∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы

Қолжазбаның атауы
Үш жігіттің хикаясы
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан
Қысқаша мазмұны
Бұл дастанда үш жігіттің бастан кешкен оқиғалары баяндалады. Бірінші жігіт Бағдат шаһары патшасының қызын суреттен көріп ғашық болады. Көп қиындықты жеңіп қызды табады. Екінші жігіт Шам қаласына “сауда жасауға бара” жатып, қарақшыларға ұсталып, әрең дегенде құтылады. Бір елді мекенге жетіп, бір жанұяны паналайды. Үшінші жігіт өзінің ақын екендігін айтады. Тартқан күйін тек көгершін ғана тыңдайды екен. Бір күні көгершіндер оны аспанға алып кетеді. Жігітті ханның сұлу қызы қарсы алады. Қыздың шартын орындай алмағанына қайғырады.
Қолжазбаның атауы
Қарға қиссасы
Қолжазбаның жанры
хикаялық дастан
Қысқаша мазмұны
Қарға батыр ешқашан ешкімге айтпаған сырын, сүйген жары Гүлсімге қалай үйленгенін баян етті. Мал ұрлауға Сіргелі еліне барып, түнде бір үйдің жанында тұрған екі атты байқайды. Қарға дереу екі атты басқа жерге байлап қояды. Бір қызды ертіп келген жігіт аттарын іздеп кетеді. Қарға жаңағы аттарды қыздың жанына әкеледі, Қыз дереу екінші атқа мініп, жолға щығып кетеді. Ауылдан алысқа шыққан соң ғана қыз басқа адаммен кетіп бара жатқанын ұғады. Түнделетіп қашып бара жатқан қыздың оқиғасы былай екен: қызды жарыместеу байдың баласына бергелі жатыр екен. Одан құтылу үшін қыз басқа жігітпен сөз байласып, түнделетіп қашпақшы болған әрекеті екен. Маңдайыма жазғаны осы болса деп, амал жоқ Қарғамен ілесіп кете береді. Кедей Қарғаның қызды түсіретін үйі де, күйі де жоқ еді. Қалша деген досын табынның батырлары Бұхарбай мен Сейілге жібереді. Сейіл жігіттің назары төмен болмасын деп, мал шығарып, үлкен той жасайды, Қарғаға енші бөліп береді. Қарға елде қалған Гүлсімнің шешесінен кешірім сұрап, дауласқан елден алдынан өтіп, шындықты айтып, сол елге күйеу болып қайтады. Сүйгенімен баянды өмір кешеді.
Қолжазбаның атауы
Қарқабат
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан
Қысқаша мазмұны
Үрім патшасы Қарқабат Перзент көрмей дүние салады. Орнына патша болған уәзірі Зұлмат өліп кеткен патшаның заңды мұрагерінен қауыптеніп, одан құтылу үшін зәңгілерді жұмсап, әйелді жапанға апарып өлтірткізеді. Зәңгілер қатынның ішін жарып тастағанда, баланың денесіне пышақ дарымай, тірі қалады. Екі жолбарыс баланы тауып алып, бағып, тәрбиелейді. Жолбарыстың сүтін еміп өскен баланың күш-жігері айрықша болады. Баланың есімін Шерқуат қояды. Шерқуат ержеткен соң Зұлматты шауып, қызы Құндызшаға үйленіп, мұратына жетеді.
Қолжазбаның атауы
Айжан — Жанша
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан
Қысқаша мазмұны
Ноғайлы елінің қатал ханы Манап атақты мерген Түменге «Он күнде тоқсан қара түлкі атып әкел деп», – бұйырады. Бұйрығын орындай алмаған мергенді жәбірлеп, адам аяғы баспаған орманға апартып тастайды. Түмен осы жерде Айжан деген сұлу қызға кездеседі. Қыз оған қалмақ батырларының қолына түсіп, тұтқын болып жүргенін, өзінің сүйген жігіті Жаншадан адасып қалғанын айтады. Түмен қалмақ батырларын айламен өлтіріп, қызды өзінің сүйген жігіті Жаншаға табыс етеді.
