∞ Қазақ қолжазбалары ∞ ₸ ∞ Qazaq qoljazbalary ∞ ₸ ∞ قازاق قولجازبالارى ∞ ₸ ∞ Қазақ қолжазбалары ∞

Қазақ қолжазбаларының жеке сипаттамасы

Кемпірбай мен Әсет. Кейде "Кемпірбай ақынның өлер алдында Әсет ақынмен қоштасуы" деп те аталады.

1. Реестрдің идентификаторы
2. Қолжазбаның атауы (түпнұсқалық атауы)
Кемпірбай мен Әсет. Кейде «Кемпірбай ақынның өлер алдында Әсет ақынмен қоштасуы» деп те аталады.
3. Авторы (Айтушы)
1. Кемпірбай Бөгенбайұлы (1844-1898). Қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданынан. Арғынның Қаракесек руынан. Өзін «Қаздауысты Қазбектің әулетімін» дейді. Ол негізінен айтыс ақыны. 2. Әсет Найманбайұлы (1864-1923). Бұрынғы Қарқаралы уезі, қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданы, «Қызыларай» совхозында туып, Қытай Халық Республикасындағы Құлжа қаласы маңындағы Көкқамыр деген жерде қайтыс болған. Ол сауатын Көктұмадағы (Семей облысы, Мақаншы ауданы, Бақты селосы) медреседе ашады. Жастайынан ақындық, әншілік өнерімен танылады. Айтыстарда көзге түседі. Көптеген дастандар шығарған.
4. Жинаушы, тапсырушы:
Баймұратов Нұрлыбек (1887-1969). Қазіргі Семей облысы, Бесқарағай ауданынан. Белгілі халық ақыны. Ол ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, насихаттаумен де шұғылданды. 1939 жылдан СССР Жазушылар одағының мүшесі.
5. Қашан, қайда жазылған (қорға түсуі, экспедициясы)
Белгісіз.
6. Мекеме (қор иесі)
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты.
7. Шифры
Ш. 232 (ӘӨИ)
8. Бет, жол саны, өлшемі
Б.2, П.1, Ж.30; 29х17, 20х10
9. Материалы (қағазы, сиясы), жағдайы
Қолжазба қазіргі қазақ әрпімен машинкаға басылған. Қолжазба ақ қағазбен тысталып, түптелген. Өлең жолдары әр бетке бір қатардан орналасқан.
10. Қолжазба графикасы
Кирилл әрпі. Арабтық үлгімен беттелген.
11. Жанры
Ақындар айтысы.
12. Қысқаша мазмұны
Қазақтың белгілі ақыны Кемпірбай қартайып, аурудан төсек тартып жатқанда жас ақын Әсет ақын өлеңмен көңілін сұрайды. Кәрі тарлан ауырып жатса да, басын көтеріп, домбырасын қолына алып, өлеңмен жауап қайтарады. «Әсетжан, осы аурудан өлем білем, Алланың аманатын берем білем, Кеудемнен көк ала үйрек «қош» деп ұшты, Сол, шіркін, кәрі жолдас өлең білем», – деп ауру жайын айтып, Әсетпен қоштасады. Баймұратов Нұрлыбек нұсқасы толық он бір буынды өлең үлгісіне құрылған.
13. Басы:
Ассалаумағалейкүм, ей, Кемпірбай, Дертіңе шипа берсін қадір құдай.
14. Соңы:
Семейде топырағым болар білем, Кемпірбай дұға қылсын бейшараға.
15. Қосымша мәлімет
1. Қ. 332 (ӘӨИ). Әсет пен Кемпірбай. Жинаушы Ауатанов Тайыр, а. – ә., 1960. 1-дәптер. 25-28-б. 2. Қ. 675 (ӘӨИ). Әсеттің Кемпірбайдың көңілін сұрай келгені. Жинаушы Жапақов Маясар. Тапсырушы Байділдаев М., Адамбаев Б. а – ә., 9-дәптер, 198-202-б.
16. Сандық көшірменің болуы
Бар.
17. Сипаттаманы дайындаған:
Ернат Жаманбалинов.