі мен күлі қалады. Оны көрген адамдар табалау мақсатында «әшейінде қара кесегі шығып жүретін сорлының, енді қара кесегі қосылып қара күлі шығыпты ғой» деп айтыпты. Сол кезден бастап Ұланақты «Қаракесек» деп айта берген көрінеді.
Қолжазбаның атауы
Қарамашақ руының төртқара болып атануы
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Әлімұлына Жаманақ (Шекті), Қарамашақ (Төртқара), Айнық (Қарасақал), Ұланақ (Қаракесек), Тегінболат (Қарасақал), Тойқожаны (Ақ кете) жатқызады. Аңызда Әлімнің үшінші ұлы Қарамашақ жайлы болып отыр. Қалмақтар қазаққа жиі шабуыл жасап жүрген кезең болатын. Солардың арасында Құба қалмақтары қазаққа шабуыл жасап мал-мүлкін талан-таражға салып, бала-шағаларын тұтқынға алып, шығыстан батысқа қарай билік құрған еді. Құба қалмақтары енді әлім руының қарамашақ деген балаларына шабуыл жасап, жерлерін тартып алуға бел байлады. Әлім балалары кеңес құрып, құба қалмақтарына қарсы шығуға ақылдасып жатты. Кеңеске қарамашақ уақытысында келе алмады. Кеңеске келген адамдар біреуді жіберіп, Қарамашақ руының қай жерде келе жатқанын қаратады. Жас жігіт қарап келіп: – Алыстан төрт қара көрінді. Олар адам ба, әлде мал ма? Оны айыра алмадым, – деді. Сол көрінген төрт қара қарамашақтар болып шығады. Содан бастап «Төртқара» деп аталып кетті.
Қолжазбаның атауы
Исатай мен Махамбеттің үрім-бұтағы
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Шежіре схема түрінде берілген. Қыдуар палуаннан Қыдырқожа, Нәдірқожа, Нәдірқожадан 7 ру, ал Қыдырқожадан он екі ата байұлы: Алаша, Байбақты, Масқар, Тана, Қызылқұрт, Беріш, Адай, Есентемір, Ысық, Шеркеш, Таз, Жаппас. Беріштен Тыныс, Наурыз, Бақай, Дәулет деп ары қарай схемамен берген.
Қолжазбаның атауы
Есентемір
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Арғын руының ішінде Темір Құбаның ұлы деген кісі болған еді. Темір еліне сыймай, Сыр бойындағы Қыдырқожа деген байдың қолына келіп паналайды, жылқысын бағады. Байдың қызы Күміспен Темір жақындасып қояды. Күміс жүкті болып түнде босанады. Баланы некесіз тапқаны үшін жолға шүберекке орап, талға іліп кетеді. Бай егер заңсыз сәбидің туғанын естісе, Темірдің басын шабуы мүмкін еді. Сол себепті туған нәрестені талға іліп кетеді. Сәбиді Қыдырқожа тауып, бәйбішесіне береді. Бәйбішесі оны күңге береді. Темір байдың жылқысын жұттан аман алып келеді. Бай Темірге: – Аман-есен келдің, – депті. Бай қуанып, риза болыпты. Байдың бәйбішесі қызы Күмістің некесін қидырып, Темірге қосады. Тағы Күміс жүкті болып, ұл туады. Ұлдың атын Есен деп қояды. Әкелі-балалы екеуінің аты қатар айтылып, Есентемір деген ру атына ие болған.
Қолжазбаның атауы
Есентемір
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Есентемір Қыдырқожа байдың жылқышысы еді. Қыдырқожа бай жұтқа ұшыраған кезде Есентемірдің есімі Темір болған. Темір жылқыға жайлы қоныс іздеп «Шетпе» деген елдімекенге барып қоныстанды. Сол жылы қыс қатты болды. Темір бірнеше жігітпен бірге жылқыларды қыстан аман-есен алып шығарды. Байға малдың келе жатқанын хабарлайды. Бай Темірге риза болып, аман-есен келгені үшін «Есентемір» деп атақ берді. Солай Темір енді «Есентемір» атанды.
Қолжазбаның атауы
Есентемір туралы
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Есентемірдің азан шақырып қойған есімі Темір еді. Ол шеттен келіп, Қыдырқожаға паналанған. Бір жылы қыста байдың жылқысымен отарға кетеді. Жазғытұры жылқыны түгел аман-есен айдап алып келді. Бай оның қайратына разы болып, «есен» деген сөзді қосып, оған әйел алып береді. Осыдан кейін ол «Есентемір» атанған екен.
Қолжазбаның атауы
Жетіру жайлы
Қолжазбаның жанры
шежірелік аңыз
Қысқаша мазмұны
Қазақ үшке бөлінеді. Олар: Ақарыс – Ұлы жүз, Бекарыс – Орта жүз, Жанарыс — Кіші жүз. Жанарыстан бір ұл болады. Оның атын Майқы би қойыпты. Майқы бидан үш бала: Садырқожа, Надырқожа, Қыдырқожа деген туылады. Надырқожа өсіп, үй құрады. Көп ұзамай Надырқожа аяқ астынан өліп, бала қалмай, әйелі жас қалып, тентек болған соң, ешкім оны алмады. Садырқожа мен Қыдырқожа да оны алудан бас тартады. Сол себепті тұл қатын болып отырыпты. Біраз өткен соң сол әйел буаз болып, бір ер бала туыпты. «Некесіз тудың» деп ағайындар онымен араласпаған. Сонда қатын ерегесіп: «осы ұлдың дүниеге келуіне жеті еркектің етегі тиіп еді, мұның атын «Жетіру» қоям» деп, Жетіру қойған екен.