Қолжазбаның атауы
Зергер мен ұстаның хикаясы
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан
Қысқаша мазмұны
Үш жүз қаланы билеген Қамсыз патшаның Хасен атты жалғыз ұлы болады. Оған шебер ұста ағаш ат әкеліп сыйлайды. Ағаш ат екі адамды алып ұшуға арналған. Хасен байқаусызда жерден әп-сәтте аспанға көтеріледі, қайта жерге қонады. Бір шалға кездесіп, бала болып жүреді. Бір ханның баласымен достасып, жиын-тойларда бірге болады. Хасен бір кітаптан асқан сұлу қыздың суретін көріп, оған ғашық болады. Хасен аңсаған қызын тауып, күнде ұшып барып, бірге болып жүреді. Қыз жүкті болып қалады. Әкесі қызымен жылда бір көрісіп тұрады екен. Сол әдеті бойынша бас уәзірін ертіп қызына келеді. Ол: «Қызыңыз бұрынғыдай емес, өзгерген», – деп құлаққағыс қылады. Кінәлі жанды іздейді. Сиқыршы кемпір сарайға сыр жағып кетеді. Оны байқамай басып қалған Хасеннің табанынан бояу кетпей қояды. Патша бүкіл елін жиып, шетінен тексерткенде, Хасен іздеген адамы боп шығады. Тұтқындалып, дар алдына әкелінеді. Бір сәтте: – «Намаз оқуыма рұңсат етіңіздер», – дейді Хасен. Тілегі қабылданған ол ағаш атын лезде жөндеп жіберіп, аспанға бір-ақ шығады. Арлы-берлі шүйіліп кеп сүйген сұлуын да алып кетеді. Елі-жұртын аман-есен тапқан Хасен, ата-анасын қуантып, өзі әкесінің орнына патша болып, қайын жұртына елші жібереді. Екі жақты да разы етеді, сөйтіп мұратына жетеді.
Қолжазбаның атауы
Шаһзада батыр
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан
Қысқаша мазмұны
Бір шаһардың патшасы қайтыс болып, әйелі екі қабат күйінде жесір қалады. Ол аман-сау босанып, ұл табады. Ұлының атын Шаһзада қояды. Шаһзада өз қатарынан озып туған батыр болады. 18 жасқа келгенде қыз таңдауға кіріседі. Сол шаһарға әкесінің орнына патша болған кісінің Сақыпжамал деген қызы бар екен. Соған үйлен деп қариялар ақыл айтады. Патшаның қызы тұрған үйді жүз кісі күзетеді екен. Шаһзада сол жүз кісімен төбелесіп, бәрін де қырып салып, қыз жатқан үйге кіріп барады. Қызбен сөйлесе келе Шаһзада батыр бұл қаланы өз әкесі билегенін, осы тақ Шаһзаданың әкесінің тағы екенін айтады. Қызды сүйетінін білдіреді. Екеуі сөз байласады. Ертеңіне патша қызы тұратын ордаға бөтен адамның келгенін сезіп, бөлмені енді мың кісіге күзеттіреді. ПІаһзада батыр мың кісіні тағы да өлтіріп, қыздың қасына келеді. Келесі түні бұл хабарды есіткен патша қызын күзетуге өзі тұрады. Бұл жолы ІПаһзада батыр қыздың әкесімен таң атқанша соғысады. Ертеңіне бірін-бірі жеңісе алмаған соң, патша өзінің үш жүз батырын жіберіп Шаһзаданы байлап әкелуді бұйырады. Мұндай әділетсіздікке қыз төзе алмай, Шаһзадаға ара түсіп, патша мен Шаһзаданың арасын келістіреді де, өзі ІПаһзадаға қосылып, мұратына жетеді.
