«АВТОРЛЫҚ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ» айдарының архиві
Қазақ қолжазбаларының қысқа сипаттамасы
Қолжазбаның атауы
كەتە ءجۇسىپ پەن قاڭلى ءجۇسىپتىڭ ايتىسى / Кете Жүсіп пен қаңлы Жүсіптің айтысы
Қолжазбаның жанры
Ақындар айтысы.
Қысқаша мазмұны
Айтыс жазба түрінде болып, бір-екі жылға созылған. Қаңлы Жүсіп Нақыпқожа дегенді «домбыра алып, өлең айттың, атаңның жолын қумадың» деп сөгеді. Екеуінің арасында айтыс басталғанда оған Ешнияздың Жүсібі келіп қосылады. Ескі аңыздан мысал келтіреді. Айтыс тоқталмайды. Екі Жүсіптің арасына Кеңесбай және Ғаббас деген адамдар басу айтады. Оларға да бірден тоқталмай, екі ақын жазба түрде айтысып барып қояды.
Қолжазбаның атауы
Мұрат пен Тыныштық
Қолжазбаның жанры
Ақындар айтысы.
Қысқаша мазмұны
Тыныштықпен айтысқан Мұрат қай ауылдан аттанып, қай ауылға қонып түстенгенін, жолшыбай елдің мал басы мол екенін бір айтып алады да: «Енді Тыныштықтай егде адаммен айтыс дегендерің, беріштер, сендердің маған еткен қорлықтарың», — деп қағыта сөйлейді. Мұрат Құсайын дегеннің қарындасын алып қашып, масқара болғанын, ел ішінен шыққан белгілі адамдардың артық-кем жағын сөз етеді. Айтыс он бір буынды қара өлең үлгісінде құрылған.
Қолжазбаның атауы
Мұрат ақын мен Ізім шайырдың айтысқаны
Қолжазбаның жанры
Ақындар айтысы.
Қысқаша мазмұны
Мұрат ақын той болып жатқан ауылдан сусын ішіп, енді аттанайын деп жатқанда Ізім шайыр келіп, өлеңмен қағытып, тиіседі. «Мен қарамын, бурамын, танамын, алдымнан келсең, аламын, артымнан келсең, шаламын, көлденеңнен кезіккен көк атты, жөніңді айт», — дейді. Мұрат ақын: «Қара болсаң, моласың, тана болсаң, келімсексің, темір болсаң, жоның жоқ, қабатын болсаң, қабансың, бура болсаң, түйесің…», — деп бастырмалатып, бетін қайтарып тастайды.
Қолжазбаның атауы
Мұраттың Жылқышы деген ақынмен айтысы
Қолжазбаның жанры
Ақындар айтысы.
Қысқаша мазмұны
Мұрат пен Жылқышы руларынан, аталастарынан шыққан батырларды сөзге арқау ете айтысады. Айтыс он бір буынды қара өлең үлгісіне құрылған.
Қолжазбаның атауы
Мұрат пен Жантолы айтысы
Қолжазбаның жанры
Айтыс.
Қысқаша мазмұны
Мұрат пен Жантолының айтысы екі адамның қағысу үлгісіндегі қысқа айтыс, Мұнда Мұрат ақын өз құдағиы Жантолының үйіне келіп, аттан түспей-ақ өлеңдетіп, сөзге тартады. Жантолы оның айтқанына көнбей, өз дегенінде болады. Күйеуі қойсайшы десе де, Жантолы өзі ұрынған адамға кешірмейтіндігін сездіреді.
Қолжазбаның атауы
Мұрат пен Бала Ораз айтысы
Қолжазбаның жанры
Ақындар айтысы.
Қысқаша мазмұны
Ойылдың бойындағы Көкжар деген жерге Мұрат ақын, қасында Алдаберген деген мырза бар, Бала Оразды іздеп барады. Ақын жоқ екен, екеуі бір жылдан кейін кездеседі. Әдет бойынша айтысушылардың екеуі де өз руларын, жерлерін, ерлерін мадақтайды. Соңында: «Өткен заман істерін айтқаннан гөрі осы күнгі тірілерді мақта», — деп Мұрат жеңеді.
Қолжазбаның атауы
Қыз бен жігіт айтысы
Қолжазбаның жанры
Ақындар айтысы.
Қысқаша мазмұны
Базарға мейіз сатуға келе жатқан керуеншілер арасынан қалжыңнан шығарып, қыз бен жігіт айтысады. Ел жайлауындағы ескі тұрмыс, еңбекшілердің төрт түлік малмен айналысып, оны өзге заттарға сауда арқылы ауыстырып, тұрмыс, тіршілік ететіні жайында айтылады. Жігіт Балқия қыздың сөзді орнымен тез табатынын аңғарады. Айтыс тең түсіп отырады.
Қолжазбаның атауы
Құлтума мен Намаз айтысы
Қолжазбаның жанры
Ақындар айтысы.
Қысқаша мазмұны
Құлтума ақын аталып, өзімен айтысқан ақындарды жеңіп жүрген кезінде жас ақын Намазбен бір аста кездесіп айтысады. Құлтума «Сәлем бермедің» деп Намазға тиіседі. Айтыс үстінде Құлтума өзінің жақын туыстарын ғана жақтаса, Намаз ақын жалпы халыққа сүйенеді. Және өзінің білімділігін көрсетіп, ақырында жеңеді.