∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы

Қолжазбаның атауы
Бай болып көргенім жоқ.
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Көкшетау жеріне аты шыққан Бөкейдің бес көкжалының бірі Ескей деген кісі Есіл бойына ұзатқан Бибі деген қызының үйіне келеді. Алыстан келген әкесіне қызының үйі мол қылып ет асады және сол ауылда сіңірі шыққан кедей, бірақ, сөзге шешен Дүйсенбі деген жігітті байдың көңілін көтеру үшін шақыртады. Дүйсенбі Ескейді сөзден жеңе беріпті. Тіпті, соңында Дүйсенбінің кедейлігін бетіне басып жеңбек болғанда да, Дүйсенбі орынды уәж айтып сөзден тоқтатады.
Қолжазбаның атауы
Әубәкірді мен көрдім
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
1918 жылдары он тоғыз жастағы қазақ жігіттерін әскерге алады. Сол қазақ полкі тәртіпсіз болып, «бай-жуан тапқа қарсы!» деген дақпыртпен Құнанбай ауылына шабуыл жасап, елін тонапты. 1921 жылы Қарабұжыр болысында съезд болып, соған қатысқан екі жігіт сол тонаушылардың ішінде болған екен. Әбубәкір соның біреуінен он бес бесті даулап барады. Жігіт ештеңе алмағанын айтады. Сот талапкер мен айыпкерді жеке сөйлестіреді. Сонда Әубәкір он бес бесті даулап, бір бестіге келісіп келгеніне елдің адамдарының көңілі толмайды. Екінші жігіттен бес бесті даулайды. Одан да ештеңе ала алмай қалады. Осы жерде төрт жастағы Әубәкірге берген Абайдың сыны расқа шыққаны дәлелденеді.
Қолжазбаның атауы
Әубәкір
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Боздақтың Әубәкірі деген ақсақал ел аузындағы ертегі, қисса, аңыздарды жақсы білген екен. Өз жанынан да бірер ауыз қағытпа сөздер шығаруға шебер, қу тілді болған көрінеді. Бірде Әубәкір ауылдасы Бәкір деген адаммен жолсерік болып келе жатады. Екеуі биік бір таудың жанынан өтеді. Сол таудың атын ұмытып қалған Бәкір Әубәкірден сұрапты. Сонда Әубәкір оның ұмытшақтығын бетіне басып, қағыта жауап берген екен.
Қолжазбаның атауы
Әріптің Абайға жауабы
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Ақтайлақ бидің немересі Әріп ақын Семейде оқып жүреді. Абайдың Семейге келгенін естіп, амандасуға келеді. Сонда Абай сол жерде тұрып үйдегі мен сырттағыны бір ауыз өлең қып айтуын сұрайды. Сонда Әріп іркілмейді. Абай «жарайсың!» деп, қасына отырғызады. Енді кездескенде Абай оған тағы да өлең айтқызады. Келесі бірде Абайды жолдастарымен Ертіс бойында кездестіріп сәлем берсе, Абай сәлемін алмай: «албасты қандай болады?» деп сұрайды. Әріп: «Албасты тап сіздей болады»,– деп жауап береді де өз жөніне жүре береді. Жолдастары аң-таң болып қалады. Олар үйге келген соң, сізге ауыр сөз айтқаны несі деп сұрайды. Сонда Абай: «Ол бала – Ақтайлақ бидің немересі. Ол мені сөккен жоқ. Сөзіме жауап берді», – деп жауап береді.
Қолжазбаның атауы
Әрине, әрине
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Ауылға мал ұрлауға келіп, ұсталып қалған ұрының қойған сұрақтарының бәріне «әрине, әрине» деп жауап беріп сытылып кетіп, мал иелерін сан соқтырып кеткен оқиғасы баяндалады.
Қолжазбаның атауы
Әп-әдемі келіншек
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Бір келіншекті күйеуі менсіне бермейді екен. Негізінде сымбатты әйел болса керек. Қайынсіңлісі жеңгесін жақсы көреді екен. Сүйікті қайынсіңілісінен мақтау естіген жеңгесі өзін ағасының көзінше мақтауын өтініпті.
Қолжазбаның атауы
Әңгіме
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Әңгімеде Сағындық деген кісі туралы айтылады. Сағындық жасы жетпіске таянған уақытта Көкшетау жаққа ұзатылған қарындасы Назымды іздеп жолға шығады. Жолға шыққан жолаушы өткен-кеткенді аңдыған жеті жігітке тап болады. Астындағы атын тартып алмақшы болған тонаушыларды Сағындық өзінің ақыл-айласымен, қара күшімен жеңеді. Жеті жігіт енді елді тонауды доғаратындарын айтып, уәде береді. Кейіннен тонаушы жігіттер өзінің құда балалары екенін біледі. Құдалар айып-пұл төлеп, ат мінгізіп, шапан жауып, Сағындықты үйіне дейін өздері апарып салады.
Қолжазбаның атауы
Әкесі мен қызы
Қолжазбаның жанры
Әңгіме
Қысқаша мазмұны
Әкесі ұзатылып бара жатқан қызына күніне бір жіптен бойына іле беруі керектігін айтады. Қызы күнде таңертең бір сабақ жіпті етегіне іле беріпті. Бір жылдан соң әкесі келсе, қызының етегі толған жіп көрінеді. Әкесі қызын шақырып алып, мұның не екенін сұрайды. Сонда қызы әкесінің сөзін еске салады. Әкесі қызының адам болмайтынын айтып, қайтып алып кеткен екен.