Қолжазбаның атауы
Рауан батыр 5-қисса
Қолжазбаның жанры
Хикаялық дастан
Қысқаша мазмұны
Рауан әрі патша, әрі батыр, оның билігіне тоқсан шаһар қарайды. 40 әйелінен екі қыз, бір ұлы болады. Дәулеті мен атағы, даңқы шар тарапқа тарайды. Рауан бір күні батырлармен аң аулауға саяхат жасайды. Алдарынан гауһар мүйізді бір киік қашады, соны қуа-қуа бұлар адасады. Патша киікті Қарақасқа тұлпарымен бірнеше күн қуып жете алмайды. Ақыры киік бір қалаға келіп тығылады. Рауан киікті қуа-қуа қалаға келеді. Келсе ешкім болмай шығады. Қаланы аралап жүріп, сарай ішінде отырған бір сұлу қызды көреді. Қызды қаланы жалмаған айдаһардан құтқарады. Патша жолдастарын тауып алып, үйіне келсе, балалары жоқ, кім ұрлағаны белгісіз. Сұрау салғанымен табылмайды. Олжалаған сұлу қызбен дәурен сүріп, патшалығын құрып жата береді. Бірақ патша барған сайын шөптей қурап, жүдей береді. Ауруын қаратуға Үңгіртастағы әулиеге барады. Әулие бал ашып, патшаның үйленген сұлуының айдаһар екенін, амалын тезірек жасамаса ажалының жақын екенін айтады. Рауан патша үйіне келіп, әулиенің ақылымен темір үй салып, қызды темір үйдің ішіне кіргенде өртеп өлтіреді. Күндердің бір күнінде үйіне келген бір мейманның залымдығынан Рауан патшаның екі иініне жылан пайда болып, күніне екі адамның миын жейді. Рақия дейтін бір ақылды әйелдің көмегімен патша бұл жыланнан да көп бейнет көріп, зорға дегенде құтылады. Рауан патша енді балаларын іздеп, ұзақ сапар шегеді. Қойқап тауының етегіне, патша арып-шаршап, әлсірей жығылады. Осы кезде таудың күзетшілері дию-перілер келіп, Рауанды ұры деп Уақап патшаға апарып, зынданға салады. Зынданда Нөсен патшамен танысады. Нөсенмен дос болады. Бір күні Уақап патша Рауанды шығарып алып, бар сырын ашып, балаларының тірі екенін айтады. Осыдан кейін бұл екеуі де достасып, сауық-сайран құрады. Бұлар осылай қызықтап жатқанда, Рауанды аңдып жүрген жылан малғұн қыз болып келіп, соғыс ашады. Дию-перілер қаптайды, жер бетін өрт шалады. Рауан патшаның екі қызының асқан ерлігімен, баяғы Рақияның көмегімен сұм жыланды тағы өлтіреді. Рауан патша 9 жыл мехнат көріп, Уақап, Жирентай патшаның достық жәрдемімен аман-есен балаларына қосылады. Асыл жиһаздарымен еліне қайтып, сиқырлықпен тас қылып тастаған ауыл-аймағын тұтқыннан босатып, мұратына жетеді.
Қолжазбаның атауы
قيصه زينه ظايوب / Қисса Зина-Зайуб
Қолжазбаның жанры
хикаялық дастан
Қысқаша мазмұны
Ертеде Ғалам деген патшаның Зина-Зайуб атты сұлу қызына бір байбатша ғашық болады. Уәделескен жерге Зина-Зайуб қырық нөкер қыздарымен үш рет келеді, бірақ байбатша ұйықтап жатады. Зина-Зайуб оның шынашағына ұйықтатпайтын дәрі жағады. Келесі күні байбатша патша сарайына келеді. Түн ортасы ауғанда ұйықтайын десе, шынашағы дуылдап ұйықтатпайды. Осы кезде Зина-Зайуб нөкер қыздарымен келіп, бай-батшаға сәлем береді. Қырық қыз екеуін бір оңаша үйге кіргізеді. Ақырында патша Зина-Зайубты байбатшаға қосып, қырық күн той қылып, қызын ұзатады.